Еңселі елорда мерекесі

20130712-08-1-120130712-08-1-2Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылы Ақмола қаласы Қазақстанның астанасы болып жарияланды. 1998 жылдың 6 мамырында ҚР Президентінің Қаулысы бойынша, Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. Тәуелсіз елдің мызғымас нышанына айналған бас қаламыздың туған күні 6 шілдеде аталып өтіледі. Оның себебі, дәл осы күні Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдаған болатын.

Мемлекет басшысының бастамасымен Еуразия жүрегінде бой көтерген елордамыз Астана қаласы бүгінде көркейіп, гүлденіп, келешектің келбетті қаласына айналуда. Бас қаланың мерейлі мерекесіне орай Сәтбаев қаласында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып, қала тұрғындары бұл күнді кең көлемде атап өтті.

«Туған күніңмен, сүйікті Астанам!» атты мерекелік бағдарламаның салтанатты ашылуы Даңқ алаңында болды. Айтулы мерекеге Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар бастаған мекеме басшылары, қалалық мәслихат депутаттары, Құрметті азаматтар, жалпы жұртшылық қатысты.

Жиналған көпшілік алдында қала басшысы Ә.Омар сөз алып, Астананың аз уақыт ішінде әлемдік деңгейдегі саяси, экономикалық және мәдени орталыққа, елінің мақтанышына айналғандығын атап өтті.

– Осындай тәуелсіз мемлекетте, әлемге танылған Елордамызда, кеншілер қаласында керемет мереке өтіп жатыр. Бұл – ұлт тарихында пайда болған маңызды мереке. Баршаңызды осы қуанышпен құттықтаймын, – деді Әнуар Серікбайұлы.

Келесі кезекте «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС Жезқазған аймағы бойынша әлеуметтік нысандарды бақылау бөлімінің басшысы Т.Тәжбенов корпорация басшылары атынан құттықтауын жеткізді. Одан әрі қала басшысы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес алты бала тәрбиелеп өсірген аналарды «Күміс алқа» белгісімен марапаттады. Бұл марапатқа көпбалалы аналар – Бағила Барыстанбаева, Айнагүл Батырбаева, Светлана Войцеховская, Алтынай Жанғасқынова және Роза Ногаева ие болды.

Мереке шығармашылық ұжымдар мен жергілікті өнерпаздардың орындауындағы концерттік бағдарламамен жалғасты. Онда №10 «Қызыл телпек» пен №5 «Нұрбөбек» балабақшаларының тәрбиеленушілері, «Нұр шашу», «Импульс» би топтары, қаламыздың талантты жастары өз өнерлерін көрсетіп, жұртшылықтың зор қошеметіне бөленді. Елорданың туған күнін тойлауға жиналған қала тұрғындары Оқушылар сарайы ұйымдастырған қолөнер көрмесін, «Жасыл ел» еңбек жасағының флеш-мобын тамашалады. Сонымен қатар, «Жайнай бер, жас Астана» тақырыбында плакатқа сурет салу байқауы, спорттық эстафета, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақтан жарыстар өткізілді. Қала басшысы Ә.Омар осы іс-шаралардың барлығын аралап, өз бағасын беріп жатты.

Тәуелсіз Қазақстанның алтын тұғыры – Астананың 15 жылдығына арналған мерекелік іс-шара кешкілік «Даңқ» алаңында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Астана – жас қала» тақырыбында өткен Астана туралы ән орындаушылардың фестивалімен қорытындыланды.

Жезқазған және Сәтбаев қалаларының майталман өнерпаздары мен жас әнші, бишілері өнер көрсеткен фестивальде Астана, туған жер, Отан жайлы әндер шырқалып, әр ұлттың билері орындалды. Алаңға жиналған көпшілік үрмелі аспаптар оркестрінің орындауындағы әсем әуеннің ырғағында би билеп, көтеріңкі көңіл күйде болды.

Қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева фестиваль соңында жиналғандарды Астана күнімен құттықтап, мерекеге атсалысқан өнерпаздарға ризашылығын білдірді. Барлық қатысушылар ұйымдастырушылар атынан Алғыс хат пен заттай сыйлықтарға ие болды. Даңк алаңын той-думанға бөлеген Астананың 15 жылдығына арналған мереке осындай сән-салтанатымен есте қалды.

Мемлекеттік мереке күндері қаламызда дүниеге келген нәрестелерді құттықтау жақсы дәстүрге айналған. Осыған орай, Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар Астана күні туған әйелдерді қуаныштарымен құттықтау үшін қалалық перзентханаға барды. Онымен бірге қалалық мәслихаттың хатшысы Серік Имамбай, әкім орынбасары Марал Мәдиева мен бірқатар мекеме басшылары болды.

Қала әкімі қос анаға гүл шоқтары мен ақшалай сыйлығын табыс етіп, мереке күні туылған нәрестелердің өмірлері ұзақ, той-думанға толы болсын деген тілегін айтты.

Мереке күні сәбилі болған екі ана – Татьяна Калинина мен Жұлдыз Арысованың бұл екінші балалары екен, 3 келі 500 гр. салмақпен туылған екі нәресте де – қыз бала. Татьяна қызының атын Яна деп қойыпты, ал Арысовтар отбасы болса әлі ойлануда. Аналарының айтуы бойынша, екі сәбидің әкелері – «Евротехсервистің» қызметкері Павел Богомолов пен №65 шахтаның жұмыскері Қуаныш Арысовтың қуаныштарында шек жоқ.

– Бүгінгі күн жағымды әрі қуанышты болды. Астананың 15 жылдығында бізге арнайы келіп құттықтаған, құрмет көрсетіп, қамқорлық жасағаны үшін қала әкіміне үлкен рахмет айтамын. Сонымен бірге, сәтбаевтықтарды Елордамыз Астана қаласының туған күнімен құттықтаймын! Астананың мерейтойы – барша халықтың ұлы тойы. Тәуелсіз қазақ елінің мәртебесін көтеретін Астанамыз күннен-күнге қарыштап, өркендей берсін, – дейді жас ана Жұлдыз Арысова.

Марал Шахаева. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.