Сапалы білімді, санаға сіңірген

20130802-6-1Биыл қыркүйек айында Сәтбаев қаласының құрылғанына 40 жыл толады. Бұл мерекені қала халқы асыға күтуде. Әрине, қала өздігінен салынған жоқ. Оның өркендеп, даму тарихында көп адамдардың қосқан үлесі бар. Қаланың тыныс-тіршілігіне жауапты Сәтбаев қаласының әкімдігі де осы жылдар ішінде талай өзгерістерден өтті. Никольский қалалық халық депутаттары кеңесінің атқару комитеті, Сәтбаев қаласының әкімшілігі, кейіннен Сәтбаев қаласының әкімдігі деп аталды.

Мереке қарсаңында сонау 80-жылдардан бері осы атқарушы билік органдарында адал да абыройлы жұмыс істеп, мемлекеттік қызметтен зейнеткерлікке шықса да, еңбекті өзіне серік еткен Гүлсім Пазылқызы Есмурзаеваны әңгімеге тартқан едік.

– Гүлсім Пазылқызы, сұхбатымызды балалық шақтан, отбасынан бастасақ…

– Мен 1954 жылдың 1 наурызында Жезқазған поселкесінде кенші отбасында дүниеге келдім, баланың үлкені болдым. Әкем 40 жылдан астам Оңтүстік Жезқазған кенішінде еңбек еткен, Ұлы Отан соғысының ардагері болатын, бірінші Украин майданында соғысып, жарақат алған. Көптеген үкіметтік наградалардың иегері болған әкем балалары мен немерелері үшін ұмытылмас үлкен тұлға. Анам да сол кеніште жұмыс істеген. Жаны да, ары да таза аяулы жан, өкінішке орай, дүниеден ерте кетті. Әке жолын қуған бауырларым да кеншілер. Немерелерінің бірі әскери қызметте, бірі кеден қызметінде, енді біреулері заңгер мамандығын игергенін көрсе, ата-анам қандай қуанышта болар еді?! Жолдасым да ұзақ жылдар бойы «Қазақмыс» корпорациясында геофизик болып еңбек етті, бір қыз, бір ұлым бар, немере қызығын да көріп отырмын.

– Сізді жақсы білетіндер мектепте жақсы оқыған, жасынан пысық, белсенді болған деп жатады, сол кездегі ұстаздарыңыздан қандай тәлім-тәрбие алдыңыз?

– Мен аты белгілі онжылдық №7 қазақ орта мектебін үздік бітірдім, ұстаздарыма деген алғысым шексіз, көбісі өмірден өтіп кетті. Алғашқы ұстаздарым Ерімбетова Күланда, Сафаргалиева Мархаба, Алексеева Нина, Бөлтірікова Күланда сияқты керемет жандарды үнемі сағынышпен еске аламын. Жоғары білікті, білімді де өнерлі мұғалімдерден – Балдырған Әбдікәрімова, Рашида Амутова, Нағима Бекмағамбетова, Клара Кафанова, Шабал Бейсенбековадан тәлім-тәрбие алғанымды мақтан тұтамын. Қазақстан Республикасының білім үздігі, ұстаздардың ұстазы болған, асылдың сынығы Жомартбаева Хакима Таирқызы басқарған жылдары мектебіміздің абыройы асқақ, білімі өрелі болды. Қаншама талантты жандар кейін еліміздің беткеұстар беделді азаматтары болды. Мұхамбет Көпеев, Жұмағали Наурызбаев, Майра Ерназарова, Гүлманат Хамзина, Қалдыгүл Табанова, Орынтай Лекерова сияқты шәкірттер мектеп мақтанышы болғаны көпшілікке аян.

– Өзіңіз оқыған мектеп туралы айтқанда, байқағаным, жүзіңіз бал-бұл жанып кетті. Негізгі мамандығыңыз қандай? Әріптестеріңіз сізді қазақша мен орысшаға ғана емес, ағылшын, неміс тілдеріне де жетік дейді…

– Мен Жезқазған педагогикалық институтының филология факультетінің неміс және ағылшын тілдері мұғалімі мамандығын бітіріп, ұстаздық қызметті №25 орта мектепте бастағанмын. Ол кезде бізге шет тілінен беретін мамандар Мәскеуден, Алматыдан келетін. Бірге оқыған курстастарымның басым бөлігі қазір Германияда, Голландияда, алыс-жақын елдерде қызмет етуде. Кейбіреулерімен хабар алысып та қоямыз. Өзім кезінде сапалы білім алғаныма күмәнім жоқ. Төрт тілде де еркін жазып, сөйлей алатыным рас.

