«Менің жеңісім – сүйікті қаламның жеңісі»

20130712-04-1-1Ән әлеміне қадам басқан Салтанат Серкебаеваның есімі қала жұртшылығына танымал. Асқақ үнді жас әншінің бағындырып жүрген белестері де көңіл қуантарлық. Оқушылар сарайында жаттығып жүргеніне екі жылға таяу уақыт ішінде ол жетекшісі Эльмара Жұбаниязовадан ән орындаудың қыр-сырын меңгеріп келеді.

Өнерін қалалық, облыстық, республикалық байқауларда сынға салған Салтанаттың есімі күні кеше ғана Түркия мемлекетінің Аланья қаласында өткен ІІІ халықаралық «Art Olympia» балалар шығармашылығының байқауында аталды. Алты мемлекеттен 800 бала қатысқан бұл байқауда Салтанат 14-16 жас аралығындағы жасөспірімдердің ән байқауында ІІ орынмен қанжығасын майлап қайтты.

Халықаралық дегейде өткен байқаудың жүлдегерімен жақында жолығып, тілдескен болатынбыз:

– Бұл байқауға көп дайындықпен бардым. Жетекшім Эльмара Жұбаниязова мен көркемдік жетекшім Мадияр Құлашевтың бір жыл бойғы еңбегін ақтадым деп ойлаймын. Әрине, үлкен сахнада, өзге елде өнер көрсетудің жөні мүлде бөлек. Қобалжу мен қорқыныш та болды. Даусымның шықпай қалып жатқан сәттері де кездесті. Алайда, сыр бермей, жеңіске деген құлшынысымды көрсетіп, әнімді сәтті орындап шығуға тырыстым. Қазылар алқасы да осал болмады. Әр мемлекеттен келген өнер саласының майын ішкен майталмандар менің өнеріме жоғарғы бағаларын берді. Бойымдағы өнерді көрсетуге себепші болып, қолымнан жетелеп Оқушылар сарайына әкелген, демеушілік жасаған анам Кенжекүлге, дарынымды ашып, бәйгелерге баптаған жетекшілерім мен Оқушылар сарайының ұжымына, осы байқауға қатысып келуіме демеушілік жасаған азаматтарға алғысым шексіз. Мен бұл жеңісімді сүйікті қаламыздың 40 жылдық мерейтойы мен ел ордасы – Астананың 15 жылдығына тарту еткен сыйым деп білемін, – дейді жүзінен нұр шашқан жас әнші.

«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» деп Абай атамыз айтпақшы, өнерден өз орнымды тапсам деп ізденіс пен ұмтылыс үстінде жүретін Салтанаттың бұл жеңісі қаламыздың мерейі десек артық болмас.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.