Қала әкімдігінде

Қысқа дайынбыз, –дейді басшылар Сейсенбі күнгі жылу беру маусымына дайындық жөніндегі отырысты қала әкімі С.Т.Медебаев өзі жүргізді. Әкім алдымен жиналғандарға Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары қызметіне жаңадан тағайындалған Қ.Шайжановты таныстырды. Сәтбаев қаласының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің бастығы Ұ.Үсеновтың хабарламасына сүйенсек, екі жылу беру стансасы да қысқа дайын екен. Бүгінгі күні су жіберу жүйелерін жуу, шаю жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мектепке дейінгі және білім беру мекемелерінің, мәдени ошақтардың, туберкулезге қарсы күрес диспансерінен басқа барлық денсаулық сақтау нысандарының қысқа сақадай-сай екенін жеткізді. Жылу энергетика кәсіпорнының дайындығы жөнінде мекеме директоры С.С.Писарев баяндап, мазуттың жеткілікті екенін, 3 айлық көмір қорын жинап алғандарын, 2 қазандықтың да дайын тұрғанын, шешілмей қалған мәселе жоқтығын айтып залдағыларды бір жылытып тастады. Есеп беруге мінбеге шыққан СЖСҚК бастығы Қ.Жұмабеков: – Бекітілген кестеге сай жұмыс атқарып жатырмыз, қысқа 100% дайынбыз деп жариялады. Штаб отырысын қорытындылай келе, қала әкімі С.Т.Медебаев жауапты мекеме басшыларына кезекшілік кестесін жасап, күні-түні жұмыс істейтін төтенше жағдайлар қызметін құру керектігін айтты. Әсіресе, жүйелерге жылу беріле бастаған кезде бақылауды күшейту керек деп тапсырды. Арқаны кеңге салмай, ауа райы қолдап тұрған кезде ірілі-ұсақты кемшіліктерді жойып, арық айтып семіз шыққанымыз дұрыс шығар. Әйтпесе, өткендегі бір нөсерлеткен жаңбырда үйдің төбесінен аққан судың 3-ші қабатқа дейін жеткенін әлі күнге ұмыта алмай жүрген тұрғындар бар.

Комментарии закрыты.