Сарыарқаның ерекше самалы

08-3Біз, бәйбішеміз екеуміз, Астанада тұратын немерелерімізге жиі барып тұрамыз. Арада ширек ғасыр өтті. Тың көтерген Ақмоланың кезінде де болып жүрдік. Бүгінгі Астананың әсем де көркем сұлулығы көз тартады. Оның келбеті шетелдердің алып қалаларымен тең түсіп жатыр. Мұнда бой көтерген ғимараттардың архитектуралық құрылымдары бірін-бірі қайталамайды. Кезінде теледидардан көрген шетелдің алып қалалары Арқа төріне көшіп келгендей әсер аласың.

Тәуелсіздіктің жөні бөлек қой, шіркін! Астана салынған аз жылда оған қазақтың зиялы қауымы да айтарлықтай шоғырланып қалды. Олар жаңарған қалаға өзіндік ұлттық сипат дарытып, өркениет сатысына көтере түсері де анық.

Астана қаласының бас сәулетшісі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев екені тегін айтылып жүрген жоқ. Президент іргелі елдерге барған сапарынан сәулеттің қайталанбас әсем үлгісін әкеліп, ұсынады екен. Орыстың бірінші Петрі сияқты ғой. Кейін «Ақ сұңқар» болып өзгертілген «Еуропа палас» мейрамханасы, «Самұрық» деп өзгертілген «Синема Сити» кинотеатры, «Хан шатыры» ойын-сауық отауы ғимараты, тағы басқа әсем құрылыстар осылай дүниеге келген екен.

Жаңадан ашылған көшелер мен даңғылдар жаңа атауларға ие болды. Мәселен, Сарайшық, Сығанақ, Ақмешіт, Түркістан, Орынбор, Сауран деген көшелер қандай жарасып тұр. Лайым осылай бола бергей деген тілекпен отырамыз.

Әкбар Аманжолов, Ұлы Отан соғысының ардагері.

Комментарии закрыты.