Демалады, ойнайды қуанышқа бөленіп

№1 мектеп-гимназиясының қабырғасында бірнеше жылдан бері «Достық» жазғы сауықтыру алаңы үзбей жұмыс жүргізіп келеді. Алаңның басты ұстанған мақсаты – жас өрендеріміздің жазғы демалыстағы уақыттарын тиімді пайдаланып, олардың шыныққан, білімді, өнегелі болып өсуіне көңіл бөлу.

Биылғы жылы да дәстүрімізден жаңылмай, алаңның жұмысын балалардың игілігі үшін, солардың көңілінен шығатындай деңгейде ұйымдастырып отырмыз. Қазіргі таңда алаңның екінші маусымында 112 әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көп балалы, толық емес, оралман отбасыларының балалары, денсаулығына байланысты есепте тұрған балалар демалып, ойнап, қуанышқа бөленіп жүр.

Мұнда үш мезгіл ыстық тамақ, дәрумендерге бай жеміс-жидектер мен тәтті тағамдар, балмұздақтар да беріледі.

Демалушы балалардың денсаулығына аса көңіл бөлінген. Мектеп медбибісі Орынша Ногурбаева балаларға күнделікті дәрумендер беріп, денсаулығында ақауы бар балалармен жұмыс жасайды.

Алаңда өткізілетін барлық іс-шаралардан тәрбиеленушілеріміз тыс қалмайды. Демалушы балалардың дүниетанымын кеңейту мақсатында қаламыздағы мәдени ошақтарға, көрікті деген алаңдарға серуендер ұйымдастырылады.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында аптасына екі рет олар спорттық-сауықтыру кешеніндегі жүзу бассейніне барып тұрады.

Қорыта айтқанда, еліміздің ертеңі деп үміт артып отырған бүгінгі бүлдіршін жергілікті биліктің мол қамқорлығына бөленіп отыр. Сол үшін бүлдіршіндердің ата-аналары дән риза.

К.Мұхамеджан, «Достық» жазғы сауықтыру алаңының басшысы.

Комментарии закрыты.