Жөндеуден өтіп, жаңарған

Жөндеуден өтіп, жаңарған әлеуметтік нысандардың ашылу салтанатынан фоторепортаж Елбасы бастамасымен дүниеге келген «Жол картасын» жүзеге асыруда сәтбаевтықтар ерледі. Арнайы бөлінген қаржыға қаламыздағы бірден он әлеуметтік нысан күрделі және ағымды жөндеуден өтіп, жаңарып қалды. Жалпы облысымыз бойынша айтсақ, Қарағанды облысына он екі миллиардтан астам қаржы бөлінді. Қомақты қаржыға тұтас облыс көлемінде 596 әлеуметтік нысан жөнделіп, 34 мың азамат жұмыспен қамтылды. Кеншілер қаласына 405 миллион 682 мың тиесілі болып, бұл қаржының барлығы игілікті жұмсалып, көзге көрінетін нәтиже берді. Атап көрсетсек, ұзақ жыл жөндеу көрмей, құлазып тұрған он нысанда – Весовая кентіндегі №12 мектепте, «Мерей» балалар үйінде, жасөспірімдер мен балалар спорт мектебінде, туберкулезге қарсы диспансерде, №3 кәсіптік лицейде, Балалық шақ үйінде, балалар мен жасөспірімдер кітапханасында, Б.Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапханада, сонымен қатар Весовая кентіндегі отбасылық кітапханада, Сәтбаев – Малшыбай автожолында жөндеу жұмыстары өтті. Қала күні қарсаңында «Жол картасы» аясында жанданған, жөнделген осы нысандар салтанатты түрде ашылып, көпшілік атқарылған жарқын істердің куәгеріне айналды. Он екінші қыркүйек күні алғашқы болып балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ашылу салтанаты өтті. Спорт ордасының жөндеу жұмыстарына 6 миллион теңге бөлінген. Қуантай Мейрамов басқаратын «А.Ж.А.Р – 4» ЖШС-і тендерді ұтып алып, барлық жөндеу жұмыстарын мойнына алған. 1973 жылы іргесі қаланған мектеп биыл тұңғыш рет кең ауқымды жөндеуден өткен екен. Ең алдымен мектептің қасбетіне, кіреберіс холлға күрделі жөндеу жасалған. Қабырғалар тегістеліп, төбе жабындысы жаңартылған, мектепке кіретін есіктерден бастап кабинет есіктеріне дейін ауыстырылған. Еденге линолеум төселіп, күллі сантехника ауыстырылған. Осындай жөндеуден соң ашылып тұрған мектепке көз сүйсінетіндей екен. Мұны салтанатта сөз алған қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева да атап өтті. – Спорт мектебі расымен-ақ жөндеуге мұқтаж болатын. Елбасы қамқорлығының арқасында сол жөндеуді іске асыра алдық. Қаржы бөлініп, мектеп жаңарып шыға келді. Біршама қиындықтарға қарамастан біздің спортшыларымыз кеншілер қаласының абыройын асыруда. Жеңіс тұғырынан көп көрінеді. Алда да солай табыстан табысқа жете берулеріңізге тілектеспін, – деді Марал Сағынайқызы. Бұдан соң жаттықтырушыларды, жас спортшыларды қуанышпен Жезқазған кенті әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Л.Әлкебаева, ардагер ұстаз, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Е.Соборова құттықтады. Салтанат келесі кезекте марапаттаумен жалғасты. Қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева таяуда ғана жеңіл атлетикадан ел біріншілігінде І орын және алтын алқа жеңіп алған спорт мектебінің шәкірті Аслан Агабубаевты жеңісімен құттықтап, естелік сыйлық тапсырды. Салтанатты ашылу рәсімі келесі кезекте Весовая кентіндегі отбасылық кітапханада жалғасты. Бұл нысандағы жөндеу жұмыстарын мердігер «Нұр СтройГарант» ЖШС екі миллион теңгеге атқарған. Қуанышқа жиналғандарды алғашқы болып қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Ж.Аймторин құттықтады. Ж.Аймторин, сондай-ақ бөлім атынан кітапханаға сыйлық тапсырып, жаңарған кітапханада жақсы жаңалықтар көп болуын тіледі. Ашылу рәсіміне арнайы шақырылған кітапхана ісінің ардагерлері атынан көпшілікті, кітапхана ұжымын Бәтима Смағұлова, сонымен қатар мердігер компания басшысы Берік Жағыпаров құттықтады. Жұмысты адал, әрі сапалы жүргізген мердігерге ризашылығын жеткізген кітапхана басшысы О.Владимирова Б.Жағыпаровқа естелікке сыйлық тапсырды. Одан соң жиналғандар кітапхана ішін, арнайы ұйымдастырылған көрмені тамашалап, әсерлерімен бөлісті.

Комментарии закрыты.