Жақсыға құмар жандар

20130809-08-1Өмір деген алып толқынның сеңдей соғып, сынағын қай кезде жіберерін адам, шіркін, білген бе? Адам тағдырына не жазылса соны көрмек… Қазіргі қоғамдағы топтардың арасында мүмкіндігі жағынан шектеуі бар жандарға қамқорлық пен қолдау бағытында жұмыстар жүргізіліп келеді. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен елімізде кең ауқымды «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» деген тақырыпта республикалық байқау өтуде.

Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған бұл байқау мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғау, өмірге деген көзқарастарын өзгертіп, шығармашылық қабілеттерін танытуды, өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді.

Бұл шарадан қалыс қалмаған Сәтбаев қаласында жақында байқаудың облыстық кезеңіне іріктеу өтті.

Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің қабырғасында өткен байқауда жиырма қатысушы 6 номинация бойынша өнерлерін, тапқырлықтарын, білімдерін, шығармашылық қабілеттері мен спортқа деген бейімділіктерін көрсетті. Олардың өнерін арнайы құрылған қазылар алқасы бағалап отырды.

Қалалық іріктеу кезеңінде өз топтарынан қара үзіп шыққандарды құттықтауға және марапаттауға қала әкімі Әнуар Омар қатысып, жастардың талабы мен құлшыныстарына ризашылығын білдірді.

Әнуар Серікбайұлы көз жанарынан айырылған жандарға массаж жасайтын құрылғыны ойлап тапқан Алмаз Қыдырбеков пен Ербол Әбеновке «Ең үздік әлеуметтік жоба» номинациясын тапсырды.

«Ақылдылар» номинациясы бойынша Аида Шамекеева жеңімпаз атанса, «Үздік орындаушы» атағына көз жанары солғын тартса да, қаламды серік еткен жас ақын Жандет Аслан лайық деп танылды. Ол осы байқауда ел ордасы – Астанаға арнаған өлеңін орындап, көптің көңілінен шықты.

Осыдан жеті жыл бұрын жол апатына түсіп, мүгедектік арбаға таңылған Дінмұхамбет Әлиакбаров өзінің спортқа деген сүйіспеншілігінің арқасында бұл байқауда «Үздік спортшы» номинациясын қанжығасына байлады. Айдай Әжібаева «Үздік шебер» атанса, «Үздік би орындаушылар» атағына өзбек биін орындаған Нұрай Төлендиева, Сағыныш Байжанова, Жанель Хайырхан лайық деп танылды.

Жеңімпаздарға қала әкімінің ақшалай сыйақысы мен дипломы және медальдар тапсырылды. Мұндай құрметке байқауда белсенділікпен көзге түскен өзге де қатысушылар ие болды.

Жеңімпаз атанғандар облыстық байқауға жолдама алды.

– Көпшілік жұрт мүгедек жандардың өмірге деген құлшынысын, оның бойындағы дарын-қабілетін байқамауы тиіс. Біздің өмірге деген құлшынысымыз, ізденіске деген ынтамыз аяқ-қолы сау жандардан кем түспейді. Кейде, аяқ-қолы балғадай жастардың құр жүріске салынғанын көргенде іштей налитынымыз шындық. Бізге осындай қолдау жасаған байқау ұйымдастырушыларына, жергілікті әкімдікке және қала басшысы Әнуар Омарға ризашылығымыз шексіз. Бүгін біздің күшімізге, білімімізге риза болған қазылар бізді облыстық байқауда бақ сынауға жолдама беріп отыр. Біз осы сенімді ақтап қайтуға тырысамыз, – дейді байқау жеңімпаздарының бірі Д.Әлиакбаров.

Бұл байқаудың өз деңгейінде өтуіне қала әкімі Әнуар Омардың, білім, денешынықтыру және спорт, мәдениет және тілдерді дамыту, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері және байқауға демеушілік жасаған жезқазғандық «ҚамқорҚазына» қоғамдық бірлестігінің қосқан үлестері қомақты.

Өмірдің сынағына ұшырағандарымен, жандары жайдары жүретін бұл жандар әрқашан да жақсылыққа жаны құмар жандар. Олардың бұл қасиетін осы байқау тағы бір дәлелдегендей болды.

Бағдат Қазкенов.

Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.