Атқарылар істер ауқымды

Қала әкімі Әнуар Омар өткен аптада қаланың бірқатар маңызды нысандарын жұмысымен танысып, түйіні тарқатылмай келе жатқан мәселелерді талқылады.

Басшылыққа жаңа келген Әнуар Серікбайұлы әуелі №25 орта мектептегі 50 жылдан кейінгі күрделі жөндеу жұмысының жүзеге асу барысымен танысты. 1964 жылы іргесі қаланған білім ошағы бүгінгі таңға дейін тек ағымдық жөндеумен шектеліп келсе, биыл шағын қалаларды дамыту бағдарламасының аясында республикалық және қалалық бюджеттің есебінен толық жөндеуден өтуде. Білім ошағындағы күрделі жөндеу жұмысын жезқазғандық «ХорЛан» ЖШС жүзеге асырып жатыр.

20130719-00-1

Нысандағы құрылыстың жүру барысын қала басшысына мердігер компанияның басшысы Жеңісбек Медебаев пен білім ошағының директоры Майра Темірбекова баяндады.

– Сәуір айында басталған жұмыстың біраз бөлігі жүзеге асырылды. Ғимараттың айналасындағы ескі қоршаулар алынып, жаңа қоршаулар қойылды. Оқу бөлмелері заман талабына сай жаңғыртылып, нысанның келбеті де өзгермек. Осыған дейін білім ошағының асханасы мен акт залы бір жерде орналасқан. Сметалық құжатқа сәйкес, енді акт залы бөлек, асхана бөлек енші алмақ. Әрлеу-сылау, терезе орнату сынды жұмыстар жүйелі жүруде. Алдағы уақытта ғимараттың 1, 2 қабаттарының едендерін жаңартуды қолға аламыз. Қазіргі сәтте ғимараттың қасбетін әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанның алаңын да кеңейту, гүл отырғызатын арнайы орындар мен орындықтар қою жоспарымызда бар, – деді Ж.Медебаев.

Нысанның құрылысымен толық танысқан Әнуар Серікбайұлы жөндеу жұмыстарының сапалы әрі уақытылы жүргізілуін, мектептің айналасын оқушылардың эстетикалық талғамына сай келетін танымдық дүниелермен жабдықтауға аса көңіл бөлуді тапсырды.

Бұл білім ордасының күрделі жөндеу жұмысына бақылауды «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы партиялық бақылау бекетінің басшысы, қалалық мәслихаттың депутаты Айгүл Төлендина басшылығына алған.

Нысанның құрылысымен танысқаннан кейін қала басшысы бір топ жауапты мекемелердің басшыларымен қала сыртындағы қоқыс төгу алаңына атбасын тіреп, жағдайын көрді.

Қала тазалығына бірден-бір жауапты «Тазалық-2020» мекемесі бұл орынға бір күнде 40 рет қаланың қоқысын шығарады. Кейінгі жылдары техниканың жетіспеушілігінің салдарынан қоқыс алаңы адам көргісіз халге түскен. Қоқыстар ашық карьердің кернеуінен шығып кеткен. Жауапты тұлғалардың айтуынша, төгілген қоқыстарды күрейтін жалғыз техниканың сапасы да сын көтермейді. Әупірімдеп жүріп, үлгергенінше алаңды қоқыстардан тазартуда.

Әнуар Серікбайұлы жауапты тұлғаларға мұндай бей-берекетсіздіктің алдын алып, алдағы уақытта алаңды толығымен қоқыстардан арылтуды тапсырды.

Жезқазған кентіне қарасты ГРП елді-мекенін сарапшылардың қауіпті аймақ ретінде танығанынан кейін былтырғы жылдан бері мұндағы халықты көшіру үрдісі қолға алынған болатын. Қазіргі күні мұнда 26 шаңырақ түтін түтетіп отыр. Кент әкімі Асылхан Сәдуақасовтың айтуынша, мұндағы тұрғындар «Қазақмыс» корпорациясының бөлген ақшасымен келіспей, қалып қойғандар.

