Әкім кәсіпорындарда болды

«Қазақмыс» корпорациясының төңірегінде болып жатқан оңтайландыру шаралары қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайына да ықпалын тигізбей қоймайтыны анық. Өйткені, Сәтбаев қаласы тұрғындарының басым көпшілігі корпорацияға қарасты өндіріс орындарында, қосалқы шаруашылықтарда еңбек етеді. Өндірісте жұмыс көлемі ықшамдалса, жұмысшылардың ақысыз демалыстарға жіберіліп, айлық жалақыларының қысқартылуы да ықтимал. Ал, бұл қала тынысына әсер етері анық.

20130809-01-1-1

Осы мақсатта қала әкімі Әнуар Омар кеншілер қаласының аумағындағы бірқатар кәсіпорындарда болып, олардың еңбек тынысымен және оңтайландыру шараларына қарсы іс-әрекеттерімен танысып қайтты.

Қала басшысының әуелі атбасын тіреген жері «VIP Shina» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болды. Жалпы, «VIP Shina» – аса ауыр жүк көліктерінің резеңке дөңгелектерін қалпына келтіретін кәсіпорын. Ол 2010 жылы іске қосылған. Негізі, жер асты және жер бетіндегі кен қазу жұмыстарында қолданылатын алып техникалардың дөңгелектерін шет елдерден сатып алу аса қымбатқа түседі. Сондықтан, бұған кететін шығынды азайту үшін корпорация осы серіктестікті ашқан болатын. Өткен жылы серіктестік 1182 дана үлкен резеңке дөңгелектерді қалпына келтірді. Биылғы жылы да осындай межені көздеп отыр. Қазір серіктестікте ұзын саны 50 адам жұмыс істейді.

Қала әкімі бастаған топты «VIP Shina» ЖШС бас директорының орынбасары Валерий Тюрин қарсы алып, заводтың жұмысымен етене таныстырып шықты. Оның айтуынша, заводта әзірге оңтайландыру салқыны сезілмейді екен. Корпорацияның кеніштері мен шахталарынан түсіп жатқан тапсырыс жеткілікті. Бірақ, солай екен деп завод әкімшілігі қол қусырып қарап отырған жоқ. Жан-жақтағы іргелі кәсіпорындармен байланыс жасаудың жолын іздестіруде. Бір Қазақстанның өзінде тау-кен жұмыстарымен айналысатын өндіріс орындары аз емес. Солардың бірінен тапсырыс алуға үмітті. Олар тіпті Ресейге де шығып, тапсырыстар қабылдауға әрекеттенуде.

Бұдан соң әкім «Рудсервис К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Мұнда оларды серіктестіктің бас директоры Петр Корник қарсы алды.

«Рудсервис К» ЖШС-і 2004 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын. Негізгі жұмысы корпорацияның кеніштеріндегі бұрғылау қондырғыларының коронкаларын қайрау, кеніштер мен кәсіпорындардағы компрессорларға сервистік қызмет көрсету.

Осы бағытта серіктестікте 2 цех жұмыс істейді. Оның бірі коронкаларды қайрау цехы болса, екіншісі компрессорларды жөндейтін цех.

– Өндірістегі оңтайландыру бізге өз салқынын тигізбей жатқан жоқ. Жұмыс көлемі азайды. Осының алдын алу үшін біз өзімізге оңтайлы жоба әзірлеген едік. Сол арқылы әр түрлі көлемдегі компрессорлар құрастырып, кәсіпорындарға өткізсек деген ойымыз бар. Мүмкіндік болса осы жобамыз мемлекеттік деңгейде қолдау тапса, – дейді бас директор қала әкімімен әңгімесінде.

Оның айтуынша, егер осы жоба жүзеге асатын болса кәсіпорынның жылына 40-50 компрессор құрастырып шығуға қауқары бар екен. Ал, өнім бағасы шет елдерден алынатын компрессорлардан анағұрлым төмен. Осы жобаны іске асыру арқылы кәсіпорын жұмысшыларын жұмыспен де, жалақымен де қамтамасыз етуге болатынын айтып өтті Петр Корник.

Әкім Әнуар Омар өз жұмыс сапары барысында «Казахмыс Сервис», «Евротехсервис» кәсіпорындарында да болып, ондағы жұмыстардың барысымен етене танысты. Бұл екеуі де тау-кен техникаларына сервистік қызмет көрсететін кәсіпорын болғандықтан, олардан жұмыс ауқымы ықшамдалғаны байқалады. Таза тоқтап қалмаса да көп деңгейде жұмысшыларды шектеуге тура келетін сыңайлы. Мұндай үрдіс әсіресе «Евротехсервис» ЖШС-інде айқын сезіліп отыр. Серіктестіктің бас директоры Эдуард Вагнердің айтысына қарағанда бүгінгі күні 20 жұмыскер еңбек демалысына жіберілген.

– Бұл азаматтар әзірге ақылы демалыста. Түбі солардың көбі ақысыз демалысқа кетуі мүмкін. Өйткені, серіктестіктің жұмыс ауқымы айтарлықтай ықшамдалып келеді. Бірақ, біз бұл тығырықтан шығудың жолын қарастырып жатырмыз. Жұмысшыларымыздың белгілі бір бөлігі жөндеу жұмыстарына жіберілуі мүмкін, – дейді директор.

Ал, «Казахмыс Сервис» ЖШС-нің жұмысы әзірге ырғақты. Мұнда тау-кен техникаларының моторлары мен қозғалтқыштары жөнделеді екен. 2007 жылы іске қосылған кәсіпорын бұл істі мінсіз атқарып келеді. Кәсіпорында моторлар мен қозғалтқыш тетіктерді жөндейтін арнайы цех пен қойма жабдықталған. Мұндағылар да өз жұмысын тоқтатпас үшін жан-жақтағы кәсіпорындармен іскерлік байланыстар іздестіруде. Бүгінгі күні кәсіпорынның бір филиалы Қарағанды қаласындағы құю-механикалық заводы жанында жұмыс істеуде.

– Аймағымыздағы іргелі өндіріс ошағында оңтайландыру жұмысы жүріп жатқаны баршаға аян. Бұл тек сол өндіріс орындарына ғана емес, тұтас қала өміріне де ықпалын тигізуде. Сондықтан, біз қала аумағында жатқан шағын кәсіпорындарды аралап, олардың тынысымен танысып, алдағы бағыт-бағдарларын білу үшін арнайы келіп отырмыз. Мұндағы мақсатымыз – бұл жерлерде де оңтайландыру, қысқарту болып қалған жағдайда ондағы азаматтарға қалай қол ұшын береміз деген мәселеге жауап іздеу.

Әлгінде өздеріңіз байқадыңыздар, кәсіпорындардың қай-қайсы болмасын өз саласына әбден машықтанған. Ендеше олар кез-келген ірі өндіріс орындарымен байланыс жасап, өз істерін жалғастырып әкете алады. Ал, ондай іргелі өндіріс ошақтары Қазақстанда да, Ресейде де аз емес. Біз тек осы бағытта дәнекер болуымыз қажет, – деді қала әкімі Әнуар Омар іргеміздегі кәсіпорындар жұмысымен жан-жақты танысып шыққаннан соң жергілікті БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.