Мереке құрметіне арналды

20130809-04-2Өткен аптада көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтілді. Автокөлік жүргізушілері арасында өткен шеберліктері сынға түскен сайыстар осы мереке құрметіне арналды. Бұл байқауларды «КәсіпҚазақмыс» кәсіподағының «КМ Logistik» ЖШС-індегі бастауыш кәсіподақ ұйымы ұйымдастырды.

Жолаушылар автокөлігі кәсіпорнында өткен сайысқа он бес жүргізуші қатысты. Олардың бәрі көп жылдық тәжірибесі бар өз ісінің үздіктері. Ал, мына сайыста мықтылардың ортасынан нағыз мықтылар танылмақ. Өйткені, жұмысшыларды еңбек орындары бойынша тасымалдайтын ұзын автобустарды ұршықша үйіре білу оңай емес. Әсіресе, қала ішіндегі автокөлік те, жолаушылар да көп әдеттегі ығы-жығы аялдамаларда автобус жүргізушілерінің шеберлігі сынға түсіп жатады. Сол шеберліктерін енді әріптестері алдында танытулары тиіс. Күткендегідей-ақ байқау өтуге арналған алаңдағы жол сынақтарынан мүдірмей жүру оңайлыққа түспеді. Қазылар алқасының ұйғарымымен «Жүргізу шеберлігі» байқауының ең басты жүлдесін Мұрат Хасенов иеленсе, ал, екінші орынды Жайнар Қаржауов жеңіп алды. Жүлделі үшінші орындарды Сәрсен Айтмағанбетов пен Айтан Хамзиев бөлісті.

— Мемлекеттік және кәсіби мерекелер қарсаңында еңбек ұжымдары мүшелеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды кәсіподақ ұйымы өзінің басты міндеті санайды, — деді біз әңгімеге тартқан «КәсіпҚазақмыс» кәсіподағының осы кәсіпорындағы бастауыш кәсіподағы ұйымы төрағасының орынбасары Әсел Жанжігітова. — Осы мақсатта ұйымдастырылған шеберлік байқауы автобус жүргізушілерімен қатар, автокөлік жөндеушілері мен жеңіл көлік жүргізушілері арасында да өтті. Сөйтіп, мереке қарсаңында үздіктердің таңдаулылары анықталып, марапат-қошеметке бөленді. Сондай-ақ, осы автокөлік кәсіпорындарында ұйымдастырылған «Көңілді старт» жарыстары еңбек адамдарына демалыс сәтін сыйлағаны анық. Осылайша төл мерекелері қарсаңында әрі шеберліктері танылды, әрі көңілді демалды, — деген еді кәсіподақ жетекшісі.

Шахмұрат Ибадатов, Жезқазған кәсіподақ ұйымының баспасөз хатшысы.

Комментарии закрыты.