Тұрғындар мәселесі жауапсыз қалмайды

Өткен аптада қала әкімі Әнуар Омар қала тұрғындарын қабылдап, толғандырып жүрген мәселелерін тыңдады.

Қабылдауға жазылған үш азаматтың біріншісі – Дәрібек Нұрпеисов өзі тұратын Бөпежанов көшесі, 20 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу жөнінде мәселе қозғады. Оның айтуынша, 1956 жылы салынған ағаш үйдің қазіргі жағдайы өте төмен. Жаңбыр жауғанда, қар ерігенде төбесінен су ағады. Қала басшысынан осы үйдің жөндеу жұмысына көмек беруін сұраған зейнеткерге алдағы уақытта бұл мәселе бойынша жұмыстар жүргізіліп, жазбаша түрде жауап қайтарылатындығы айтылды.

Тәуелсіздік даңғылы, 45 үйде тұратын Диана Мұқанова осы үйге жапсарлас салынған «Мұрагер» мейрамханасы бой көтеріп, той-томалақ өткізгеннен бергі уақытта тыныштық қашқанын айтты. Бұл мәселемен құзырлы органдарға да талай мәрте шағымданған. Мәселенің мәнісі қазір облыстық сотта қаралуда көрінеді. Кәсіпкерлік нысан бой көтергенде оның иелері бұл подъезде тұратын тұрғындардың келісімін алмаған. Осы түйінді тарқатып беруді сұраған тұрғындарға қала басшысы әуелі соттың шешімін күтіп, содан кейін нақты шаралар қолданылатындығын жеткізді.

Сарыарқа көшесі, 82 үйдің тұрғыны Алтай Көккөзов бірнеше жылдан бері кәріздік құбыр, жарық тарту және жол салу мәселелері шешілмей келе жатқандығын айтты. Қала әкімі бұл мәселенің өзіне таңсық еместігін, қазіргі таңда көшеге жол салу және кәріздік құбыр тартуға байланысты сметалық құжаттың әзірлену үстінде екендігін түсіндірді.

Қабылдауға келген тұрғындарға қала басшысы көтерілген мәселелердің жауапсыз қалмайтынын айтты.

Б.Қазкенов.

Комментарии закрыты.