Қала осылай қалыптасқан

Биыл кеншілер ордасы – Сәтбаев қаласы өзінің 40 жылдық торқалы тойын атап өтпек. Мереке қарсаңында біз қаламыздың кешегісі мен бүгінгісін ой елегінен бір өткізіп, өсіп-өркендеу жолдары жайлы зерделеп жазуды қолға алып отырмыз. Соның басын қаланың қалыптасу кезеңінен бастағанды жөн көрдік. Осы мақсатта біз Сәтбаев қаласының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы Гүлбану Бәкіроваға жолығып, кеншілер қаласының алғашқы қалыптасу кезеңдері жайлы әңгімелескен едік.

20130719-04-2-1

– Кеншілер қаласының тарихы Үлкен Жезқазған өндірісінің өмірге келуімен тығыз байланысты. Алғаш қарашаңырақ Қарсақбайдан бастау алған өндіріс өрісін жая отырып, осы өңірге келіп қазығын қақты. Сол жылдарда аймағымызда жаңа шахталар салынып, іске қосыла бастады. Оған кеншілер көптеп келді. Мұның бәріне сол кездегі жұмысшылар поселкесі – Жезқазғандағы ағылшындардан қалған ағаш үйлер таршылық етті. Тұрғын үйлер жетіспей жатты. Ақыры елуінші жылдардың басында жаңа поселке салу туралы шешім қабылданды. Ол поселке кешегі Никольский, бүгінгі Сәтбаев қаласының орнында салынды, – дейді бөлім меңгерушісі Гүлбану Есенбайқызы қала тарихы жайлы ақпараттарын ақтара отырып.

Поселке неге «Никольский» деп аталды?

20130719-04-2-2Қазіргі кеншілер қаласы тұрған жер кешегі 30-жылдары бояу жасау мақсатында малахит шығаратын карьер болған екен. Бұл жердің аты кезінде ағылшын концессионерлері мен Ушаков, Рязанов сынды көпестердің кезінде Никольский деп аталып кетсе керек. Ал, 1951 жылы Жезқазған кентінде орналасқан Жезқазған комбинатына КСРО түсті металлургия Халық комитетінің басшысы Бубок арнайы келіп, жаңа поселкенің құрылысын тез арада шешу мәселесін қараған. Сол кезде комиссия жаңа қалашықты осы аймақта салуды белгілеп, оның атауын сол жердің атауымен, яғни Никольский деп қалдыруды жөн санаса керек. Ақыры, 1954 жылы Жезқазған поселкесінің солтүстік-шығысынан 7 шақырым жерде жаңа поселкенің алғашқы қазығы қағылып, құрылысшылардың шатырлары тігілді.

Қала қалай салынды?

1956 жылы Орталық Комитет Жезқазған тау-кен комбинатын екпінді комсомолдық құрылыс деп жариялады. Оған сол кездегі Кеңестер Одағының түкпір-түкпірінен құрылысшылар, кеншілер, металлургтер ағылып келе бастады. Сол 56 жылы Никольский жұмысшылар дәрежесіндегі поселке болды. Оның құрылысы қызу қарқынмен жүрді. Ең әуелі екі қабатты ағаш үйлер лезде сап түзеп шыға келді. Осы бір жылдың ішінде жылу құбыры, қазандық, тұрғын үйлер, дүкендер мен асханалар және ауруханалар салынды. Ал, 1957 жылы кең жол торабы бар Рудник-Никольский темір жолы салынып, ол жұмыскерлер мен қызметкерлерді жұмыс пен үй арасында тасуға берілді.

–1959 жылдың өзінде Никольский поселкесінде 12 мың адам тұрып жатты. Ал, 1960 жылы тұрғындар саны 17 мыңға жетті. Осыған орай тұрғын үй және әлеуметтік нысандар салу қарқыны да арта түсті. Қолдағы бар деректерге сүйенсек, 1960 жылы тұрғын-үй құрылысының көлемі 110 мыңға жуық шаршы метрді қамтыған. Осындай қарқынды жұмысқа орай араға екі жыл салып 1962 жылы тұрғын-үй құрылысы комбинаты ашылды. Сөйтіп, құрылысшылар мен жобалаушылар енді екі, үш қабатты ағаш үйлерді салуды тоқтатып, 4-5 қабатты тас үйлер салуды қолға алды. Айналасы 20 жылдай уақыт ішінде құрыш қолды құрылысшылар кеншілердің шағын поселкесін көркем қалаға айналдырды, – дейді қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы мақтанышпен.

Құрылыстың өркендеуі

20130719-04-2-3– 1973 жылдың 25 желтоқсанындағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Жезқазған қалалық кеңесіне қарасты Никольский поселкесі облыс дәрежесіндегі қала атына ие болды. Осы жылдан бастап кеншілер қаласының өсуі мен өркендеуі бұрынғыдан да қарқын ала түсті. Құрылысы 1969 жылы басталған 120 орындық медициналық-санитарлық бөлім мен 250 адамды қамтитын емхана 1973 жылы пайдалануға берілді. Ал, 1974 жылы қалада жалпы көлемі 9151 шаршы метр тұрғын үй салынып, тұрғындарға есігін айқара ашты. Сол жылы қаланың орталығында көп қабатты екі үй және 11 коттедждің құрылысы аяқталды. Ал, қаланың орталығы ол кезде Октябрьдің 50 жылдығы атындағы Мәдениет сарайы тұрған аймақ (қазіргі «Кеншілер даңқы» алаңы) болатын. Арада бір жыл өткенде қала қанатын кеңге жая түсті. Құрылысшылар қалаға керемет сый жасады. Кең форматты «Бай-қоңыр» кинотеатры пайдалануға беріліп, 1000 оқушыға арналған жаңа №1 орта мектептің құрылысы аяқталды. Осы күннен бастап қалада білім беру екі ауысымға көшірілді.

1975 жылы Никольский қаласында көлемі 285,9 мың шаршы метр 362 мемлекеттік тұрғын үй болды. Оның 209 үйі – тастан, 159 үйі ағаштан салынған. Уақыт өте келе қала құрылысының сәулет жағына да үлкен мән беріле бастады. Ендігі салынатын үйлер заман талабына сай болуы қажет болды. Сол кездегі қажеттілікке байланысты 27 мың шаршы метр тұрғын үй, 280 орындық екі балалар бақшасын, 400 орындық жатақхана салу мен №12 мектепті үлкейту мәселесі жоспарда тұрды. Олар уақытылы жүзеге асырылды да.

Сол жылдарда қалада 3 құрылыс басқармасы, тұрғын-үй құрылысы комбинаты тұрақты жұмыс істеп, 790 адам еңбек етті. Қаламыздың бүгінгідей өркен жайып, өрісінің кеңеюіне олардың қосқан үлестері қомақты, – дейді Гүлбану Бәкірова.

Міне, өзінің 40 жылдық торқалы тойын тойлағалы отырған кеншілер қаласы алғаш осылай қалыптасқан еді. Бүгінде Сәтбаев шаһары аймағымыздағы маңдайалды қалалардың бірі. Оны біз әркез мақтан етеміз.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.