Байытушылар күніне арналды

20130726-08-2-120130726-08-2-220130726-08-2-3Металлургтар мен байытушылардың кәсіби мерекелерін кеншілер қаласы өз деңгейінде атап өтті. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған мерекеге жергілікті өнерпаздар мен би топтары қатысып, алаңды думанға бөледі.

«Қазақмыс» корпорациясына қарасты кәсіпорын еңбеккерлері мен концертті тамашалауға жиналған тұрғындарды қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиева құттықтады.

– Ел экономикасының дамуында, қаламыздың өркендеп өсуінде байытушылардың еңбегі ерекше. Сондықтан да бұл күн құрметті де айтулы мереке болып саналады. Қаламызда еңбек етіп жатқан байытушыларды және тұрғындарды осы мерекемен әкім аппараты атынан шын жүректен құттықтаймын. Отбастарыңызға амандық, береке-бірлік, еңбекте табыс тілеймін, – деген тілегін жеткізді Марал Сағынайқызы.

Мерекелік бағдарламада Шығыс Жезқазған кенішінің жұмыскері Борис Баньковский, Қамбар Урмузов, Салтанат Серкебаева, «Шабыт» триосы мен «Нұршашу», т.б. би топтары өнерлерін ортаға салды. Даңқ алаңында өткізілген концертті көруге қала тұрғыны Гүлмира Үсенова да өз отбасымен келіпті.

– Менің жолдасым Зұлбухар Үсенов Степной кенішінің №67 шахтасында жұмыс істейді. Бұл мерекені барлығымызға ортақ деп ойлаймын. Сондықтан да бүгінгі металлургтар мен байытушылар күнімен барша жұртшылықты құттықтаймын. Ауыр да қайсар еңбектерімен осы саланың даңқын арттырып жүрген азаматтарға мықты денсаулық, бақыт пен молшылық тілеймін, – дейді Гүлмира Үсенова.

Металлургтар мен байытушылар күні баршамыз үшін аса маңызды мереке. Себебі қаламыздағы әрбір отбасының тұрмыс-тіршілігі осы кәсіппен тығыз байланысты. Металлург мамандығы – мақтаныш тұтатын, даңқ пен сыйға бөлейтін, қажетті де құрметті мамандық. Жезқазған аймағының ғана емес, бүкіл республикамыздың әл-ауқаты мен молшылығының қайнар көзі әрдайым мыс пен кен қоймасы бола бермек.

Марал Шахаева.

Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.