Он нәресте өмірге келді

Қала күніне арналған салтанаттардың ішінде дәл кеншілер ордасының туған күні – 13 қыркүйекте өмірге келген нәрестелерді құттықтау рәсімінің орны ерекше. Бұл күні дүние есігін жаңа ашқан сәби де, өмірге ұрпақ әкелген ана да ыстық ықыласқа бөленеді. Жылдағы жарқын дәстүр бойынша биыл да қала күні жарық дүниеге келген кішкентай сәтбаевтықтарды қала әкімі құттықтады. Биыл 13-і қыркүйекте туған нәрестелер саны онға жеткен екен. – Ұлттың ұлы қазынасы – ұрпақ демекші, Елбасымыз қашан да халық санын көбейтуді алдыңғы қатарлы міндет етіп қояды. Соның айғағындай елімізде ана мен бала үнемі мемлекет назарында, оларға қолдан келгенше барлық жағдай жасалуда. Бүгін сіздер аналық парыздарыңызды орындап, өмірге ұрпақ әкелдіңіздер. Халық санын көбейтуге атсалысып жатырсыздар. Осындай ізгі істеріңіз үшін алғыс айтамын, балаларыңыз тек қызығын көрсетсін, өсіп-өне беріңіздер. Еңбекте табысты, отбасында бақытты болыңыздар, – деді аналарды құттықтаған қала әкімі С.Т.Медебаев. Жүректен шыққан ізгі тілектерін жеткізген Советбек Тұрсынұлы, сондай-ақ ұрпақ жалғастырушы жандарға гүл шоқтарын және сәбилердің сүйіншісі деп ақшалай сыйлық тапсырды. Сәті түскенде қалалық аурухананың бас дәрігері Ж.Аханов қала әкімін жас мамандармен таныстырды. Биыл ауруханаға бес жас маман келіп, тәжірибе жинап жатыр екен. Олардың екеуі – Клара Абдуллаева мен Меруерт Есжанова Шымкент қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік универститеті жанындағы медициналық институтты акушер-гинеколог мамандығы бойынша тәмамдаған болып шықты. Бас дәрігер Жомарт Мұзарафұлы қала әкімінен жас мамандарға үй мәселелсі жанынан қолдау көрсетуді сұрады. Өз кезегінде қала әкімі Советбек Тұрсынұлы жастардан қолдан келген көмекті аямайтынын айтып, қолдауға уәде берді. А.Құлашова.

Комментарии закрыты.