Мерекелік жәрмеңке

Осылай деп аталғанмен, бұл жәрмеңкенің бұрынғылардан ерекшелігі бола қойған жоқ. Жергілікті саяжайдың жеміс-жидектері мен көкөністері молынан болғанмен, бағалары қалтаны қағарлық. Оңтүстік өңірден әкелінген қияр, қызанақ, қарбыз бағаларының өткен сенбідегіден сәл ғана төмендегені байқалады.

Ауылшаруашылық және ветеринария бөлімінің берген мәліметтерінше, бұл сенбіде 5 тоннадан аса сиыр, жылқы, қой еттері және 1 тонна шошқа еті сатылған. Сүт және сүт өнімдері ағыл-тегіл болды десе де болады. Бағалары да арзандапты: қымыздың литрі – 350 тг., сүт, айран – 100 тг., қаймақ – 700 тг., ірімшік – 300 тг. Бір байқағанымыз – сәбіз бен картоптың келісі – 120 тг., қызылша – 100 тг., жуа – 80 тг. қалпында, түспей тұр екен.

Ауылшаруашылық жәрмеңкесін аралап, өз көзімен көрген қала әкімі Әнуар Омар жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

– Ең алдымен әлеуметтік дәретхана салу керек. Таңғы сағат 7-ден түскі 2-ге дейін тұрған сатушылардың жағдайлары қалай болмақ?

Саяжайдан әкелінген жеміс-жидектердің, көкөністердің де бағасына талдау жасау қажет. Ет сатып тұрғандардың көбісінің арнайы киімдері жоқ, жалпы тағамдардың, әсіресе, ет өнімдерінің беті жабулы болуы керек, – деді Әнуар Серікбайұлы.

Тапсырманың қаншалықты орындалатынын алдағы сенбідегі жәрмеңке көрсетер.

Майра Смағұл.

Комментарии закрыты.