Мереке жалғасын тапты

Өткен сенбіде Кеншілер алаңында ұлттық-мәдени орталықтарының қатысуымен Қазақстан Республикасы халықтарының тілдер күніне арналған «Достастық тілі – қазақ тілі» атты фестифаль өтті. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» демекші әр ұлттың тілін, дінін, салт-дәстүрін құрметтеу адамдықтың белгісі. Қазақ халқының ұлан байтақ жерінде жүзден аса халықтар достастықта, көк аспан астында бейбіт өмір сүруде. Бұл күні қазақ тілі қоғамы әзірлеген мерекелік сазды бағдарламасы кештің шымылдығын ашып, соңынан украин, орыс, корей ұлттық-мәдени орталықтары би билеп, ән мен жырдан шашу шашты. Сондай-ақ келесі күні Ш.Ділдебаев атындағы ақ сарайда өткен «Тілі байдың ойы бай» атты қазақша КВН ойыны да тілдер мерекесіне арналды. Ойынға қала мектептері мен колледж студенттерінен құрылған 9 команда қатысып, бір-бірімен әзілдескен көңілділер мен тапқырлар тілдерге қатысты әзілдерді тамаша көрініспен, миниатюралармен алып шықты. Топтардың ішінен ат басы озып шыққан «Қазақмыс» корпорациясына қарасты техникалық колледждің «Техколледж» командасы чемпион атанып, арнайы кубокқа ие болды. Дүйсенбі күні Кеншілер алаңында қалалық мектеп оқушыларының қатысуымен «Тіл – бірлік бастауы» фестивалімен тілдер мерекесі жалғасын тапты. Фестивальға әр ұлттардың билері мен әндері шырқалып, салт-дәстүрлері көрсетілді. Фестиваль соңында қаланың барлық іс-шараларына атсалысып, белсенді араласып жүген ұлттық мәдени орталықтарының өкілдеріне және барлық қатысушыларға қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы С.Рахметова грамоталар мен сыйлықтар тапсырды.

Комментарии закрыты.