Кеншілер қаласының сыйы

20130726-08-1-120130726-08-1-2Аймағымызға тән айтулы кәсіби мерекелердің бірі – балқытушылар мен байытушылар күніне кеншілер қаласы биыл тосын сый жасады. Мереке қарсаңында қаламыздың көркемөнерпаздары Жезқазған қаласындағы Металлургтер саябағында «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің байытушылары мен балқытушыларын құттықтап, мерекелік концерт берді.

Концерттік бағдарламаның шымылдығы үрлемелі аспаптар оркестрінің сазды бағдарламасымен ашылды. Онда жиналған жұртшылық 70-80 жылдардағы ретро әндермен қатар, патриоттық әндерді де тыңдап, бір серпіліп қалды.

Әуезді әуенге ел жиналып, сахна маңына халық шоғыры молайған шақта Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар қанаттас жатқан қаланың жұртшылығы мен металлургтерін, байытушыларын кәсіби мерекелерімен құттықтады.

– Бұл кәсіби мерекенің аймақ үшін, тұтас Қазақстан үшін маңызы ерекше. Себебі, осы балқытушылар мен байытушылар өздерінің ерен еңбегі арқылы, өздерінің маңдай терлерімен суарып жасаған саф алтындай сары мысы арқылы елдің қазынасын толықтырып, аймағымыздың дамуына кепілдік беріп отыр, – деп тебірене сөйледі қала басшысы.

Кеншілер шаһарының бұл игілікті ісіне Жезқазған қаласының жұртшылығы да дән риза болды. Өзара байланысты нығайтуға себеп болатын іс-шаралар молая берсін деген ақжарма тілектерін де білдіріп жатыр. Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Аханов осындай игі шараға ұйытқы болған Сәтбаев қаласы әкімдігіне ризашылығын ел алдында былайша жеткізді:

– Жезқазғанның атын шығарған Сәтбаев болса, Сәтбаевтың атын шығарған Жезқазған. Бұл екі қаланы бір-бірінен бөліп қарауға әсте болмайды. Екі қала бақыт құсының қос қанаты сияқты. Бір-бірінің қуанышын бөлісіп, қысылған жағдайда бір-біріне демеу болып келеді. Міне, бүгін мерейлі мереке қарсаңында кеншілер қаласының өнерпаздары арнайы келіп тойға шашу шашып жатыр. Бұған алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Бұл күні қаламыздың өнерпаздары барын салып бақты. Бірі әуелеткен әсем әнмен Жезқазған аспанын жаңғыртса, енді бірі мың бұрала билеп, бірі күмбірлете күй төгіп қала жұртшылығына тамаша кеш сыйлады. Жезқазған жұртшылығы үстіміздегі жылы Түркияда өткен халықаралық фестивальдің екінші орын иегері, Республикалық «Күншуақ» фестивалінің бас жүлдегері Салтанат Серкебаеваны, облыстық «Жас қанат – 2013» байқауының бірінші орын иегері Темірлан Сайлаубекті жақынырақ танып, өнерлеріне сүйсіне қол соқты.

Өнерсүйер қауым «Сәтбаев балғындары» барабаншылар тобының, «Нұршашу», «Импульс», «Маюри-Девдас» би топтарының өнерін тамашалап, Жамал Омарова, Гүлманат Қашқынбаева, Талғат Боранов, Саян Райымбеков сынды жезтаңдай әншілердің тамылжыта шырқаған әндерін тыңдап құлақ құрыштарын қандырды.

Ізтай Белгібайұлы.

Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.