Фоторепортаж

Тасына тері тамған ғұламаның, Лайық есіміне ұлы ағаның Берекелі күзбен қатар келетін қаламыздың туған күнін сәтбаевтықтар жақсы көңіл-күймен қарсы алып, өз дәрежесінде тойлады. Жылдағы қалыптасқан дәстүрге сай сенбі күні Кеншілер алаңында мерекенің салтанатты ашылуы өтті. Биылғы бір ерекшелік – осы күні «Әрқашан мықты, салауатты болайық» атты ұранмен өтетін «Денсаулық – 2009» республикалық акциясының да ресми ашылуы болды. Тұспа-тұс келген маңызды мерекеге қала халқы көптеп жиналды. Қос мерекемен жиналғандарды Сәтбаев қалалық мәслихатының хатшысы М.А.Ковтун, қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Ш.Қ.Жанасылова, Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бокстан жаттықтырушысы Ж.С.Тулебаев құттықтады. – Құрметті сәтбаевтықтар мен қала тұрғындары. Міне, қала тарихына тағы бір жыл қосылып, қаламыз 36 жасқа толып отыр. Кеншілер шаһарының жыл сайын жаңарып, жайнап келе жатқанына баршамыз куә болып, қуанып отырмыз. Ұлы ғалым, тұңғыш академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың тынымсыз еңбегінің арқасында ірге тасы қаланған жұмысшы поселкесі бүгінде 70 000 халқы бар, экономикасы байыған әсем қалаға айналды. Бұрынғы Никольский поселкесі 1973 жылы 25 желтоқсанда қала мәртебесін алып, 1990 жылдың 13 қыркүйегінде Қаныш Сәтбаевтың есімі берілді. Осы күнді біз ерекше ұлықтап, берекелі күзде қала күнін тойлауды дәстүрге айналдырдық. Баршаңызды туған қаламыздың туған күнімен және денсаулық фестивалінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге мықты денсаулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді М.Ковтун. Қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Комаров көшесінің бойында «Көңілді старттар» ойыны және ағаш отырғызу акциясы өткізілді. Көшенің екі жағында орналасқан №19 және №25 мектептің 1 сыныпқа барған бүлдіршіндері ата-аналарының көмегімен көшеттер отырғызды. Білім бөлімінің әдіскері А.Исахова туған қаламызды көгалдандыруға атсалысып жүрген ата-аналарға рахметін айтып, мерекелерімен құттықтады. Келешекте Бабыр би көшесінде де ағаш отырғызуды жоспарлап отырғандарын жеткізді. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі Жеңіс саябағында мүмкіндігі шектеулі және арбадағы кемтар балалар арасында шахматтан турнир, «Көңілді старттар», «Внимание, на старт» атты спорт жарыстарын ұйымдастырып, балаларға сый-сияпаттар көрсетті. Кеншілер алаңындағы салтанатты жиын соңында қала әкімінің орынбасары А.А.Ким салауатты өмір салтын насихаттауға арналған фестивальді қорытындылап, барлық командаларға қала әкімінің грамоталары мен сыйлықтарын тапсырды. Велосипед тебуден, роликпен сырғанаудан, жүгіруден өткен көпшілік шараға қаланың жалпы және арнайы білім беретін мектептерінен 14 команда, барлығы 600-ден аса бала қатысты. «Көңілді старттар» ойынында І-ші орынды С.Сейфуллин атындағы гимназияның, ІІ-ші орынды №4 Абай атындағы мектеп-лицейдің командалары иеленді. Салтанатты бөлімнен кейінгі бағдарлама қала тарихына арналған театрландырылған көрініспен ашылды. Мерекені қаламызға танымал өнерпаздар – Ж.Омарова, М.Макаров, З.Сүйлейменов, Ә.Бисариев, «Еңлік» би тобы, «Ассорти» квартеті жалғастырып, көшені ән-күйге бөледі. Осыдан кейін қала әкімі С.Т.Медебаев бастаған мекеме басшылары мерекеге орай ұйымдастырылған «Менің сүйікті қалам» атты қалалық өнер мектебінің, талантты жас суретшілердің туындылары қойылған көрмені және тауар өндірушілердің көрмесін аралады. Көрмеге 15 кәсіпкер қатысып өз өнімдерін ұсынды. Мұнда «Сарыарқанан» АҚ, ЖК «Ли», «Курбатова», «Әлімжанова», «Балацкая», «Шевченко» ұннан жасалған тағамдардың түр-түрлерін, «Кедр» цехы жиһаздарын көрсетті. Кешке қала жұртшылығы үрмелі аспаптар оркестрінің концертін, «60-80 жылдар әуені» байқауының және «Сәтбаев жұлдыздары» жастар фестивалінің жеңімпаздарының қатысуымен қойылған мерекелік үлкен бағдарламаны тамашалады. Қала күніне арналған іс-шаралар жексенбі күніде жалғасын тапты. «Алтын Орда» мәдени-сауықтыру орталығында бильярдтан қалалық турнир өткізіліп, оған кәсіпкерлер, «Қазақмыс» корпорациясының жұмыскерлері қатысты. Екі күндік мәдени мерекелік іс-шараны кешке «Сәтбаев – жан қалам» атты концерттік бағдарлама қорытындылады. Гала концерттің шымылдығын халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы «Жігер» ұлт-аспаптар оркестрі ашты. Көрермендер үшін көптен көрінбей кеткен Зоя Иманбаева, Ерік Асанов сияқты Жезқазған өңіріне танымал, сүйікті әншілердің сахнаға шығуы күтпеген сый болды. Екі күнге созылған той «Қазақмыс» корпорациясы «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігі сыйға тартқан мерекелік отшашумен аяқталды. Майра Смағұл.

Комментарии закрыты.