Абыз

Жезқазған-Ұлытау аймағы журналистикасының абызы, жазушы Апбаз Қаражігітов биыл торқалы тоқсан жасқа толып отыр.  Осы мерейтой қарсаңында біз туған күн иесін кеншілер қаласының тұрғындарына кеңінен таныстыру мақсатында абыз ағаның үйіне арнайы атбасын тіреген едік…

Қаражігіт би

Ағайын арасында телі-тентектер аз болған ба?! Солардың салдарынан ел бірлігіне сызат түсіп, айрандай ұйып отырған аталастардың ара жігі ашылып жатқан кездері де көп болса керек. Сондай бір келеңсіз жағдай Шу бойын жайлаған Шағырлардың арасында да орын алды. Екі тентектің егесінен ел екіге жарылып, дау-дамайдың созылғанына жылға жуық уақыт болған. Былай қарағанда ел дүрлігетін де жағдай емес еді. Бар болғаны «менің атам мықты болған» дегенге екіншісі «жоқ, менің атам мықты болған. Дүйім ел соның соңынан ерген» деген сөзге келісе алмаған екі тентек теке-тіреске барып, ақыры бірін бірі соққыға жықса керек. «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деп мұндайға аса мән бере қоймайтын ағайынның арасына сырттан шоқ-шоқ айтқандар болды ма екен, бітістіру кеңесі үш рет өтсе де елдің басы бірікпеді.

Сондай бір жиыннан бастары салбырап, ештеңе өндіре алмай ауыл-ауылдарына қайтып жатқан топтың бірі асық ойнап жатқан балалардың тұсынан өтеді. Сонда әлігі балалардың ішінен қараторы бір бала.

– Өстіп жүріп те ел боламыз дейміз-ау. Болмашы бір істің шешімін тауып, екі елді бітістіре алмай жүргенімізге жыл болды. Ал, білген кісіге оның бітімінен оңайы жоқ, – депті.

Мұны естіген үлкендердің бірі

– Білгіш болсаң ана елге айтып, бітістірші, – дейді

– Апарыңыз мені үлкен үйге, жинаңыз жақсылар мен жайсаңдарды. Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамас, – дейді бала тайсалмастан.

Мұны естіген ел қайта жиналып, тентектерін ортаға шығарып «мына екеуінің қайсы айыпты екенін айырып берші» дейді манағы балаға. Сонда бала суырылып ортаға шығып, бір қолын жоғары көтеріп оңды-солды сілтейді. Онысын ел түсінбей, балаға қарайды.

Енді бала екі қолын көтеріп сермеп келіп алақандарын сарт-сарт соғады. Жұрт тағы да түк түсінбей балаға қарайды.

– Ау, жарқыным! Мына жұмбағыңның шешуін өзің айтшы. Біз түк ұққанымыз жоқ, – дейді үлкендер.

Сонда бала:

– Бір қолымды сермегенде ешқандай дыбыс болған жоқ. Құр ауа ғана қармады. Екі қолымды сермеп, алақан соққанымда сарт еткен дыбыс естілді. Мыналардың да шаруасы осы секілді. Екеуінің айдаладағы дауы мен жанжалын ешкім естіген жоқ. Олардың нені айтып, төбелесті қайсының бірінші бастағанын ешкім көрген жоқ. Бір құдай ғана куә. Егер екі алақан соғылып дыбыс шыққандай екеуінің жанжалын ел естіп, көргенде жағдай басқаша болар еді. Ендеше, мұның жолы біреу-ақ. Қазір екеуін ел алдында белуарына дейін шешіндіріп, төске-төс түйістіріп, татуластыру керек. Тәнге тән тигені екі жігіттің бір құрсақтан шыққанындай болғаны. Бір құрсақтан шыққан балада алауыздық болмайды, – деп кесім айтқан екен.

Жиналған ел баланың мына бітіміне риза болып:

– Оу, ағайын, мына қара бала болайын деп тұрған жігіт екен, мұның аты Қаражігіт болсын, – деп баталарын беріпті.

Сөйтіп, баланың Байменде деп азан шақырылып қойған аты ұмытылып ел, оны Қаражігіт атап кеткен.

