Қадір түнінің қасиеті

Ислам дінінің асыл құндылықтары мен негіздерін түсіндіру, оның маңыздылығы жайында тұрғындарға уағыз-насихат айту мақсатында Жезқазған аймағына Астана қаласының «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы, www.muslim.kz сайтының редакторы Мақсатбек Қайырғалиев және Алматы қаласының орталық мешітінің наиб имамы, www.azan.kz сайтының редакторы Нұрмахамад Иминов арнайы келді.

«Қадір түнінің қасиеті» тақырыбында өткен кездесуге Сәтбаев қалалық Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы мешіттің бас имамы Бақдәулет қажы Абдрахманов және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Қасиетті Рамазан айының аяқталуына аз қалғандығын әдетте Қадір түні білдіреді. Биылғы жылы барша мұсылмандар Қадір түнін тамыз айының 3-нен 4-не қараған түні қарсы алады. Бұл түннің ерекшеліктері мен бұл түнде орындалуы тиіс амалдар туралы «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Мақсатбек Қайырғалиев түсіндірді.

– Қасиетті Рамазан айындағы Қадір кеші – адамзаттың ақ пен қараны айыратын түн, барлық жақсылық атаулының қайнар көзі болып саналатын мүбарак Құран Кәрім аяттары түсе бастаған түн. Осы кеште барлық періштелер жер бетіне ізгі амалдар үшін жіберіледі. Бұл кеште жасалған әрбір ізгі амалдар мен құлшылықтардың, қайырымды істердің сауабы мың еселеп жазылады. Құранның Қадір сүресінде бұл айдың мың айдан қайырлы екендігі кеңінен айтылған. Мың ай 83 жылға тең. Бұл дегеніміз бір адамның өмір бойы Аллаһ Тағалаға құлшылық етуімен пара-пар. Құранда Қадір түнінде жерге періштелер мен Жәбірейіл түседі делінген. Қадір түні – Алла Тағалаға құлшылық етіп, дұға тілейтін түн. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «кімде-кім осы Қадір түнін шын имандылықпен Алла Тағаладан сауабын күтіп, Жаратқанға таң атқанша құлшылық етіп өткізетін болса, ол кісінің барлық күнәлары кешіріледі» деген. Қадір түнінде мұсылмандар жергілікті мешіттерде имамдардың уағыздарын тыңдап, көкейлерінде жүрген сан сауалдарына жауап алып, көптеген ізгілікті амалдарды үйреніп, таң сәресіне дейін құлшылықпен өткізгені дұрыс. Бұл түнде барша жамағат дұға-тілек ету, Тарауих намазын оқу, Құран, Хадис кітаптарын оқу секілді амалдарды орындауы тиіс. Алайда, Қадір кешінде ұйықтамаса болды екен деп, уақытты құмар ойындар ойнап немесе кино көріп өткізуге болмайды. Сонымен қатар, Қадір түнін шелпек пісіріп, дастархан жайып күту дұрыс емес, – деді Мақсатбек Қайырғалиев.

Қадір түнінде қалалық Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы мешітте өткізілетін іс-шаралар жайында бас имам Бақдәулет қажы Абдрахманов ақпарат берді.

– Бұл күні таң атқанша мешітте имандылық жайлы уағыздар айтылып, құлшылық жасалады. Қасиетті Құран Кәрімнің сүрелері мен аяттары оқылып, имандылық жайлы тәрбиелік мәні бар әңгімелер айтылады. Қадір түніне арналған бағдарламаға сәйкес жиналған жұртшылықтың діни сауатын ашу мақсатында сұрақ-жауап, «смс бәйге» секілді іс-шаралар ұйымдастырылады. Жұртшылық дін жөніндегі көкейдегі сауалдарын қойып, оған жауаптар алады. Оған қоса, келген жамағатқа мешіт асханасынан сәресі беру жоспарлануда, – деді бас имам.

Алла Тағала адам баласын тек қана өзіне құлшылық етсін деп жаратқаны хақ. Олай болса, мың түннен қайырлы бұл түнде түрлі құлшылықтар жасап, Құран оқып, тәубе етіп, кешірім тілеп, өзіміз үшін және еліміздің тыныштығы мен бейбіт өмірді тілеп дұға жасауға болады. Сондай-ақ, бұл түнді рухани дүниемізді байытатын діни кітаптар оқып, діни сауаттылығымызды арттыруға бағытталатын бейнефильмдер мен бағдарламаларды көрумен өткізген абзал. Ең бастысы, осындай ұлық түннің қадірін барынша сезініп, мол сауаптан үміт етіп өткізген дұрыс.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.