Өнер кеші Астанаға арналды

20130712-16-1-1Өткен аптада еліміздің барлық аймақтарындағыдай кеншілер қаласында да ел ордасы – Астана қаласының 15 жылдығына арналған айшықты шаралар бір-бірімен астасып жатты. Сондай бір рухани іс-шара – қаламыздағы татар-башқұрт этно-мәдени орталығының шығармашылық кеші.

Қаламыздағы Ш. Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өткен бұл шығармашылық кеш Астана қаласының 15 жылдығына арналды. Мұнда татар-башқұрт этно-мәдени орталығының көркемөнерпаздары ән-жырдан, мың бұралған биден шашу шашып, Елорданың торқалы тойына толымды тарту жасады.

– Біздің мәдени орталықтың құрылғанына биыл бір мүшелдей уақыт болды. Осы жылдар ішінде біз кеншілер қаласының мәдени өміріне азды-көпті үлесімізді қостық. Жыл сайын осы уақытта не есептік концерт, не «Сабантой» өткізіп, елге қуаныш сыйлайтынбыз. Сол дәстүр биыл да өзінің жарқын жалғасын тауып отыр. Тек, биылғы кешіміз жылдағыдан өзгеше. Биыл біздің шығармашылық кешіміз Астана қаласының 15 жылдығына арналып отыр, – дейді аталмыш этно-мәдени орталықтың төрайымы Руфина Абузярова.

Төрағаның айтуынша, осыдан 12 жыл бұрын қала әкімінің қолдауымен осы татар-башқұрт ұлттық-мәдени орталығы өмірге келген екен. Содан бері олардың қатары толығып, қанатын кеңге жая түскен. Орталық қатарына татар-башқұрттар отбасымен келіп кіруде. Мұндағы өнерпаздардың ең кішісі төрт жаста болса, ең үлкен мүшесі 78 жастағы қариялар.

Қазір орталықтың тарихи отандарымен байланысы да жолға қойылған. Соның арқасында қалада жексенбілік мектеп жұмыс істеп тұр. Оған қажетті көрнекіліктерді өздерінің тарихи отандарынан алдырып тұруға да еш кедергі жоқ.

– Көркемөнерпаздарымызға арнап мына ұлттық киімдерді де Татарстаннан тіктіртіп алдырдық. Мұндай қарым-қатынас жағынан бізді Үкіметіміз де қолдап отыр. Негізінен Астана қаласы мен Уфа қаласы бауырлас қалалар болып белгіленді. Сондықтан да біз бүгінгі концертімізді Елордаға арнап отырмыз.

Біз үшін Астананың орны бөлек. Астана біздің көз алдымызда көркейіп, қанатын жайып келе жатыр. Ондағы әрбір нысандар біздің көзімізге де, көңілімізге де қуаныш ұялатады. Астана біздің мақтанышымыз, – дейді Руфина Рафиковна.

Шығармашылық кеш көпұлтты Қазақстанның бірлігі мен ынтымағын насихаттайтын әдеби-көркем қойылыммен басталды. Мұнда әр ұлттың биі биленіп, әні шырқалды. Әрине, концерттік бағдарламада татар-башқұрт мәдениеті мен өнері кеңінен орын алып, ұлттық әндер әуелеп, тамаша билер елдің делебесін қоздырды. Жалпы, Астана күніне арналған шығармашылық кеш көрермендердің көңілінен шықты.

Ізтай Белгібайұлы.

Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.