«Басты мақсатымыз – оқырманның сенімді серігі болу»

20130802-08-1-1Ертең аймағымызға белгілі ақпарат құралдарының бірі «Мысты өңір» газетінің ұжымы жезді өлкенің жылнамасына айналған басылымның 25 жылдық мерейтойын атап өтпек. Осы торқалы той қарсаңында біз газеттің бас редакторы Амандық Рахұлына жолығып, газеттің ширек ғасырдағы шиырлаған жолы жайлы ой бөліскен едік.

– Әбеке, биылғы жыл сіздің ұжым үшін мерекелі де берекелі жыл болды. «Мысты өңір» жігіт жасы жиырма беске толып отыр. Оның үстіне өзіңіз күні кеше облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының иегері атандыңыз. Осы қос қуаныштарыңыз құтты болсын!

– Әмин, айтқаның келсін. Бәріміздің илеп жүргеніміз бір терінің пұшпағы ғой. Өздеріңе де осындай жеңісті, жемісті күндер тілеймін.

– Мерейтой жайлы әңгіме қозғағанда тарих тереңіне бойламай кету әсте мүмкін емес. Ендеше біз де әңгімемізді газеттің қалыптасу кезеңінен бастасақ…

– 1988 жылдың шілде айының ортасынан ауа Жезқазғанда жаңа газет ашылғалы жатыр деген әңгіме гу ете қалды. Ол кезде мен облыстық газеттің партия тұрмысы бөлімінде қызмет ететінмін. Жылт еткен жаңалық болса газетке беруге асығып тұрамыз ғой. «Гу-гудің» анығын зерттей бастадық. Сөйтсек, Жезқазған кен-металлургия комбинаты жанынан жарық көргелі жатқан көп тиражды үнпарақ екен. Оған негізінен комбинаттың сол кездегі партком хатшысы Мыңжасар Айсауытов мұрындық болса керек.

20130802-08-1-2

Алғашқы кездері газет «За медь» газетінің қазақша қосымшасы ретінде шығып тұрды. Сол жылдары редактор ретінде оның басы-қасында жүрген Төкен Әлжантегі жанына Кенжебек деген жігітті алып, аударма жасап жүрді. Уақыт өте келе бойында намысы бар азаматтар өзіндік өрнек салып, аударма материалдардың арасына қазақша мақалаларды сыналап қаға бастады. Соның нәтижесінде газет бетінде таза қазақы мүддеге сай материалдар бой көрсетіп, оқырмандарын қызықтыра түсті. Сөйтіп, күн өткен сайын газетте ұлттық таным, ұлттық көзқарас қалыптасты. Тарихи тақырыптардың да аясы кеңейді. Осылайша бүгінгі «Мысты өңірдің» негізі біртіндеп қаланды.

Арада он жыл өткенде газет көп тиражды үнпарақтан көпшілік іздеп жүріп оқитын үлкен газетке айналды. 1999 жылы «Мысты өңір» Қазақстан Журналистер одағаның лауреаты атанды. Бұл – оның осы ширек ғасырлық тарихындағы үлкен жетістіктерінің бірі.

Екінші бір жетістігі – оның ақпарат айдынынан ойып тұрып орын алуы, өзіндік оқырмандарын қалыптастыруы. Нарықтың сан құбылып келетін қыспақтарына қарамастан осы жылдар ішінде оның таралымы 13 мыңға дейін жеткен кездері болды.

– Тарих үшін 25 жыл дегеніңіз қас қағым ғана сәт. Міне, сол көзді ашып-жұмғандай уақыт ішінде газеттің оқырмандар сүйіктісіне айналуына не ықпал етті?

– Қай басылымның болмасын өзіндік бағыт-бағдары мен бет-бейнесі болмайынша мына ақпараттар аласапыранында айының оңынан тууы екіталай. Газет қызметкерлері осыны әуел бастан есте мықтап ұстады. Сөзімнің басында айтып өткенімдей, көп тиражды үнпарақ кезінен басылым ұлттық құндылықтарды дәріптеуге баса назар аударды. Тарихқа, тілге, мәдениетке қатысты кез келген мәселені ұсақ, ірі деп қарамай, реті келгенде рең беріп отырды. Осының нәтижесінде газеттің таралымы да өсе түсті. Оқырмандардың рухани көкжиегі кеңейіп, елге, жерге деген түсінік-танымдарына ықпал еткені байқалды. Осылайша жаңа бір тұрпаттағы қазақ басылымының қатарға қосылып келе жатқанын байқаған ұлтжанды азаматтар оған қолдауларын білдіре бастады.

Арада тағы бір он жыл өткенде, яғни 2008 жылдың шілде айының соңында мен «Мысты өңірдің» тізгінін ұстадым. Газеттің бұрынғы редакторы Нұрперзент Домбай басқа қызметке ауысты да, редактордың орны бос қалған еді. Сол жылдары қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін басқарып жүрген қазіргі Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар «Қазақмыс» корпорациясының баспасөзді басқаратын бөлімінің басшыларына менің кандидатурамды ұсынса керек. Олар құп алыпты. Бірақ, менің өзім біраз тартыншақтап едім, Әнуар інім: «Әбеке, аймағымызда өзіндік өрнегі бар басылымды одан әрі өрістету қажет. Ол сіздің қолыңыздан келеді», деп көнбесіме қоймады.

