Бірқатар нысандарды аралады

03-1-1Жаңа тағайындалған Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар осы апта басында бірқатар қала нысандарымен танысып шықты. Аралауды қала басшысы жаңарту жұмысы жүріп жатқан кеншілер алаңынан бастады.

Қаланың бас сәулетшісі Талғат Айтжанов әкімді облыстық сәулеттендіру, қала құрылысы жөніндегі комиссия бекіткен алаңның жаңа келбетінің макетімен таныстырды. Алаңда бұрынғы плиткалардың орнына брусчаткалық тастар төселеді, гүлзарлар отырғызылады. Орталық алаңда жаңадан музыкалық субұрқақ орын алады. Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайы алдында ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың ескерткіші орнатылады. Бірақ, осы ескерткіштің орны жөнінде пікірталас туындап тұр. Жергілікті атқарушы билік пен қала жұртшылығы Сәтбаевтың ескерткіші қалалық әкімдіктің алдында тұрғаны дұрыс деп ойлайды, бірақ облыстық комиссия оның орны Кеншілер сарайының алды деп бекітіп отыр. Бәрімізге белгілі, қаланың барлық мәдени, саяси іс-шаралары осы орталық алаңда өткізіледі. Ал, енді ескерткіш орнатылатын болса, ондай мүмкіндік болмайын деп тұр. Оған қоса, Қаныш атамыздың келбетін Кеншілер сарайы мен субұрқақтың ортасына қыстырып қойғанымыз қалай болады екен?! Бірақ, бұл жәйттерді Қарағандыдағылар есепке алып отырған жоқ. Осы жөнінде жаңа әкімнің де өзінің көзқарасы бар деп сенеміз.

Қала әкімі Абай көшесі 43-45, Сәтбаев даңғылындағы 88-90 үйлердің маңындағы жаңадан салынған балалардың ойын алаңдарын аралады. Сонымен бірге, Әнуар Серікбайұлы қаланы аралау барысында жасыл желектердің халіне назар аударды. Үйлердің маңындағы бұрыннан жайқалып өсіп тұрған ағаштарды қалыпқа келтіру, қураған ағаштарды, бұтақтарды кесу, гүлзарлардағы гүлдерді арамшөптен тазарту секілді көзге көрініп тұрған кемшіліктерді жауапты тұлғаларға баса айтты. Қаланың жасыл желегін суару мәселесі де өзекті болып тұр.

Кеншілер даңқы алаңындағы жаңадан отырғызылған шыршалар мүлдем су көрмей, сарғайып кеткен. Бұл жақта суаратын су құбырлары жоқ. Кезінде құбырлар «қолды» болып кеткенге ұқсайды. Әкім осы алаңдағы тәртіп сақшыларына да наразылығын білдірді. Шамдарды қиратқандар, ағаштарды сындырғандар олардың назарынан тыс қалған. Олай болса, бұл жерде полиция бекетінің қажеті қанша?! Қала нысандарын аралап болған соң қала әкімінен алған әсері мен түйген ойлары жөнінде сұраған едік.

– Сәтбаев ежелден өз дәстүрі қалыптасқан қала, – деп бастады сөзін Әнуар Серікбайұлы. – Кезінде осы қалада Қанат Сұлтанұлының қарамағында қызмет жасадым. Қаланы көгалдандыру, оны сақтап ұстау, қаланың архитектуралық келбетін көріктендіру, әрине, бірінші кезекте тұруы керек.

Бүгінгі аралаудан алған бірінші әсерім – орташа. Келе салып бәрін жамандау дұрыс болмас. Дегенмен, қаланың көк желегінің халі мәз емес. Қураған ағаштар көп, үйлер маңындағы бұрын отырғызылған ағаштар біраздан бері қалыпқа келтірілмеген, жасыл желектерді суаруда көптеген кемшіліктер көзге көрініп тұр. Сондықтан, Сәтбаевты көгалдандыру, отырғызылған ағаштарды сақтап тұруды маңызды іс деп есептеймін. Соған коммуналдық шаруашылықтардан бөлек тұрғындар да атсалысса деймін. Ең болмаса, есігінің алдындағы қурап бара жатқан ағаштарға назар аударса, оларды суарып, күтіп отыруды тұрғындар өзара бөлісіп атқарса дұрыс болар еді.

Екінші мәселе – қаланың архитектуралық келбеті. Сауда нүктелерінің қас бетінен де қаланың келбеті қалыптасады. Сондықтан, шағын бизнес өкілдері өз нысандарының келбетіне, жарнамаларына баса назар аударып, оларды жаңартса, өзгертсе дұрыс болады, – деді жаңа басшы.

Мәди Әлжаппаров.

Комментарии закрыты.