Аға буынның еңбегі айтарлық

20130719-02-2Алып шахталардың мекені – Сәтбаев қаласына биыл 40 жыл. Қырық жылда кенді қаланың қай саласы болмасын қалыптасу, даму сатыларынан өтті. Алып құрылыстар жүргізіліп, осында шоғырланған халықтың әлеуетін жақсартудағы жұмыстар – қала болып қалыптасқаннан бері келе жатқан басты ұстаным. Өндіріс ошақтарынан бөлек, қалада сонау 70 жылдарда ел игілігіне қызмет ететін нысандардың да жұмысын жандандыру күн тәртібіндегі бірінші мәселе болған. Соның ішінде білім беру саласына аса көңіл бөлінді. Енді ғана еңсе тіктеген кеншілердің мекенінде бұл саланы жаңғыртуда озық тәжірибелі мамандар еңбек етті. Солардың бірі – қаланың Құрметті азаматы, Қазақ ССР Білім беру ісінің озаты Балдырған Әбдікәрімова болатын. Кенді қаламыздың қалыптасу тарихы жайлы апай былай деп сыр шертеді.

– Мен өзім Ұлытаудың тумасымын. Алғашқы әліппені меңгеруді Рудник кентіндегі №7 орта мектепте бастадым. Он жыл сол қара шаңырақта білім алдым. Ол кезде мектептің басшылығында елімізге танымал ұстаз, білім саласының шебері Хакима Тайырқызы Жомартбаева болатын. Біз сол кісіге қарап бой түзедік. Үлгі тұттық. Мектепті бітірерде алдымда «Қандай мамандықтың тұтқасынан ұстасам?» деген таңдау тұрды. Ойлана келе Хакима апайдың сырбаз да ұстазға тән қасиетіне қызығып, ұстаз боламын деп шештім. Сөйтіп, бір жыл бойы дайындық курсынан өтіп, 1961 жылы Алматыдағы қыздар мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетіне түстім. Ол кезде әрбір жас маманға жолдама беріледі. Мен өз қалауыммен туған жердің білім саласына үлесімді қосамын деп бұрынғы оқып кеткен №7 мектебіме жас маман болып бардым. Хакима Тайырқызы бірден жұмысқа қабылдап, 1973 жылға дейін сонда еңбек еттім. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Х.Жомартбаевадан алған тәлімім мен жинаған тәжірибемді осы күнге дейін азық етіп келемін. Сол жылдары Никольский кенті қала болып қалыптасты. Облысымыз Жезқазған болатын. Бірде облыстық ұстаздардың білімін жетілдіру институтының директоры Томар Жақыпбеков шақыртты. Мәселенің мәнісіне тіке көшетін жан болатын. «Қарағым, Балдырған, мынау Никольский кентінде бағы ашылмай келе жатқан бір білім ошағы бар, соған сен басшы болып барсаң қалай болады?» деді. Мен біразға дейін ойланып, келісімімді бермедім. Хакима апай да, Томар ағай да «Сен комсомолсың, комсомол антыңа берік болуың керек. Егер антты орындамасаң, бұл салада еңбек етуіңнің еш мәнісі жоқ» деді. Үлкендердің сөзі атылған оқтай болды. Келіспеске амалым қалмады. Сөйтсем, әлгі білім ошағы №27 мектеп екен. Ол кезде оның ғимараты қазіргі №5 мектептің ғимараты болатын. Мектепте ешқандай материалдық база жоқ, жұтаң. Сол кездері біздің аймақта кабинеттік жүйе деген енді-енді қалыптасып жатқан болатын. Оны жүйеге енгізіп, қалыптастырған Хакима Жомартбаева болатын. Қазіргі таңда білімнің қара шаңырағы аталып жүрген білім ошағына кабинеттік жүйені орнатып, техникалық базамен жабдықтауда сол марқұм апамыздан ақыл-кеңес алдым. Ол басқарған білім ошағы республика көлемінде алдыңғы қатарлы мектептердің қатарынан орын алды. Мектептің ондай дәрежеге жетуі Хакима апамыздың тынымсыз еңбегінің арқасында еді. Балқаш қаласында мұғалімдердің семинарына барғанда кабинеттік жүйені қалыптастырудың әдісін, кейбір пәндерді жүйелі оқытудың қыр-сырын меңгеріп, соны қолданысқа енгіздік. Сөйтіп, бір білім ошағының іргесі қаланып, елдің кәдесіне жарады. Менімен үзеңгі қағысып осы білім ошағының жұмысын ілгерілетуде аянбай еңбек еткендердің қатарында Күлзиға Қалдыбекова, Рәпия Қосыбаева, Дәметкен Исаева, Ғалия Сейсебаева, Клара Қаратаева, Рашида Амутова сынды майталман мамандар болды.

