Діни экстремизм – қоғамның қауіпті вирусы

Ел арасында діни сауаттылықты арттыру мақсатында Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының жанынан құрылған республикалық ақпараттық-насихат топтары бүгінде еліміздің әр аймағында болып, дәстүрлі ислам дінінің құндылықтары мен теріс діни ағымдардың әрекетінен сақтанудың жолдары жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Осындай топтың бірі арнайы іс-сапармен жақында Сәтбаев қаласына келіп, қазіргі таңда өзекті мәселелердің біріне айналған «Діни экстремизмге қарсы күрес» тақырыбында әңгіме қозғады. Ақпараттық-насихат топ құрамында дінтанушы, теолог Рүстем Сыздықов, Атырау облыстық мешітінің наиб имамы Ерсін Әмре және ҚМДБ-ның Жезқазған аймағы бойынша өкіл имамы, Жезқазған орталық Ахмет Ишан Оразайұлы атындағы мешіттің бас имамы Қабылбек Жұмабеков болды.

Қалалық әкімдіктің мәжіліс залында өткен кездесуге мемлекеттік мекеме басшылары, білім беру саласының қызметкерлері, арнаулы оқу орындары мен орта мектептердің ұстаздары қатысты. Басқосуды әкім орынбасары Марал Мәдиева ашып, қонақтардың қаламызға келудегі мақсатын таныстырды. Одан әрі сөз кезегін алған Рүстем Сыздықов еліміздегі діни ахуалға кеңінен тоқталып, жат ағымдардың әрекетінен қалай сақтану керектігін және олардың белгілерін атап өтті.

– Ислам діні қашанда адамның абыройы мен ар-ожданын бәрінен де жоғары қойып, отбасы мен қоғам бірлігін, ынтымағын сақтауға күш салады, барлық тіршілік иесінің бір де біреуіне қиянаттың жасалмауын қалайды. Ислам дінінің басты мұраттарының бірі – адамдар арасында бейбіт қарым-қатынас орнатып, тату-тәтті өмір сүру. Ислам дінінде экстремизм мен терроризм деген түсінік жоқ. Бүгінгі таңда ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптан, дәстүрлі ислам дінінен бейхабар кейбір жастарымыз теріс діни ағымдардың жетегінде кетіп жатқаны баршаға аян. Бірте-бірте тамыр жайып, елімізге келіп жатқан басқа діни ағымдардың көздеген мақсаттары – мемлекетіміздің тыныштығын бұзу, халық арасында іріткі салу. Сондықтан, дәстүрлі емес діни топтардың таралуына тосқауыл қою және азаматтардың діни сауаттылығын арттыру бағытында тек дін өкілдері ғана емес, жалпы қоғам болып жұмыла атсалысуымыз қажет, – деді дінтанушы.

Кездесу барысында жиналған қауымға «Әхли-сүннет уәл-жамағат ақидасы және оның адасқан ағымдардың ақидасынан ерекшелігі» тақырыбында бейне-слайд көрсетілді. Осылайша жиында кейбір діни ұйымдардың экстремизмге қатысты мәселелерін айқындау, оның шешімін табу жолдарын қарастыру жайы талқыланып, жат ағымдардың іс-әрекеті мен арам пиғылының себептері мысалдар арқылы көпшілікке түсіндірілді.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.