Кеншілер қаласының ұлттар достығы

Ұлттар достығы дегенде, ең алдымен, бірлік пен достастық, ұйымшылдық пен қаймақтай ұйып отырған Қазақстан халықтарының тыныс-тіршілігі еске келеді. Сондай жағдай біздің кеншілер қаласында да қалыптасқан. Қала күні қарсаңында бізде бір ұжымға қалыптасқан бірнеше ұлттық-мәдени орталықтардың бас қосуы Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өтті. Бұл шара 22-қыркүйекте аталып өтілетін Қазақстанның Тілдер мерекесі қарсаңындағы алғашқы шаралардың бірі болды. Әр ұлттың көркем де сәнді киімінде келген, әр ұлттың өзіне тән дастарханын жайған ұлттық-мәдени орталықтарының мәзірі көзжауын алып тұрды. Кездесудің ресми бастамасының шымылдығы ашылмай-ақ, әр ұлттың өкілдері бір-бірін дастархан мәзірінен ауыз тигізіп жатты. Қазақтың еті мен бауырсағы, қымызы мен шәйі, әзірбайжанның долмасы, орыстың бәліші мен пирогы, украиндықтардың шұжығы мен татардың чак-чагы бір дастарханның екіншісіне ауысып отырды. Әрине, бұл күні кездесудің бар қаймағы – ұлттық мәдени орталықтардың ұсынған мәдени шараларында болды. Бастапқыда қала әкімінің орынбасары Марал Сағынайқызы Мәдиева бір дастарханда жиналған ұлт өкілдерін Қала күнімен, Тілдер мерекесімен құттықтап, осындай бірліктің куәгері болып отырғанына ризашылығын білдірді. Содан кейін ұлттық мәдени орталықтардың көрермендер алдындағы тамаша қойылымдары көрсетілді. Қазақтың «Бастаңқы» дәстүрі, украин халқының жас өкілдері ән мен би өнерін, орыс халқының частушкиі мен отты билеріне, татар халқының аға буын өкілдері мен кішкентай Карина Малогусейнова мен Гульназ Гатиятованың орындауындағы ән мен би өнері жиналғандарды көңілсіз қалдырмады. Осы кездесу барысында Марал Сағынайқызы жиналған ұлттық-мәдени орталықтардың төрағаларына қала әкімі атынан Құрметті Дипломдар тапсырды. Еліміздің ең бір жемісті жетістігі – ол халықтар достығы. 130-дан астам әр ұлттың өкілдері тұрып жатқан Қазақстанның тыныштығын сақтап, соларды бір отбасындай жұмылдырып отырған Елбасының еңбегі зор. Ең бірінші, ол – осы Қазақстан Халқының саналығы мен ұйымшылдығынан, бейбітшілік пен берекеден артық еш құндылық ел болу үшін қажеттілігінің түсінуінде болып отыр. Қазақ болсын, орыс болсын, татар болсын – мақсатымыз бір, отбасымыз бөлек болса да жүрер бағытымыз бір, бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатырмыз. Осы кездесуден менің түйгенім сол болды. Бір отбасындай бір дастарханда отырып, бір әңгіме айтып, әр ұлттың дастархан мәзірінен ауыз тиіп, әр ұлттың мәдениетінен нәр алғанға не жетсін! Қазақтың иіліп тұрған қыздары жанып тұрған украин жігіттерімен бірге билеп жүрсе, жарасымды емес пе?! Татардың кішкентай қызы Карина қазақша өлең айтып, орыстың хоры қазақша біздің жүрекке жақын әнін шырқап тұрса, оның өзі қазақтың шаңырағының биік екенін көрсетпей ме?! Мәди Әлжаппаров.

Комментарии закрыты.