«Менің де қолтаңбам бар»

20130726-04-1-120130726-04-1-2Кеншілер қаласының 40 жылдық торқалы тойы қарсаңында біз оның алғашқы құрылысшыларын да іздестіріп бақтық. Бір өкініштісі, сол кезде қаланың алғаш іргетасын қалап, қолымен тұрғызған құрышқолды құрылысшылардың көбі бақилық болыпты. Барының біразы басқа жаққа қоныс аударған екен. Солардың арасынан біз кешегі жылдары қаланың құрылысына белсенді қатысқан, әлеуметтік маңызы бар нысандар мен алып шахталарды өз қолымен тұрғызған бригадир, ардагер құрылысшы, Сәтбаев қаласының алғашқы Құрметті азаматтарының бірі Бәрменше Дәрібаевты іздеп таптық.

Бәкең туа бітті қанаттас жатқан Жезқазған қаласында тұрады екен. Бүгінде тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтерек сияқты балалары мен немерелерін тәрбиелеп отыр. Кешегі бозбала шағы мен байсалды қарттығына дейінгі аралықты көз алдынан тағы бір мәрте өткізген Бәрменше аға бізге ақтарыла сыр шертті…

Жалпы қаланың дамуы мен өркендеу тарихы шахталар мен кеніштердің ғана тарихы емес, бұл сонымен қатар, тұрғын үй, әлеуметтік-тұрмыстық нысандардың және өнеркәсіптік сала құрылысының да тарихы. Ал, бұл тарих сонау сұрапыл соғыс жылдарымен астасып жатыр. Қолдағы бар деректерге қарағанда 1944 жылдың 3 шілдесінде КСРО Түсті металлургия Комиссарының бұйрығымен «Қазмысқұрылыс» монтаждау тресі құрылыпты. Сол бір алыс жылдарда құрылыста 1 ғана экскаватор жұмыс істепті. Кәсіпорында не бары 22 техника болған екен. Құрылыс мамандарының алтауының ғана жоғары білімі болған. Қалғандары өз бетімен үйреніп, тәжірибе жинағандар. Соған қарамастан, 1966 жылы «Қазмысқұрылыс» тресі Орталық Қазақстанның түсті металлургия саласының құрылысын дамытудағы жетістіктері үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған.

1964 жылы трест ұжымы Никольский поселкесінде айналасы сегіз күннің ішінде 80 пәтерлі үйге монтаждау жұмысын жүргізген. Бұл жұмысты Социалистік Еңбек Ері Василий Раковскийдің комсомол жастар бригадасы атқарыпты.

1966 жылдан бастап қала құрылысына «Рудстрой» құрылыс басқармасы келіп араласады. Олар қаланың 3, 4, 5, 7 шағын аудандарындағы тұрғын үйлердің, медициналық-санитарлық бөлімнің, 14 орамдағы мектептің, «Байқоңыр» кинотеатрының, туберкулезге қарсы күрес диспенсерінің, №№ 1, 4, 14, 27-мектептердің іргетасын қалап, тұрғызды.

Міне, осы құрылыс мекемелерімен бірге қаланы қалыптастыру жолында Бәрменше Дәрібаев еңбек еткен «Мысқұрылыс» құрылыс басқармасы да елеулі үлес қосты.

– Біздің басқарманың тарихы тым тереңде жатыр. Көнекөздер 1946 жылы Рудник поселкесінде №1 шахтақұрылыс мекемесінің жұмыс істегенін ұмыта қоймаса керек. Оның алғашқы басшысы Шатилов деген кісі болған. Осы құрылыс мекемесі кейін «Промстрой» болып құрылды да Жезқазған, Сәтбаев қалаларындағы алып өндіріс орындарының құрылысын салды. Жезқазғандағы №№1, 2 байыту фабрикасы мен мыс заводы осы басқарманың құрылысшыларының күшімен салынды. Соның қатарында бозбала шағымда мен де еңбек еттім. Оны әркез мақтанышпен айтамын, – дейді Бәрменше аға масайрай түсіп.

Бір үйдің баскөтерері болған соң Бәкең жетінші сыныптан кейін мектепті тастап еңбекке араласыпты. Барған жерінің өзі жәй жұмыс емес, ауыртпалығы басым осы құрылыс саласы еді. Алғашқыда қолбала ретінде жүрген ол ағаларынан үйреніп арматуашы-монтажшы мамандығын тез арада үйреніп алады. Сөйтіп, аймағымыздағы алып құрылыстардың бірі Жезқазған байыту фабрикасының құрылысына қатысып, оны өндіріске қосқанға дейін білікті маман болып шығады. Кейін осы құрылыс басқармасында бригадир болып ұзақ жыл еңбек етіп, зейнеткерлік демалысқа шықты.

– Жезқазған байыту фабрикасы іске қосылғаннан кейін біздің «Промстрой» басқармасы екіге бөлінді. Оның бірі «Мысқұрылыс» құрылыс басқармасы болып сол кездегі Никольский қаласының аумағына көшірілді. Мен осы басқарманың құрамында кеттім. 1963 жылдан бастап біз осындағы №67 шахтаны, оңтүстік батыс және №1 аудандық жылу қазандықтарын, №57 және Анненск шахталарын, №3 байыту фабрикасының жинақтау шаруашылығының құрылыстарын салып, пайдалануға бердік. Бүгінде өзінің 40 жылдығын тойлағалы отырған кеншілер қаласының қалыптасуына осылайша мен де өз үлесімді қостым, – дейді Бәрменше аға.

Жастайынан еңбекпен шыңдалған Бәрменше аға өзі қалаған мамандықты мінсіз атқаруға тырысты. Оның бригадасы ай сайынғы социалистік жарыстың жеңімпазы болып отырды. Әр жылды үлкен жетістіктермен қорытындылады. Бүгінде қалаға жылу беріп тұрған №1 аудандық жылу қазандығының осы күнге дейін сыр бермей тұруы сол кездегі Бәрменше Дәрібаев сынды құрылысшылардың адал еңбектерінің арқасы болса керек.

–1963 жылы аудандық қазандықтың құрылысы басталды. Бұл кезде Никольский поселкесі енді-енді үлкейіп келе жатқан еді. Қазіргі көп қабатты тас үйлер жоқ. Салынған үйлердің дені екі, үш қабатты ағаш үйлер ғана болатын. Жылу қазандығы сол кезде қаладан тыс, шалғайда жатқандай көрінетін. Қазір ғой, қаланың ортасында қалған секілді, – деп еске алады Бәрменше аға.

Бәкеңнің құрылыс саласындағы ұзақ жылдарғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. №57 шахтаны іске қосқан жылы ол Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Ал, мыс заводының құрылысы аяқталғанда оны басшылар Еңбек Ері атағына ұсынған еді. Алайда, сол кездегі шовинистік пиғылдың құрбаны болған жігіт ағасы Ленин орденімен ғана шектелді. Әйтсе де, бұл марапаттың өзі сол кездегі ең жоғары атақтың бірі еді.

Ізтай Белгібайұлы.

Суреттерде: 1. Бригадир Бәрменше Дәрібаев. 2. Сәтбаев қаласындағы «Мысқұрылыс» тресі.

Комментарии закрыты.