Рухани-сазды кеш

Ораза қарсаңында Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында қасиетті Рамазан айына арналған «Қош келдің, Рамазан!» атты діни-сазды рухани кеш болып өтті.

Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде қасиетті Құран Кәрім түсіріле бастаған ай. Пенделік қылықтардан мейлінше арылып, рухани кемелдікке жетуге тырысып, Хақ тағалаға барынша жақындауға ұмтылатын мүміндердің тәрбие айы. Он екі айдың ішіндегі ең абзал, ең қадірлі ай саналатын Рамазан айына арналған іс-шараның мақсаты бар мұсылман қауымға парыз етілген оразаның сауабы мен оны ұстаудың шарты жайлы жамағатқа ақпарат беру, жалпы Рамазан айының қадір-қасиеттерін насихаттау болды.

Сәтбаев қалалық Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы мешіт қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен шараға қала әкімі Ә.Омар, қалалық мәслихаттың хатшысы С.Имамбай, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев, әкім орынбасары М.Мәдиева, жергілікті қариялар мен қала тұрғындары қатысты.

Рухани кештің шымылдығын Оңтүстік Қазақстан облысынан арнайы келген қонақ Әлімхан Исманов қари құран оқып ашты. Одан әрі осы кешке арнайы келген қарағандылық жас айтыскер Дидар Қамиев арнауын орындады.

Асыға күткен Рамазан айының келуімен құттықтаған қала басшысы Әнуар Омар жиналған жұртшылыққа «Рамазан айында ұстаған оразаларыңыз бен ниеттеріңіз қабыл болып, барша қазақстандықтардың ынтымақ-бірлігі берік болсын» деген ақ тілегін жеткізді. Келесі болып құттықтаған ҚМДБ-ның Жезқазған аймағы бойынша өкіл имамы Қабылбек Жұмабеков Рамазан айының ерекшелігіне, оразаның құндылықтарына тоқталып өтті. Өз сөзінде Жезқазған орталық Ахмет Ишан Оразайұлы атындағы мешіттің бас имамы Қабылбек Жұмабеков «асыға күткен мәртебелі айда отыз күн ораза тұтып, нәпсісін тұсаулаған жандарды төзімді және сабырлы болуға үндейтін, шүкіршілікке үйрететін, Аллаһтың бізге берген сансыз нығметтерінің қадірін сезіндіретін Рамазан айы – адалдық пен береке, кешірім мен мейірім айы» деп атап өтті.

Іс-шара барысында жақында қаламызда жеке концертін берген жерлесіміз Эльмира Әуелбекова ән салып, жиналған қауымның назарына театрландырылған қойылым мен жергілікті өнерпаздардың орындауындағы діни өлеңдер ұсынылды. Қасиетті айдың құрметіне арналған кеш көптің көңіліне ой тастап, рухани байлық сыйлады.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.