Тілді дәріптеген отырыс

Сәтбаев қалалық қазынашылық басқармасында «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2013 жылға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» № 25 бұйрығын орындау мақсатында «Қазақшаң қалай, балақай?» тақырыбында отырыс өткізілді.

Тақырып аясында басқарма басшысының орынбасары Р.Шертаева баяндама жасады. – Елбасымыз өз Жолдауында «Қазақстан халықтарын біріктіруші басты фактор – қазақтардың ана тілі» дей келе, мемлекеттік тілді дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсауға шақырды. Бұл үндеу еліміздегі тіл саясатының негізгі философиясын, нысанасын белгілеп берді. Елбасының осы қағидасы жүзеге асқанда қазақтардың ұлттық идеясы жүзеге аспақ. Ең ғажайып ұлттық идея – ұлттарды алаламайтын, олардың басын біріктіретін идея. Қазақтардың басты ұлттық идеясы – қазақ тілін Қазақстанның басты рухани құндылығына айналдыру. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі, ағылшын тілі – жаһандық экономикаға кірігу тілі. Яғни, Елбасымыз үштұғырлы тілді меңгеру – бүгінгі ұрпақтарымыздың болашаққа барар жолы деп көрсетіп берді, – деп атап өтті ол.

Келесі кезекте қаржылық және шарттарды тіркеу тобының бас қазынашысы О.Қалиева сөз алып, – Елбасымыз айтқандай, қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі керек. Қазақша сөйлеу әр отбасынан, балабақшадан, мектептен басталса, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері дәріптеліп, теледидардан қазақша бағдарламалар көбірек көрсетіліп жатса нұр үстіне нұр болар еді, – деді. Отырыстың екінші жартысында «Қазақшаң қалай, балақай?» тақырыбында қызметкерлер мен олардың балалары арасында пікірталас өткізілді.

Мақал айтудан және жұмбақ шешуден «1001 мақал 101 жұмбақ» атты сайыс ұйымдастырылды. Жүргізуші балаларды екі топқа бөліп, әр ойыншыға 5 мақал айту және 5 жұмбақ шешу тапсырмасын берді. Бұл сайыс бойынша бірінші топ қатысушылары алға шықты.

Қаржыгер, қазынашы, төлемдер сөздеріне барынша көп сөйлемдер құрау бойынша сайыс ұйымдастырылды. Бұл сайыста екінші топ қатысушылары жеңімпаз болды. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар марапатталып, сыйлықтар тапсырылды.

Сонымен бірге, балалар арасында сурет салудан жарыс ұйымдастырылды. Жарыстың қорытындысы бойынша да жеңімпаздар марапатталды.

Басқарма қызметкерлерінің балалары арасында дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ ойнаудан жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сый-сияпат көрсетілді.

Отырысты басқарма бастығы Б.Ж.Шәкенов қорытындылап, қазақтың қазақша сөйлеуі ең басты мәселе екендігін, қазақтар қазақша сөйлессе, басқа ұлт өкілдері де қазақ тілін үйренуге талпынатынын, құрметтейтінін тағы бір еске салды.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.