Ұлық айдағы кездесу

20130802-04-2Жетпіс жыл өзіндік салт-дәстүрден, діннен алшақ кеткен еліміз тәуелсіздік алған тұста осының барлығын қайта жаңғыртып, жарқырата көрсетуге мүмкіндік алды. Әсіресе, діни сауаттылықты арттырудағы қадамдар тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қарқын ала бастады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050 Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – Ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал. Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды Ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысады. Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек», – деген болатын.

Ата-баба дәстүріне негізделген дініміздің асыл құндылығын сақтап қалу – қоғамды алаңдатып отырған жайттың бірі.

Жақында қала басшысы Әнуар Омардың қатысуымен қаламыздағы діни ахуалдың қай деңгейде екендігін саралап, білу мақсатында «Қазақ тарихындағы Ислам дінінің орны» атты кездесу ұйымдастырылды.

Өзекті тақырып қозғалған бас қосуға ҚМДБ Жезқазған аймақтық өкіл имамы, Жезқазған қаласы Ахмет ишан Оразайұлы атындағы мешіттің бас имамы Қабылбек қажы Жұмабеков, қаламыздағы қос мешіттің бас имамдары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев, ішкі істер бөлімі мен прокуратура өкілдері, қала ақсақалдары және намазхандар қатысты.

Жиынды ашып, жүргізген қала басшысы Ә.Омар ұлық айдағы кездесудің мән-маңызына тоқталып, кіріспе сөзімен ашты. – Қаламыздағы намазхан бауырларымыз да бір қауым ел. Олардың да ойында жүрген мәселелерін тыңдап, кеңесу қала басшысы ретіндегі міндетім болған соң, осы кездесуді ұйымдастырып отырмыз. Сан ғасырлар бойы тамырын тереңге жайған Ислам діні өз деңгейінде насихатталып келеді. Алайда, оны діни сауаттылығының жоқтығынан бұрмалаушылар да табылуда. Біз осыған тосқауыл қоюымыз керек. Бейбітшілікті, тұрақтылықты басты қағида етіп ұстанып отырған елімізде бірнеше діни бірлестіктер, 130-ға тарта ұлт өкілдері ғұмыр кешуде. Біз осы тату-тәтті тіршілігіміздің тұрақты және мызғымастай берік болуына көп күшімізді салуымыз қажет, – дей келе Әнуар Серікбайұлы жиынның басты тақырыбына байланысты баяндама жасау үшін сөзді өкіл имам Қабылбек қажыға берді. Өз кезегінде өкіл имам Ислам дінінің қазақ жеріне таралу тарихын, оны еліміздің ғұламаларының насихаттап, бүгінгі таңға жеткізудегі рөлін, қазіргі таңда дін тұрғысында туындап отырған өзекті мәселелерді ортаға салды.

Қаланың Құрметті азаматы, ақын Мұса Тілеуов, намазхан Асқар Қошанов тақырыпқа сай өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Кездесу барысында залға жиналған көпшілік қала басшысына осындай кездесуді ұйымдастырып, дін тақырыбында қызу талқылау жасауға мүмкіндік жасағаны үшін алғыстарын білдіріп, көкейлеріндегі көп сауалдарын жолдады. Екі жарым сағатқа созылған кездесу аясында біраз мәселелер қамтылып, сұрақтар қойылды.

Жиналған көпшіліктің қояр сауалы мен айтар ұсыныс-тілектері көп болған соң болар, мұндай кездесу алдағы уақытта да жиі ұйымдастырылып тұратын болып шешілді.

Бағдат Қазкенов.

Сурет автордікі.

/p

Комментарии закрыты.