Сый-сияпат жасады

20130809-02-1Өткен жұма күні Жезқазғандағы «Мәдина» дәмханасында аймақтық «Мысты өңір» газеті өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтті. Оған Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар мен Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Аханов, «Қазақмыс» корпорациясы мен «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің, оның Жастар одағының өкілдері мен жетекшілері, аймағымыздағы ардагер журналистер мен БАҚ басшылары және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Дастархан басындағы дүбірлі думанды аймағымызға белгілі ақын, журналист, «Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Мысты өңір» газеті редакторының орынбасары Абдолла Дастанов жүргізді.

Мерейтой шымылдығын «Мысты өңір» газетінің редакторы Амандық Рахұлы ашып, басылымның қалыптасу кезеңі мен бүгінгі кемел шағы турады қысқаша баяндап өтті.

Бұдан соң сөз қанаттас жатқан қос қаланың әкімдеріне берілді. Алғашқы болып сөз алған қаламыздың әкімі Әнуар Омар «Мысты өңір» газетінің кеншілер қаласының ақпарат айдынында өзіндік орны бар басылым екенін тілге тиек етті.

– Кеншілер қаласының басым көпшілігі «Қазақмыс» корпорациясының кеніштері мен кәсіпорындарында еңбек етеді. Сондықтан, мұндағы әр отбасының төрінен бүгінде жігіттік шағына жетіп отырған «Мысты өңір» газетін көру заңдылық. Бір қуанарлығы, аталмыш басылым Сәтбаев қаласының жеткен жетістіктері мен кемелді келешегі туралы қалам толғап келеді. Елбасының сарабдал саясаты мен ұстанған бағытын да өз оқырмандарына ықтиятпен жеткізуде. Бүгінде 25 жасқа толып отырған газеттің шығар биігі алда және бұдан да жоғары болады деп сенеміз, – дей келіп, әкім газет редакторына Құттықтау хат пен той шашуын табыс етті.

Мерейтойда корпорация өкілдері мен Жастар одағының жетекшілері газет қызметкерлерін құттықтап, бір топ азаматтарды ақшалай, заттай сыйлықтармен марапаттады.

Өз кезегінде салтанатқа келген ардагер журналистер мен зиялы қауым өкілдері де қуанышқа ортақтастығын білдіріп, ізбасарларына ілтипаттарын жеткізді.

Думанды кеште «Шарайна» газетінің қызметкерлері де әріптестеріне ықыласын көрсетіп, сый-сияпат жасады.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.