Қаражігіт өмірінің соңына дейін елге әділдігімен, қайырымдылығымен танылып, кешегі кеңес өкіметі тұсында да елдің бірлігін, тыныштығын сақтап, халқына адал қызмет етіпті.

Аттың жалы, түйенің қомында

– Мен өзімді аттың жалында, түйенің қомында туылған адаммын деп есептеймін. Өйткені, біздің аталарымыз кезінде Шудың бойын қыстап, көктем шыға Бетбақтың даласын кесіп өтіп Атбасарға дейінгі кең алқапты жайлап жүреді екен. Міне, сол көшіп-қонып жүрген елде доңыз 1923  жылы, көктем шыға Шудың бойында өмірге келіппін.

Әкем Байменде кезінде би болған, ел арасындағы дау-дамай, ұрыс-керісті тоқтатып, әділ билік айтқан, елдің бірлігін сақтаған кісі болған. Сондай билік айту кезінде елдің сүйіспеншілігіне бөленіп, қараторы өңіне орай «Қаражігіт» атанып кетіпті. Халық сүйген құлын шұнағым демей ме, – дейді Апекең өзінің өмір өткелдері жайлы әңгіме қозғап.

Елдің бірлігін, ынтымағын сақтап, кеңес өкіметінің жақсы жақтарын халыққа түсіндіріп, кешегі колхоздастыру жылдарында айналасындағы ауылдарды ортақ шаңыраққа біріктірудегі еңбегін бағаласа керек, «қылышынан қан тамған» кеңес өкіметі кешегі би Қаражігітке аса қысым көрсетпепті. Қайта ұлы Апбазға бес жасынан бастап құран сүрелерін оқытып, бірнеше аяттар жаттатқан да екен. Бірақ, бала Апбаз әкенің қамқорлығын көп көре алмады. Ол жеті жасқа толғанда әкесі бақилық болып, бүкіл ауыртпалық енді мұның мойнына түсті. Сол бір сұрғылт заман сол уақытта өмірге келген Апекең сынды жеткіншектерді ерте есейтті.

1934 жылы Отыншы ағасы оны Жезқазғанға көшіріп әкелді. Бұл кезде осы аймақта өндірістің іргетасы қаланып жатқан болатын. Дәл сол уақытта Жарық-Жезқазған темір жолы келіп, Отыншы көкесі темір жолға жұмысқа тұрып, Апбазды мектепке оқуға берді. Осылайша Апекеңнің жаңа өмірі басталды.

– Мен көшпелі елдің ортасында өмірге келгендіктен бе, жастық шағымның көбі аттың жалы, түйенің қомында өтті, – деп күледі Апбаз аға әңгіме желісін тың арнаға бұрып жатып.

Ел еңсесін тіктеп, ауыл, ел болып қауымдасып жатқан тұста тағдырдың тағы бір ауыр сынағы басталды. Ел шетіне жау тиді. Неміс басқыншылары батыстағы шекараны бұзып, тұтқиылдан соғыс ашты. Елдегі ер-азаматтар майданға аттанды. Бұл кезде Апбаз ат жалын тартып мінер азамат болып қалған еді. 1942 жылдың қысында ол да әскер қатарына шақырылды.

Троицк қаласының маңындағы орманда әскери дайындықтан өтіп, Сталинград майданына аттандыруға әзірлік жүріп жатқан кез еді. Арнайы тапсырма бойынша әскери маңызы бар нысан салу үшін жауынгерлерді бөрене тасуға жұмылдырды. Ұзындығы алты-жеті метр болатын бөренені үш-төрт жігіт көтеріп таситын. Сондай бір бөренені алып келе жатып алдыңғы жақтағы жауынгердің бірі сүрініп құлады. Оның артындағылар да жығыла бастады. Апбаз бөрененің орта шенін көтеріп келе жатқан. Алдыңғылар құлаған кезде барлық салмақ бұған түсіп, бөрененің астында қалып қойды.

Есін далалық госпитальда жиған Апбаздың ә дегенде байқағаны оң жақ иығын кеудеге дейін гипстеп тастаған екен. Иық сүйегі бұғанамен қоса үгіліп кетіпті. Ақыры, әскери комиссия оны жарамсыз деп тауып, елге қайтарды.