Газетке келген күннен бастап оның өзіндік бағытын, бет-бейнесін қалыптастыруға күш салдым. Сол үшін қаламдары қарымды журналистерді тарта бастадым. Сәтбаев қаласынан Абдолла Дастановты, Жезқазғаннан Балтабек Әбеуовты, Балқаштан Мейрамгүл Алпысбаеваны, Қарағандыдан Аманжол Үсентегін алдырдым. Газеттің дизайнын түбірінен өзгерттік. Мазмұнына барынша назар аудардық. «Мысты өңір» газеті елдік мәселені, ұлттық мүддені басты орынға қойды. Оқырман жүрегіне жол табуға ұмтылды. Руханият, мәдениет, тарих мәселесін ұдайы қаузай отырып, халықты толғандырған мәселелерді де қоса алып жүрді. Әрине, өндіріс саласы мен оның келешегі де назардан тыс қалған жоқ. Осы бағытта оқырмандарға ой салар мақалалар, өңірдің тұрмысы мен тынысына қатысты әлеуметтік мәселелер, түйткілді түйіндер біздің ұдайы назарымызда ұстайтын тақырыбымызға айналды. Міне, осылардың бәрі оқырмандар көңілінен шығып жатты.

– Газеттің тірегі – оның авторлары. Осы тұрғыдан келгенде «Мысты өңір» өзінің тұрақты авторларын қалыптастыра алды ма?

– Әлбетте. Бүгінгі күні біздің газетімізге еліміздің әр аймағынан жазып тұратын тұрақты авторларымыз бар деп айта аламын. Олардың көшін елімізге белгілі ақын, қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов ағамыз бастап келеді. Олардың қатарында республикалық редакторлар бірлестігінің жетекшісі Кенжеболат Жолдыбай, Кенжебай Ахметов, Ғазиз Ештанаев сынды ғалымдар, Батырбек Мырзабеков, Балтабек Әбеуов, Аманжол Үсенов сынды қарт қаламгерлер өздерінің ойлы мақалаларын бізге жиі жолдап тұрады.

Газетіміз өзге басылымдарға қарағанда тәуелсіз болғандықтан әлеуметтік, тұрмыстық мәселелерге қатысты қышқылы басым мақалаларын бізге ұсынатын Сұлтан Сүтбаев, Саят Дәулетияров, Мүсілім Әжібеков, Қойшыбек Тоқтамысов, Жәукен Бәйішев, Қадиша Өтеубаева, Жақан Махмұтов сынды тұрақты авторларымыз өз алдына бір төбе.

– Газет қай аймақтарға тарайды? Ол жақтарда меншікті тілшілеріңіз бар ма?

– «Мысты өңір» негізінен корпорацияның өндіріс орындары шоғырланған аймақтардың басым көпшілігіне тарайды. Атап айтқанда, Жезқазған Сәтбаев қалаларынан тыс Қарағанды, Теміртау, Балқаш қалаларындағы кеншілер мен металлургтер, шахтерлар біздің газетті жаздырып алдырады. Бұған дейін бұл аймақтарда газетіміздің меншікті тілшілері жұмыс істеп келді. Алайда, «Қазақмыс» корпорациясындағы қазіргі оңтайландыру шаралары біздің газетке де өз салқынын тигізіп тұр. Өткен жылдармен салыстырғанда газетіміздің таралымы да біршама қысқарды. Соның салдарынан өзге қалалардағы тілшілерімізді қысқартуға да мәжбүр болдық.

Бірақ, солай екен деп газеттің сапасын төмендетіп отырған жоқпыз. Оның мазмұнына, дизайнына бұрынғыдан да бетер мән беріп, өзге басылымдар сияқты түрлі-түсті болып бастыруға көштік. Біздің басты мақсатымыз – оқырмандардың сенімді серігі болу.

– Соңғы сауал. Газетте көтерілген мәселелердің қатарында аймақтың дамуына әсер еткендері болды ма?

– Өте орынды сауал. Осыдан бірер жыл бұрын басқарма төрағасы Эдуард Огай аймағымызда өткен бір алқалы жиында өңіріміздегі кен қорының сарқылып келе жатқанын айтып, таяу жылдары корпорацияның келісім-шартқа отырған мерзімінің бітетінін тілге тиек еткен еді. Осы мәселені біз дереу газет бетінде көтеріп, көпшілікке ой салдық. Соның нәтижесінде қаламыздың ақсақалдары Үкіметке хат жазып, аймағымыздың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеруге қатысты қолдау көрсетуді сұрады. Ақыры Елбасының тапсырмасымен кешенді жоспар қабылданды.

Тағы бір тілге тиек етерлік мәселе шағын қалаларды дамытуға орай көтерілді. Газетімізде «Жоғары жақтағылар осы Жезқазғанды біледі ме екен?» деген мақала жаздық. Оны жерлесіміз Мұханбет Көпейге жолдадық. Ол осы мақала негізінде Кәрім Мәсімовке хат жазды. Мәсімов оған жауап берді. Кейін газетімізге осы хаттар жарияланып, «Олар Жезқазғанды біледі екен» деген мақала жарық көрді. Осы мақала түрткі болып Жезқазған «Шағын қалаларды дамыту» бағдарламасына ілікті. Біз мұны әркез мақтанышпен айтамыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы.

Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.