Теміржолшылар төл мерекесін атап өтті

20130809-08-2-120130809-08-2-2Өткен аптада Весовая елді мекеніндегі «Теміржолшылар» клубында «ПромТрансМенеджмент» ЖШС Жезқазған теміржол кешенінің теміржолшылары өздерінің төл мерекелерін атап өтті.

Қандай еңбек ұжымында болмасын басты капитал білікті маман екені белгілі. Ал, олардың еңбегіне қарай құрмет көрсету қашаннан қалыптасқан үрдіс. Осындай игілікті іс-шараның тағы бір рет куәгері болдық. Бұл жолы көлік қызметкерлері күні қарсаңында Жезқазған темір жол кешенінің басшылары ел экономикасының күретамырын бүлкілдеткен озат теміржолшыларды марапаттап, аға буын ардагерге құрмет көрсетті. Бір ерекшелігі, биылғы кәсіби мереке аймағымызға темір жол табанының төселгеніне 85 жыл толу торқалы тойымен тұспа-тұс өтуі болды. Осылайша, кәсіби мереке мерейтоймен астасып, салтанаттың сәнін келтіре түсті.

Салтанатты жиын Жезқазған темір жол кешенінің 85 жыл ішіндегі жүріп өткен жолдарын, қалыптасу кезеңдері мен жеткен жетістігін, бағындырған асуын баяндаған бейнефильм көрсетумен басталды. Қысқа да нұсқа жасалған фильм аймақ темір жолын биік белестерге бастаған кешеннің Индустрияландырудың көшбасшы атануының сырын ашып бергендей.

Салтанатта сөз алған Жезқазған темір жол кешенінің басшылары мен «Қазақмыс» корпорациясының, «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің өкілдері теміржолшыларды құттықтай келіп, олардың өндірістегі өзіндік орындарының өрісті екенін тілге тиек етті.

Алқалы жиында сөз алған Жезқазған темір жол кешенінің бастығы Есенбай Исаев қазіргі кезде «ПромТрансМенеджмент» ЖШС теміржол саласында жетекші орын алады, сондықтан біз мемлекетіміздің ең маңызды әлеуметтік-экономикалық саласында жұмыс істейміз. Осы мүмкіншілікті пайдалана отырып, барлықтарыңызға денсаулық, табыс, мансаптарыңыздың өсуіне және амандықтарыңызды тілегім келеді, дей келіп, өз сөзін: «Бүгінгі мерекедегі ең алғашқы құттықтау, ең алғашқы құрмет сала ардагерлеріне арналады», – деп аяқтады.

Салтанатта сала ардагері Юрий Черков сахнаға шығып, жұртшылық оған шынайы қошемет көрсетті. Басшылар ардагерге лайықты сый-сияпатын жасады. Өз кезегінде ардагер ізбасарларын құттықтай келіп, өз замандастары мен серіктерін еске алып, олардың есімдерін де жаңылмай тізіп шықты.

Салтанатты жиында Сәтбаев қаласы әкімдігі атынан қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиева теміржолшыларды төл мерекесімен құттықтап, кешен бастығына Құттықтау хат пен ескерткіш сыйлық табыс етті.

Көлік қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында Сәтбаев қаласының өнерпаздары мен «Теміржолшылар» клубы жанындағы үйірмелердің өнерпаздары ән жыр мен биден шашу шашты.

Ізтай Белгібайұлы.

Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.