Тұрғындарды қабылдады

Өткен жұмада қала әкімі Әнуар Омар әкімдіктің кіші залында өзіне өтініштерін айта келген қала тұрғындарын қабылдады. Қабылдауға қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиева, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің бастығы Серік Оразбаев және басқа да құзырлы бөлімдердің басшылары қатысты.

Әкім қабылдауына келгендердің дені тұрғын үйге қатысты мәселелерді көтерді. Олардың бірі өздерінің, не балаларының баспанасыз отырғанын айтып, көмек жасауын сұрады. Мәселен, Сәтбаев ауылынан келген зейнеткер Насима Росинская өзінің қартайып, жалғыз қалғанын, ауылдық жерде тұра алмайтынын айтып, қаладан үй алуға жәрдем сұрады.

– Ауылда үйім бар. Бірақ, бірнеше жыл болды не сата алмай, не айырбастай алмай жүрмін. Егер қаладан үй алуға жәрдемдессеңіздер сол үйді тастап-ақ кетер едім. Қазір қалада бір бөлмелі пәтер жалдап тұрып жатырмын, – деді қарт ана жабығып.

Әрине, азаматтық тұрғыдан келсек анаға үй әперу парыз. Бірақ, заң құрығы қолға байлау. Атында үйі бар адамды тұрғын үй кезегіне қою да заңға қайшы. Әкім Әнуар Омар осы тұйықтан шығар жол іздеп бақты. Тиісті мекемелерге қейуананың үйін айырбастайтын мүмкіндіктер іздеуге дейін тапсырма берді. Қалалық газетке үй сатылғанға дейін тегін жарнама беріп тұруды тапсырды. Ал осы жұмыстар біржақты болып, баспаналы болғанға дейін кейуананың тұрып жатқан үйінің жалдау құнын төлеуді мойындарына алды.

Қабылдауға келген Моряк Жаманов ақсақал да тұрғын үй мәселесін тілге тиек етті. Баланы өскенше, немерені өлгенше бағатын қазақтың қанғасіңді қасиеті емес пе. Немерелерім баспанасыз отыр дей келіп, Гурба көшесіндегі 89 үйдің өзі тұрып жатқан подъезіндегі құбырлардың тозығы жетіп тұрғанын, ауыстыруға жәрдем болса деген тілегін де жеткізді.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы Серік Оразбаевтың айтуына қарағанда, бұл үй ешбір кооперативке қарамайды екен. Тұрғындар ПИК-тен бөлініп кетіпті.

Ақсақалдың өтініштеріне орай Әнуар Серікбайұлы тұрғын үй туралы заңды тігісін жатқыза отырып жеткізді. Ал құбырға қатысты мәселені тұрғындар өздері шешетінін айтты.

– Мұның екі жолы бар. Бірі – құбырларды өз күштеріңізбен ауыстыру, екіншісі – өз алдарыңызға пәтер иелері кооперативін құрып, соған тиісті төлемдер төлеу арқылы барлық жөндеу жұмыстарын жүргізу. Біздің бар көмегіміз осы, – деді әкім.

Абай көшесіндегі 31үйдің тұрғындары атынан келген Жұман Ерғазинов осы аталған үйде кәріз жүйесінің құбырларын ауыстыру, подъездерді жөндеу мәселесін көтерсе, осы көшедегі 43 үйдің тұрғындары атынан келген Назира Әбденова жауын жауса болды 43 үйдің алдына қақ суының жиналып, оның тіпті жертөлеге құйылатын қаупі бар екенін айтты.

Қала әкімі осы мәселелерді қадағалап, оны жолға қоюды құзырлы мекеме басшыларына тапсырды. Серік Оразбаев қазір аталмыш үйдің алдындағы жолды көтеріп, қайта асфальттау мәселесінің шешіліп жатқанын жеткізді.

Қабылдау соңында әкім Әнуар Омар І топтағы мүгедек Анна Петренийді қабылдап, Анна Алексеевнаның өтінішіне орай тиісті жауабын берді.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.