– Әне-міне дегенше, қылышын сүйретіп қыс та келеді. Елді-мекендегі тұрғындардың біразы қалаға қоныс аударған. Орталық жылу желілері қыстың көзі қырауда қатпай, азын-аулақ үйге жылу беру мәселесі туындамауы тиіс, – деп Сәтбаев қалалық жылумен сумен жабдықтау кәсіпорнына қадап айтқан қала басшысы мұндағы жағдайды үнемі бақылауда ұстап тұру қажеттігін ескертті.

Қала әкімі Весовая елді-мекеніндегі жағдайлармен де танысып, мұндағы тазалық жұмыстарына баса көңіл бөлуді тапсырды.

Қала басшысының жеке қабылдауына келіп, өздерінің түйіткілді мәселелерін жеткізген қала тұрғындарының арыз-шағымынан соң, Әнуар Серікбайұлы өткен бейсенбі күні сол тұрғындармен кездесіп, көтерілген мәселелерді талқыға салды.

Гурба көшесі, 81 үйдің бірінші қабатындағы «Жезді» азық-түлік дүкенінің кесірінен 7-ші пәтердің қабырғаларында жарықша пайда болып, түсқағаздары жыртылып жатыр. Пәтер иелерінің айтуынша, мәселені бірнеше жылдан бері жауапты мекемелерге жеткізгендерімен еш нәтиже жоқ көрінеді. Осыған қала басшысы ретінде көмек беруді сұраған тұрғындар бір күні болмаса бір күні үй құлай ма деп қорқатындықтарын айтты.

Әнуар Серікбайұлы басшылыққа жаңа келіп жатқандықтан, бұл мәселенің дүкен иесімен бірігіп алдағы уақытта шешілетіндігін жеткізді. Үй ішіндегі жарықшақтың ұлғайып кету қаупін тудырмау үшін дүкенге тіреуіштер қойылуы қажет. Дүкен иелеріне қала басшысы осыны ескертті.

Қабылдауда Панин көшесі, 16-2 үйдің тұрғыны судың қысымы төмен екендігін, кейде су болмай да қалатынын айтып шағымданған. Осы мәселеге көз жеткізу үшін Ә.Омар осы мекен-жайда болып, олардың назын тыңдады.

Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Серік Оразбаевтың баяндауынша, қарт ананың үйіндегі су құбырлары толығымен жаңартылған. Әнуар Серікбайұлы кінәратты анықтап, судың қысымын жоғарылатуды тапсырды.

Жаңашылдыққа бет бұрған қалада құрылыс та, қайнаған еңбек те қызу жүреді. Алайда, осы жұмыстардың барлығы техниканың, яғни көліктердің араласуымен бітетіні ақиқат. Қаладағы «Тазалық-2020» мекемесіне қарасты автоалаңдағы жүк көліктерінің жай-күйімен танысқан қала әкімі Әнуар Омар техникан күн астында қаңтарылып тұрмай, кәдеге асуы қажет деді. Мұнда 29 бірлік техника бар. Олардың көбісінің сапасы сын көтермейді.

– Қандай заттың болмасын күтімі болмаған соң, сыр беретіні шындық. Алайда, жаңа дүниені күтіп ұстаса біраз жылға жетеді ғой. Күтімнің, жөндеудің жоқтығынан техниканың біразы кәдеге жараусыз қалған. Қалада жүк көліктерінің жетіспеушілігін сезе тұрып, көліктерді жарамсыз етуге болмайды, – деді әкім.

Облыстық бюджет есебінен бой көтерген мал сою орнында болған Әнуар Серікбайұлы бұл мал сою орнын іске қосу заман талабы екендігін айтып, жауапты мамандарға жуық арада бұл нысанның құрылысын аяқтауды жүктеді.

Қала нысандарын аралау барысында Ә.Омар атқарылған істерден бірігіп атқаратын істердің мол екенін айтты.

Бағдат Қазкенов.

Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.