Бес жылдықтың көрсеткіштері бойынша 1975 жылы Социалистік жарыстың жеңімпазы атағын алдым. Ол атаққа адал да тынымсыз еңбек керек болатын.

Сөйтіп, қаланың білім беру жүйесіне аға буынмен қатар жүріп үлесімізді қостық. Жетпісінші жылдың орта шеніне қарай білім ошақтарының қатары көбейіп, салада жаңа үрдістер пайда болды. Осы жылдарды қай саланың болмасын жандану кезеңі деп білемін. Мәдениет, спорт, денсаулық, білім беру салалары аяғынан нық тұрды. Қалада мәдени іс-шараларға аса мән берілді. Оның басы- қасында ақын, мәдениет қайраткері, қазіргі Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайының директоры Зинаиди Чумакова жүрді. Денсаулық сақтау саласын жаңғыртуда қалалық емхананың бұрынғы басшыларының бірі Тамара Янкованың еңбегі өлшеусіз деп білемін.

1975 жылдан 1991 жылға дейін Никольский қалалық Кеңесі атқару комитеті төрағасының идеология жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Он жеті жылға таяу атқарушы органның да жұмысын алға қоюда еңбегіміз сіңді деп ойлаймын. Күн демей, түн демей ағарту жұмыстарын жүргізіп, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер мен тәрбиесі қиын жастармен жұмыс жасадық. Олар уақытын тиімді өткізсін деп аула клубтары мен спорттық алаңдар салуды қолға алдық. Нәтиже де жаман болған жоқ.

Тәуелсіздік алып, бұл салаға да реформалар ене бастады. Атқарушы билік органдары заман талабына сай әкімшілік болып өзгерді. 1992 жылы құрметті демалысқа шықтым. Алайда, бұрынғы кәсібіме деген сүйіспеншілік пен балаларға деген мейірім мені қайтадан мектепке қарай ұмтылдырып тұрды. Сөйтіп, бірер жыл Ы.Алтынсарин атындағы №19 орта мектепте сабақ бердім. Кейін, Жезқазған аймақтық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің балалар бөлімшесіне ауысып, қазір осында сабақ беріп келемін.

Қазіргі күні білім беруде барлық жағдай жасалған. Кезінде біз соның барлығын қолымызбен жасап, балаларға көрсететінбіз. Барлық мектептер қазіргі сұранысқа сай материалдық базаға бай. Тек жастардың ынтасы, жігері, ұстаздардың алдына келген шәкіртін білімді етіп шығарамын деген ұмтылысы қажет. Өкінішке орай, мен қазіргі жас мамандардың жанарынан осыны көре алмай келемін.

Біздің кенді қала – көптің еңбегінің нәтижесінде бой көтерген қала. Кенші де, ұстаз да, ғалым да тер төкті бұл қала үшін. Сол қаланың іргетасына менің де еңбегімнің бірге қаланғанын мақтан тұтамын, – дейді Балдырған Әбдікәрімқызы.

Ұстаздық деген ұлы мамандықтың майын ішкен, елге танымал талай азаматты түлеткен Балдырған апайдың жан жары Сайлаубек Тұрланов та кенді қаланың өсіп, дамуына өз үлесін қосқан жан. Шығыс Жезқазған кенішінде қарапайым кенші болып, елдің кен байлығын еселеген Сайлаубек аға еңбегінің арқасында инженер-механик дәрежесіне дейін көтеріліп, абыройлы еңбегінің арқасында ел-жұртының қадірлі азаматы атанды. Қызы Раушан мен күйеубаласы Дәулет те қаламыздың өркендеу жолында еңбек етіп жүр.

Ұрпақ тәрбиесіне аса мән бере қарайтын Балдырған апай немерелерінің елін сүйген адал азамат болып қалыптасуына өзінің ақыл-кеңесін айтып отыратын ақылгөй әжелердің бірі.

Бағдат Қазкенов.

Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.