Памперсті пайдалана білесіз бе?

Бүгінде нәрестелерге арналған памперсті пайдаланбайтын ана аз. Аталған жөргек түрінің қарапайым жөргектен біршама артықшылығы бар екен. Мәселен, нәресте терісі тым нәзік болғандықтан, азғантай ылғалдың өзі оны тітіркендіреді. Ал памперс бала терісін тітіркенуден сақтап, қалыпты ұстауға жақсы көмектесетін көрінеді. Алайда, кейбір аналар памперстің пайдасы мен зиянын ажырата білмейді. Сонымен…

– Жалпы, памперстің ылғал сорғыш бөлігі целлюлозадан және желатин тәрізді полиакрилат шариктерден жасалады. Полиакрилат өз салмағынан елу есе ауыр ылғалды сіңіріп және ұстап тұра алады. Оның үстіне бүгінде «тыныс алатын», яғни ауа өткізетін памперстер шығарыла бастады. Олардың сыртқы қабаты ұсақ саңылаулардан тұрады, ал материалы мақта, матаға ұқсас. Осы арқылы бала терісіне ауа жетіп тұрады да, ылғал бу іште тұрып қалмайды. Алайда, дәрігерлер памперсті дұрыс пайдалана білу қажеттігін айтады.

Сәбилерді бір жас алты айлығында түбекке отырғызу керек. Бұған дейін памперсті пайдаланған жөн. Алайда, дәрігер ретінде біз памперсті далаға шыққанда немесе қонаққа, тағы басқа жерлерге барғанда ғана кигізуге кеңес береміз. Оның ішінде ер балаларға памперсті жиі кигізбеген жөн. Бұл сәбидің жетілуіне зиянын тигізуі мүмкін. Сондай-ақ памперстің «Huggies» деген түрін пайдаланған абзал. Бұл сәби денесіне ауа жіберіп тұрады. Ал сапасы нашар жөргектер түрлі аллергиялық аурулар тудыруы мүмкін. Мәселен, біздің емханаға осындай жағдаймен келетін аналар көп. Сондай-ақ, памперс киген баланың ұйқысы тыныш болады, – дейді Гүлмира Джагенова.

– Көптеген аналарда сәбиге памперс кигізу өте зиян деген түсінік басым. Алайда, барлық мәселе оны дұрыс пайдалана білуде.

Біріншіден, памперс терінің құрғақтығын қарапайым жөргектен гөрі жақсы сақтайды. Соның арқасында жөргек дерматиті бүгінде сирек кездеседі. Памперс кигенде бала терісінің рН деңгейі де қалыпты болады. Екіншіден, баланың түбекке отыру мезгілі оның памперс киген-кимегеніне байланысты емес. Бұл ата-анаға байланысты жағдай. Демек, балаға түбекке отыруды дер кезінде үйрете білу қажет. Үшіншіден, үнемдеу мақсатында памперсті тиісті уақыттан ұзақ кигізуге болмайды. Бұндай жағдайда оның барлық артықшылықтары жойылады. Төртіншіден, сәби үнемі памперс киіп жүруге тиісті емес. Оны ауыстырғанда демалуға мүмкіндік беру қажет.

Памперс қанша қымбат болса да, оны пайдаланғанда бірқатар ережелерді сақтау керек. Памперсті 4 сағат сайын ауыстырып тұрған дұрыс. Баланың күні бойы бір памперспен жүруіне мүлде жол бермеген жөн. Ең дұрысы, баланы памперске үйретпеген абзал. Жаңадан шыққан памперстерді де абайлап пайдалану керек.

Сондай-ақ, көптеген жөргектердің ішкі бетінде арнайы алоэ бальзамының сызықшалары болады. Жөргек бала терісіне тиген кезде оған бальзам сіңіп, жұқа ғана сенімді қорғаныс жасайды. Бұл терінің тітіркенуіне жол бермейді. Бальзам негізінен вазелин мен стеарил спирті және басқа да қосымша заттардан тұрады. Бұл бала үшін мүлде зиянсыз. Бұны бала дәрігерлері жүргізген көптеген зерттеулер дәлелдеп берген. Олардың аллергия тудыру мүмкіншілігі өте төмен.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.