– Жергілікті атқару органына қызметке қалай келдіңіз? Ол кездегі жұмысқа қабылдау тәртібі қандай болатын?

– Ол кезде басшы кадрлар мәселесімен қалалық партия комитеті айналысатын, тәжірибесі бар, білімді мамандар алуға тырысатын. Мені жасөспірімдер ісі жөніндегі комиссияның хатшысы қызметіне осы атқару комитеті төрағасының идеология жөніндегі орынбасары Балдырған Әбдікәрімқызы шақырды. «Сен бұл жұмысты алып кетесің, қолыңнан келеді» деп, сенім артқан. Сол кезде атқару комитетін өзінің батыл іс-қимылымен, жоғарыдағы басшыларға жалтақтық танытпай, айтар ойын дөп жеткізетін, қаланың өсіп-өркендеуіне нақты үлесін қосқан, бүгінгі қадірменді ақсақал, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Аханов Мұзараф Аханұлы басқаратын. Осы қызметте жүргенімде мен партия-кеңес жұмыстарының қыр-сырын Балдырған Әбдікәрімқызынан үйрендім. Мамандарға талап қойғыш, қатал болса да әділ, алдына келген қала тұрғындарының өтініш-тілектерін орындауға бар жанын салатын.

1990 жылы қалалық партия бюросының шешімімен мен осы атқару комитетінің жалпы бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалып, он жыл қызмет еттім. Он жылға жуық Сәтбаев қаласы әкімінің аппарат басшысы қызметін атқардым. 2010 жылдың қыркүйегіне дейін Жезқазған қаласы әкімі аппаратының басшысы болдым. Осыдан кейін 2012 жылдың сәуір айына дейін қаламыздың мәдениет және тілдерді дамыту мемлекеттік мекемесінің басшысы қызметін атқардым.

– Отыз жылға жуық мемлекеттік қызметіңіз бағаланды ма?

– Осы жылдар ішінде облыс және қала әкімдерінің мақтау грамоталары мен Алғыс хаттары, сайлау науқанын табысты өткізуге қатысқаным үшін Елбасының Алғыс хаты, Республикалық «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясының марапаттауларына ие болдым. Ел Тәуелсіздігінің 10 және 20 жылдығына арналған медальдармен марапатталдым. Бірақ мен үшін ең қымбат мақтау – айналамдағы жандардың маған деген оң көзқарасы, адал көңілі, олардың түзу сәлемі.

– Сіздің ойыңызша, қала жұртшылығының есінде қай басшы өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленді?

– Атқару комитеті, қалалық әкімшілік, қалалық әкімдік болып өзгерген атқарушы билік органдардың басшылары қызметін әр түрлі жылдары Серік Мәкенұлы Төрегелдин, Қайыртай Матанұлы Дарданбаев, Владимир Николаевич Малышев, Сералы Әбдуәлиұлы Досмағамбетов, Баттал Мұхыш, Қанат Сұлтанұлы Балмағамбетов сынды азаматтар атқарып, осы қаланы көркейтуге атсалысты. Одан кейін де бірнеше азаматтар әкімдік қызметті атқарды.

Әрине, әр қала басшысы өзінің шама-шарқына қарай қызмет етті. Менің ойымда қалғаны – Сералы Досмағамбетов. Жас басшы болған соң ба, жаңалыққа жаны құмар болатын, тұрғын үйлерді шағын аудандар кеңесіне бөліп, оларды әр мекемеге бекітіп, қаланы көгалдандыру жұмысын жандандыру бағытында жаңашыл бір идеяларды жүзеге асырды. Сол үрдіс күні бүгінге дейін қолданылып келеді. Әрине, қазір балаларға арналған аулалар ашылып, бақжолдар салынды. Алға ілгерілеушілік байқалады, бірақ, қала тұрғыны ретінде айтарым – қаланы абаттандыру ісіне жаңа бір леп кіргізу артық болмас еді.

