Жол қателікті кешірмейді

20130809-06-1Сәтбаев қалалық жол полициясының мәліметі бойынша, соңғы алты айда 3563 адамға қатысты 33 миллион 736 мың теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынған. Алайда, соның тек 24 миллионнан астамы ғана өндірілген. Жарты жылдың ішінде осыншама адамның жолда жүру ережесін бұзуына не себеп болды? Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қаламызда қандай жұмыстар жүргізілуде? Осы және де басқа сұрақтарға Сәтбаев қаласының ІІБ жол полициясы бөлімінің бастығы, полиция майоры Баянқұл Құрманәлиұлы Аманжолов жауап береді.

– Әңгімемізді биылғы жылы орын алған жол-көлік оқиғалары статистикасынан бастасақ…

– Бүгінде қаламызда 10 035 автокөлік тіркелген. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда анағұрлым үлкен көрсеткіш. Күн өткен сайын қалада көлік санының артуы жол полициясы қызметкерлерінің жұмысын екі есе көбейтіп, жауапкершілікті еселеп отыр. Биылғы жылдың өзінде 18 жол-көлік оқиғасы орын алып, оның салдарынан 6 жолаушы көз жұмды. Әр түрлі деңгейде дене жарақатын алғандар саны – 20. Кәмелеттік жасқа толмаған балалардың қатысуымен 1 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Өткен алты айдың қорытындысы бойынша жол полициясы бөлімінің қызметкерлерімен жол қозғалысын қадағалау кезінде жолда жүру ережесін бұзғаны үшін 1921 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде 87 хаттама автокөлікті мас күйінде басқарған азаматтарға қатысты болды. Қалалық сотқа 217 әкімшілік іс жіберілді. Оның ішінде соттың шешімімен жүргізу куәлігінен айырылған адамдар саны – 23. Сонымен қатар, ҚР ӘҚБК-нің 467 бабы бойынша 84 тұлға жүргізу куәлігінен айырылып, автокөлікті мас күйінде жүргізгені үшін 23 адам әкімшілік қамауға алынды. Ұсақ жол-көлік оқиғасын жасаған 210 тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, қалалық сотқа шешім қабылдау үшін жіберілді. Әкімшілік құқықбұзушылық заңында қарастырылған баптарды бірнеше рет бұзған 29 жүргізуші жолда жүру ережесінің біліктілігін көрсету бойынша қайта емтихан тапсыруға жіберілді.

– Жалпы, жол-көлік оқиғаларының орын алу себептері неде?

– Апатты жағдайлардың себебіне нақты тоқталар болсақ, оның ең бірінші себебі – жүргізушілер жауапсыздығы. Барлық жүргізушілер жол қозғалысы ережесін жақсы білгенмен, көпшілігі сол ережені сақтай бермейді. Осындай салғырттықтың салдары жол-көлік оқиғаларының жиі орын алуына соқтырады. Мұндай келеңсіздікке негізінен автокөлік жүргізу өтілі аз жүргізушілер жол береді. Бірақ, жол-көлік оқиғаларының орын алуына тек жүргізушілерді біржақты кінәлауға болмас. Оған жаяу жүргіншілердің де жол жүру ережесін сақтамауы себеп. Сондай-ақ, жол сапасының төмендігі де апатты жағдайлардың басты себептерінің бірі. Бұл жағдайға қатысты жергілікті атқарушы билік органдарына бірнеше мәрте ұсыныс жолдадық. Алайда, барлығы қаржы мәселесіне келіп тіреледі. Жол-көлік оқиғалары орын алуының тағы бір себептері – жолдың қарсы бетіне шығып кету, автокөлікті мас күйінде басқару мен жаяу жүргіншілерді өткізбеу.

– Балалардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғалары жайында не айтасыз?

– Расымен де, қазіргі таңда жас балалардың жол қозғалысы барысында өкінішті жағдайларға тап болуы жиілей түсуде. Әсіресе, бұл жағдай жаз мезгілінде жастар тебетін скутер көлігімен байланысты. Баласына «қатарынан кем болмасын» деп скутер алып беретін ата-ана аз емес. Ал, желігі басылмаған жастар өз «мықтылығын» көлік рөлінде көрсету салдарынан, жол қозғалысы ережесін ескермеуінен жол-көлік оқиғасына ұшырайды. Осыған дәлел – өткен екі айдың ішінде қаламызда скутерлердің қатысуымен орын алған бірнеше жол-көлік оқиғасы тіркелді. Апат салдарынан скутерді тепкен мектеп оқушылары жарақаттанды. Сондықтан, ата-аналарға айтарымыз – балаларыңызға скутер көлігін алмас бұрын, олардың жолда жүру ережелерін білетіндіктеріне көз жеткізіңіз. Себебі, әрбір жүргізуші жол қателікті кешірмейтіндігін білуі тиіс.

– Жол қозғалысы қауіпсіздігінің ережесін сақтау мәселесі қай кезде де күн тәртібінен түскен емес. Осы орайда, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін сіздермен қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Жолда жүру ережелерінің сақталуын қадағалау, жаяу жүргіншілердің қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларын болдырмау және жол қозғалысы қатысушыларының арасында тәртіпті күшейту мақсатында жол полициясы бөлімінің қызметкерлері жыл бойы түрлі іс-шаралар өткізеді. Сәтбаев қаласының көшелерінде және оған қарасты елді-мекендерде апаттылықты төмендетуге бағытталған «Автобус», «Назар аударыңыз, балалар!», «Қауіпсіз жол», «Қауіпсіздік белдігі» секілді жедел алдын алу шаралары ұйымдастырылды. Бұл акцияларды өткізу кезінде республикалық маңызы бар және жол-көлік оқиғасы жиі тіркелетін жолдар тексерілді. Сонымен қатар, «Балалардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу» тақырыбында жалпы білім беретін орта мектеп оқушыларымен бірнеше рет жиналыс өткізіліп, әңгімелер жүргізілді. Жол қозғалысы ережелерін насихаттау аясында жаяу жүргіншілер мен автокөлік жүргізушілеріне 150 дана үгіттеме парақшалары таратылды. Жол қозғалысын реттеуде өңіраралық көліктік бақылау инспекциясымен бірігіп өткізілген жұмыстардың тигізген ықпалы зор екендігін атап өткім келеді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Марал Шахаева.

Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.