Шомылу кезеңі жалғасуда

Шомылу кезеңінің бірінші айы да өте шықты. Осы уақыт ішінде көл жағасында 2000-ға жуық адам демалып, суға шомылды.

Төтенше жағдайдың 70 пайызы суға шомылу кезеңінде болады. Кейбір азаматтар жағада шомылуға қанағаттанбай, көл ортасынан жүзіп өтуді көздейді. Бұл батырлықтың арты қайғылы оқиғаларға әкеп соқтырады. Сол себептен көл жағасына суға шомылуға келгенде, ішімдік ішіп суға түсуге, көл ортасынан жүзіп өтуге болмайтынын ескертеміз!

Сәтбаев қаласының суда құтқару стансасының қызметкерлері әр уақытта көл жағасын аралап, демалушылар мен жасөспірімдерге судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертіп отырады. Қызметкерлер жазғы демалыс кезінде білім мекемелеріндегі сауықтыру алаңында болып, судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, төтенше жағдайда өздеріне және достарына қалай көмек көрсету керек екенін түсіндіреді. Төтенше жағдайлардың болуының басты себебі: мас күйінде суға түсу кезінде аяқ-қолдың сіңірі тартылып, жүрек тоқтап қалуы, сонымен бірге, Қытайда жасалған үрмелі қайықшалар, шарлар, резеңке матрацтарды қолдану болып отыр.

Осы бір ай шомылу кезеңінде Ұлытау өңірінде 1 адам судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау себебінен суға кетті. Сәтбаев қаласының суда құтқару стансасының қызметкерлері осы мерзімде 6 адам өмірін құтқарып қалды.

Құрметті демалушылар мен қала қонақтары!

Суға шомылу кезінде өте сақ болыңыздар! Суда құтқару стансасының қасында балаларға арнайы демалыс жағажайы қарастырылған.

Өздеріңіздің және балаларыңыздың өмірлеріне немқұрайлы қарамаңыздар!

С.Әлиманова, Сәтбаев қаласының суда құтқару стансасы медбикесі.

Комментарии закрыты.