Баланы қалай тамақтандырасыз?

Баланы бірінші айында ана сүтімен қоректендіру өте маңызды. Ана сүтінің құрамында нәрестеге керекті деген көптеген дәрумендер және қалыпты өсуіне септігін тигізер басқа да қажетті қосымшалар бар. Баланы мейлінше алты айға дейін емізген жөн. Себебі, табиғи жолмен тамақтанған сәбилер арасында ішек-қуыс жолдары, қан аздық, рахит, өкпе қабынуы, тұмау, ас қорыту жүйесінің бұзылуы сияқты аурулар сирек кездесетіні анықталған.

Ана сүтімен қоректеніп жүрген сәбиге қосымша тамақты тек 6 айдан бастап қана беру керек. Егер тамақ беруді ерте бастасаңыз, балаңыздың асқазаны бұзылады. Дегенмен, қайнаған су беруді ерте кезден бастаған жөн.

Ананың сүті құнарсыз болып, сәбидің қарны тоймаған кезде 4 айынан бастап қосымша тамаққа үйретуге болады. Ал сәбиге 5 айынан бастап жеміс-жидек шырынын бір шай қасықтан асырмай ішкізе бастаған жөн. Шырынның мөлшерін күн сайын аз-аздан өсіріп отырасыз. Сондай-ақ, дүкендер мен дәріханаларда сатылатын дайын пюрелерді де қолдануға болады. Бірақ, олардың дайындалған уақытына мән берген абзал. Сақталу мерзімі алты айдан асқан пюрені алмаған жөн. Өйткені, оған консерванттар қосылғандықтан балаға диатез, аллергия шығуы мүмкін.

Көптеген ата-аналар 1 жасқа дейінгі баласына жарма ұнтағынан жасалған ботқа береді. Ал бір жасқа толмаған балаға жарма ботқасын беруге болмайды. Себебі, жарма ауыр қорытылатын болғандықтан, оның глютеині мен гликогендері ішектердің шырышты қабатын зақымдайды.

Бүлдіршініңіз 6 айға толғанда күріштен, жүгеріден, сұлыдан, қарақұмықтан ботқа беруге болады. Бұл ботқаларға қантты аз қосып сүтке пісірген абзал. Қант баланың денсаулығына өте зиян. Жалпы, сәбиге құрамында қанты көп тағамдарды беруге әуес болмаған дұрыс.

Сәбиді тамақтандырған соң бірден ұйқыға жатқызбай, біраз уақыттан кейін барып бесікке бөлеген жөн, – дейді ана мен бала орталығының маманы.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.