Әсіресе, 1999 жылдың 12 шілдесінде Сәтбаев қаласының әкімі болып тағайындалған Қанат Балмағамбетовтің кеншілер қаласының қайта жаңаруына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ол кезде мемлекеттік мекемелер 90-шы жылдардың тоқырауына ұшырап, қысқартуларға тап болған. Тіпті, әкімдік ғимаратының өзі азып-тозып, 1997 жылдан бастап өзінің жеке бюджетінен айрылған Сәтбаев қаласы үшін Қанат Сұлтанұлының келгені нағыз бақыт болды. Оған дәлел – 2000 жылы Елбасымыздың кезекті бір іссапары кезінде Сәтбаев қаласын үлгілі қала деп атағаны. Мұны естіген сәтбаевтықтардың еңсесі көтеріліп, жұмыс істеуге құлшыныстары артты. Жалпы, Қанат Сұлтанұлы ұжым мүшелерін, жастарды қала патриоты болуға шақырды, жақсы, білікті мамандарды таңдап, тәрбиелей білді.

Осындай азаматтың қажыр-қайраты арқасында 2003 жылдың желтоқсан айында Сәтбаев қаласы қайтадан дербес бюджетіне қол жеткізді. Ол оңай болған жоқ, өйткені, мүдделі тұлғалар тарапынан түрлі қиыншылықтар болды. Барлық мекемелерге жағдай жасалып, жұмыстар өз арнасымен әрі қарай жалғасты. Қалада жаңа нысандар ашылды.

– Зейнет жасына шыққаныңызбен білім беру саласында қызмет атқарудасыз, жұмысыңыз ұнай ма?

– Білім саласы мен үшін таныс дүние, білімім мен шамам жетіп тұрса, неге еңбек етпеске. Жұмысым өзіме жаңашылдығымен, қажеттілігімен ұнайды. Менің ойымша, нағыз заманауи инновациялық жаңалықтар білім саласында.

– Гүлсім Пазылқызы, сіз жас көрінесіз, үнемі жинақы жүресіз, құпия болмаса, оның сыры неде?

– Адамның ең алдымен ішкі жан дүниесі таза болу керек. Ойларың дұрыс, жақсылыққа жақын болса, айналаңдағы өзіңді қоршаған ортаға жамандық жасамасаң, жүзің жарқын болады. Өзін сыйлайтын әр адам сыртқы кейпінің тартымды болуы үшін еңбек ету қажет. Спортты жақсы көремін. Күнде таңертеңгілік жаттығулар жасауды міндетім деп білемін. Денсаулыққа пайдасы зор йогамен айналысқаныма бірнеше жыл болды. Оның сыртында сапалы косметика мен парфюмерияны пайдаланамын.

– Адами қасиеттердің қайсысы жаныңызға жақын, қайсысы ұнамайды?

– Өз ойын ашық айтатын, оптимист, қиындыққа мойымайтын, достыққа берік, адал адамдар жаныма жақын. Ал, жағымпаз, өтірікке жақын, кісіні тек лауазымына қарап сыйлайтын адамдардан аулақ болғанды қалаймын.

– Ақпарат құралдары жан-жақты дамыған заманда адамдар компьютербасты болып кетті. Сіз кітап, басқа да басылымдарды оқисыз ба?

– Жұмысымыздың басым бөлігі компьтермен байланысты болған соң, арнайы компьютерлік бағдарламалармен жұмыс істейміз, бұл – өмір талабы. Интернет ресурстарын пайдалануды тиімді деп ойлаймын, пайдалы тұстары көп. Алайда, республикалық, облыстық, жергілікті басылымдардың бәрін жаздыртып оқимын. Ал, кітаптың орны бөлек – ол теңеусіз рухани азық. Сондықтан кітап оқу – сүйікті ісім. Соңғы кезде оқығаным – Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» атты тарихи романы және Әлжаппар Әбішевтің «Алтын қалам» романы.

– Қаланың 40 жылдық мерейтойы қарсаңында сәтбаевтықтарға айтар тілегіңіз?

– Менің жүрегімде Сәтбаев қаласының орны ерекше. Шын жүректен туған қаламның көз тартар әдемі болып көркеюін, ондағы халықтың тұрмысының жақсы, бақытты болуын тілеймін.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген Марал Шахаева.

Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.