Аймақ жастары бас қосты

20130719-08-1«Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалының ұйымдастыруымен биыл үшінші жыл Ұлытау бөктеріндегі «Болат» сайында 6-9 шілде аралығында өткен «Отаншыл-2013» – жастарға білім беру форумы Нұра, Осакаровка, Ұлытау аудандарының және Астана, Жезқазған, Сәтбаев қалаларынан 40-қа жуық жастардың басын қосты.

Оның ашылуына Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев, Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Берік Ақышбеков қатысып, жастардың пікір алмасу, ой бөлісу, тәжірибе жинақтау алаңындағы жұмысына сәттілік тіледі.

– Бұл форумға Қарағанды облысының барлық жастар орталықтарының мамандары, «Жас Отан» ЖҚ-ның мүшелері қатысты.Төрт күнге созылған форумның аясында жастардың саяси-экономикалық, мәдени-тарихи тұрғыдан білімдерін жетілдіруге байланысты ауқымды іс-шаралар жүргізілді. Соның бірі – ел ордасы Астанада 2017 жылы өтетін «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне қатысты жобаларды форумның аясында қорғау болды. Жоба көрменің үш қасиетін ашып көрсетуді талап етті. Атап айтар болсақ, әлеуметтік жағынан пайдасы, бизнеске қосар үлесі мен инновацияны дамытудағы қауқарын дәлелдеу. Екі күндік сабақтың нәтижесінде жастар өздерінің жобадағы көздеген мақсаттарын түсіндіріп, күтілетін нәтижелерін де ортаға салды. Жастар – тың идеяның бастамашылары. Олардың қорғаған жобаларында тиімді ұсыныстар мен пікірлер молынан ұшырасып жатты. Өңір жастарының басын біріктірген форумның жұмысына Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасарлары Александр Ким, Марал Мәдиева, қалалық мәслихаттың хатшысы Серік Имамбай, кәсіпкерлік бөлімнің басшысы Зәуре Таянова қатысып, өз бағаларын берді.

– «Отаншыл» форумы жастардың саяси тәжірибе жинақтап, оны зерттеудің, бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру мен жүзеге асырудың, жобалау жұмыстарына дағдыландырудағы кең ауқымды алаңы деп білемін, – дейді форум делегаты Динара Шумаева.

Қасиетті Ұлытау баурайында өткен бұл жиын жастарға тәлім мен тәжірибе жинақтауға мол мүмкіндік бергені ақиқат.

Б.Айтөреұлы.

Комментарии закрыты.