Инновациялық білімге негіз

03-3-1Елімізде ғылым мен білімнің әлеуетін жақсарту Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың әр Жолдауында назарынан тыс қалған емес. Тәуелсіздігіміздің жиырма жылында ғылым мен білім саласында жетістіктерге қол жеткізудегі бірден-бір себеп – ол білім ошақтарының техникалық базасының жаңғыртылуы. Осы тұрғыдан алғанда бұл үдерістердің лебі кенді қаланың білім ошақтарында кейінгі жылдары сезіле бастады.

2006 жылы білімнің кемесі атанған №16 жалпы білім беретін орта мектептің ашылғаннан бері қол жеткізген жетістіктері аз емес. Мұнда білім алатын оқушылар қалалық, облыстық, республикалық ғылыми сайыстар мен өнер додаларында талай белестерді бағындырып келеді.

Сегіз жүзге тарта оқушыны білім нәрімен сусындатып отырған білім ошағы биылғы оқу жылын толайым жетістіктермен аяқтап отыр. Мектеп ұжымының басты қуанышы – облыстық Білім басқармасы ұйымдастырған «Орта білім беретін үздік ұйым» гранты байқауында «Материалдық-техникалық жабдықталу мен жарақтандыруды тиімді пайдалану» номинациясын иемденулері.

Сапалы білім беруде мектептердің материалдық-техникалық жабдықталуы үлкен маңызға ие. Бұл орайда білім ордасының жеткен жетістіктері көңілге қонымды.

– Мектеп алғаш құрылған жылдан бері жаңа технологиялар мен тың ізденістерді білім беру жүйесінде қолданып келеді. Мектепте төрт компьютерлік сынып пен жеті интерактивті тақта, оқушыларға жол жүру ережесін үйретуге бағытталған 4 арнайы бөлме жұмыс істейді. Физика, химия, биология кабинеттері де жаңа үлгідегі материалдық- техникалық базамен жабдықталған. Мектеп оқушыларына экологиялық тәрбие беру мақсатында оқу орнында «Тірі табиғат» бұрышы да жұмыс істеуде.

Қазіргі таңда Елбасы Н.Ә.Назарбаев елімізде инновациялық білімді дамытуға баса көңіл бөлуді, оны қалыптастыру білім ошақтарында жүзеге асырылу қажеттігін айтқан болатын. Біз осы бағытты ілгерілетіп, инновациялық білімге негіз салуға ынталы болуымыз керек, – дейді білім ошағының басшысы Қ.Смаилов.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.