Аймақ басшысы жаңа желіні іске қосты

Астананың 15 жылдық мерейтойына орай жоспарланған Индустрияландыру апталығы аясында «ҚазПласт» ЖШС-нің жаңа желісі іске қосылды.

Атаулы өндірістің ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Бауыржан Әбдішев осыдан екі жыл бұрын Индустрияландыру картасына еніп, ірі габаритті полиэтилен бұйымдар шығара бастаған инвестициялық жоба өз жемісін беріп, кәсіпорын өңір экономикасының өркендеуіне айтарлықтай үлес қосқанын атап өтті.

– Кәсіпорын алғаш іске қосылған сәттен бастап, болашақтағы жаңғырту және кәсіпорынды кеңейту жұмыстары қолға алынған болатын. Міне, біз бүгін кеңірдек үлгісіндегі полиэтилен құбыр­ларын өндіретін жаңа желінің іске қосылу рәсіміне қатысып отырмыз, – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі бүгінгі шара­ның Астана мерейтойымен тұспа-тұс келіп отырғандығын ерекше құрметпен тілге тиек етті. Елорда құрылысына ондаған қарағандылық құрылыс компаниялары қатысып, бүгінде Астана ажарын еселеп тұрған бірнеше бел­гілі нысандар салды. Ал, құрылыс ин­дустриясының кәсіпорындары мың­да­ған тонна құрылыс материалдарын жө­нелтті.

– Астана құрылысы әлі де жалғасуда. Сондықтан, сіздердің кәсіпорынның жаңа желісінде өндірілген сапалы өнім зор сұранысқа ие болатынына сенімдімін. Оның үстіне, бұл жобаның республика аумағында баламасы жоқ, – деп, жаңа желінің маңыздылығына тоқталды Бауыржан Түйтеұлы. Сонымен қатар, бұл жобаның аймақ эконо­микасындағы салалық базаны нығайту Тұжырымдамасының басым бағыты – химия өнеркәсібін да­мытуға зор ықпалы болатынын сөз етті.

– Біз үшін әлеуметтік саладағы тұрақтылық қаншалықты маңызды болса, бүгін іске қосылған жаңа жоба да әр отбасы үшін жұмыс орны, тұрақты айлық жалақы ретінде де маңызды, – деді сөз соңында облыс әкімі.

«ҚазПласт» ЖШС-нің кеңірдек пішінді құбыр шағару желісі 2012 жылы іске қосылған. Жоба құны – 1,5 млрд. теңге. Жобалық қуаты – жылына 5 200 тонна өнім өндіру. 36 жаңа жұмыс орны ашылды. Желі «Unicor», «Krauss Maffei», «IPM», «LRS Planung & Technologie» сынды еуропалық жетекші өнім өндірушілердің қондырғыларымен жабдықталған. Құбырлар еуропалық стандарттың барлық талаптарына жауап бере алатын жаңа үлгідегі жоғары сапалы полипропиленнен жасалады. Қабырғасы екі қабаттан – бірінші ішкі жылтыр қабаты, екінші сыртқы кеңірдек пішінді қабаттан тұрады. Бұл форма құбырлардың төзімділік қуатын арттырып, салмағын жеңілдетеді және тасымалдау мен траншеяға төсеуге қолайлылықты еселейді. Құбырлардың қызмет ету мерзімі – 50 жыл.

Комментарии закрыты.