«Айнакөлге» жанашырлық керек

20130802-16-120130802-16-2Елімізде биыл сегізінші жыл қатарынан жүзеге асып келе жатқан «Жасыл ел» жастардың еңбек жасағы көп істің басы-қасынан табылып жүр. Қаланы абаттандыру, оның тазалығына үлес қосуда еңбек жасағындағы жастар әртүрлі акциялардың да бастамашылары.

Үш маусымда жүз елу жастың екі қолына бір күрек болып тиген бұл бағдарламаға үлестерін қосып жүрген қала жастары өткен бейсенбіде «Біз – таза қала үшін» акциясын ұйымдастырып, «Айнакөл» маңын тазартты.

«Тазалық-2020» ЖШС-мен бірлесе отырып, жастар көл жағалауын шама-шарқыларының жеткенінше қоқыстан арылтты. Таңғы сегізден бастап, түс ауған шаққа дейін жастар көлді тазалау жұмысына белсенділікпен араласты. «Тазалық-2020» ЖШС арнайы 4 техника бөліп, осы аумақтан шыққан қоқыстар сыртқа тасымалданды.

– Ащы да болса шындық, көл маңында демалушылар тазалық ережелерін мүлде сақтамайды. Ішкен ішімдіктің құтылары, темекінің тұқылдарынан бастап, ішіп-жеген тағамдардың қалбырларын көл жағасына шашып тастап кете беруге әбден дағдыланған тұрғындар қала маңындағы жалғыз көлдің болашағын ойлап, жанашырлық танытса екен. Бұлай ластана берсе көлдің ертеңгі жағдайы не болмақ?, – дейді жасылелдің сарбаздары.

Әрине, жастардың реніштері де орынсыз емес. Көл маңындағы тазалық жұмысын көргенде бұл жастардың біраз шаруаны тындырғандарына көз жетті. Алайда, осы бір күндік акция аясында «Айнакөл» жарқырап кетті деуге болмас. Әлі де болса тазалық жұмыстарын қажет етеді. Ең бастысы – осы қалаға жақын көлге деген тұрғындардың жанашырлығы керек. Өйткені, қанша тазалап, жинастырып отырғанмен саналы түрдегі жанашырлық болмаса, еңбектің далаға кеткені.

Бүгінгі таңда осы «Айнакөлді» сақтап қалу өткір де өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бұл су қоймасын облыстық су қоймалары комитетіне өткізуге байланысты нақты жұмыстар жүзеге асып жатыр.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.