– Ұрысқа қатыспай жатып мүгедек болып оралу мен үшін масқара еді. Елге барғым келмей, басқа бір жаққа кетуді де ойладым. Осылай әрі-сәрі күй кешіп келе жатқанымда аудандық партия комитетінің хатшысы ұстап алып, мән-жайды білген соң маған жатып кеп жабыссын.

– Сен, бұлай ұнжұрғаңды түсірме. Бұл жақ та майдан. Жолдас Сталин «тылдағылар жеңіс үшін, майдан үшін еңбек етіп, жеңіс сағатын жақындатуға үлес қосуы керек» деді. Ендеше сен бүгіннен бастап Бірлестік калхозына есепші болып барасың, – деді.

Ол уақытта партияның тапсырмасын орындамау қылмыс жасағанмен бірдей жазаланатын. Ақыры ауылға атбасын бұрдым, – дейді Апекең.

Апбаз аға соғыс кезінде бастаған есепшілік жұмысын 1946 жылға дейін үздіксіз атқарды. Партия қатарына өтті. 46 жылы партия оны Қызыл әскер колхозына есепші етіп жіберді. Екі жарым жыл осы жақта жұмыс істеп, 1948 жылы жоғары оқу орнына оқуға түсу үшін Алматығы келді.

Өмірлік тұғыр

Мектепте бар-жоғы жеті-ақ сыныптық білімі бар Апекеңнің жоғарғы оқу орнына түсуінің өзі оңай болған жоқ. Бірақ, еті тірілігінің арқасында оқуға түсіп, тіл әдебиеті мамандығын алып шықты.

Филология факультетін табысты аяқтаған Апекең елге келіп, мектепке мұғалім, мектеп директоры сынды қызметтерді мінсіз атқарды. Солай жүріп ол өзінің ақындық қырын да елге танытты. Сол кездегі Қарағанды облысының «Советтік Қарағанды» газетінде алғашқы өлеңдері жарық көре бастады. «Қазақ әдебиеті» газетінде де оның өлеңдері шығып тұрды.

Осылай жүргенде 1973 жылы  Жезқазған облыс болып шаңырақ көтеріп, облыстың «Жезқазған туы» газеті жарық көретін болды. Апекең осы газеттің алғашқы журналистерінің бірі болып қабылданды. Содан ұзақ жыл газетте еңбек етіп, жас облыстың тыныс-тіршілігі, өндіріс пен ауыл шаруашылығының жай-жапсары жайлы қалам құрғатпай мақалалар жазды. Осылай жүріп әңгімелері мен повестері де ара-тұра жарық көріп жатты.

Бүгінде тоқсанның төрінен орын алған абыз Апбаздың көргені мен түйгені көп. Еліміз тәуелсіздігін жариялап, кем-кетігімізді түгендей бастағанда да Апекең азаматтардың ақылшысы бола білді.

Адам баласы бұл өмірге келген соң саналы ғұмырын ізгілікке жұмсауға күш салады. Апбаз Қаражігітов те өзінің саналы ғұмырының айшықты кезеңдерін елінің, өзі туып-өскен ауыл-қаласының келешегінің кемелді болуына арнады. Оның қаламынан кесек дүниелер жарық көріп, өзінің оқырмандарын тапты.  Абыз Апбаздың алғашқы кітабы 1976 жылы жарық көрді. «Ақмоншақ» деген повесіне жазушы екінші тың саналған қой шаруашылығын өркендету жолындағы жастардың жалынды істерін арқау етті. 1991 жылы жазушының «Әке даусы» повесі жарық көрді. 1993 жылы «Майқоңыр», 1998 жылы «Қайран шешем», 2001 жылы «Абыздар биігі», 2004 жылы «Сөнбеген шырақ» кітаптары оқырмандарына жол тартты. Ал, биыл Апбаз Қаражігітовтың екі томдық таңдамалар жинағы жарық көрді.

Апекеңнің «Баубек», «Сәкен Сейфуллин», «Махаббат азабы», «Ату жазасын сұраймын» деп аталатын драмалары кезінде өнерсүйер қауымның ыстық ілтипатына бөленді.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.