Қанекеңнің өзі оны «Хал-аға» деп өткен

І. ХАЛЫҚ ТЕМІРБАЙҰЛЫ ТАМАБАЙ НЕМЕРЕСІ 1903 жылы туған. Ата-қоныстары қазіргі Жезқазған қаласына жақын болған. Дәлірек айтқанда, «Спутник» саябағы мен балық өсіру станциясы арасындағы Кеңгір өзенінің бойында. Бұл жерде қалың тоғай болған екен. 1962-63 жылдарда Кеңгір су қоймасын салатын болғанда сол ағаштарды шынжыр табан трактормен тросқа байлап түп-тамырымен жұлады. Су астында қалғанда шіріп, суды бүлдірмесін деген болса керек. Ана бір жылдары Кеңгірдің суы қатты тартылғанда тастан қаланған үйлердің орыны анық көзге түсіпті. Бір-бірімен жақын туыстар болып келетін Молдаш, Қасым, Бимағанбет және Темірбайдың үйлері бір ауыл болып қоныстаныпты.

Сол бір кезеңді Халекеңнің өзі былайша еске алады. Бұл үзіндіні жазушы Медеу Сәрсекеевтің «Сәтбаев» кітабынан алып отырмыз:

«Халық Темірбаевтың (бұрғылаушы) әңгімесінен:

– Біз мына Кеңгір бойында азын-аулақ мал бағып, жазда қыстаудан екі жүз шақырым ұзап барып, егін салып, піскенше соны бала-шағаға күзеттіріп, жан асыраған шаруақор ауыл едік. Жиырма тоғызыншы жылы салған егініміз көктемей жатып күйіп кетті. Күнкөрістен үміт қалмаған соң күзге салым Жезқазғанға қарай босыдық. Сорқұдық басында ағаш мосымен жер тескен орыстарға барып жұмыс сұрап сенделіп жүргенімізде, орысша киінген, күнқағары жалтыраған қазақ жігітіне кез болдық. Жөнімізді айтып едік, ойланып тұрды да:

– Кіші жұмыскер етіп алғызайын, – дегені.

Қанышпен осылай таныстым…» (184-бет).

ІІ. Халық құдай сәтін салып Қанекеңмен осылай танысады. Бұл 1929 жылы Ұлытау өңірі дүрілдеген еңбекке көшкен жыл еді. Қарсақбай зауыты қалыпты жұмыс істеп жатты. Тұрғын үйлер құрылысы Қарсақбайға ғана емес, Байқоңыр мен Жезқазғанда да кең өрістеп жатқан тұс екен. Қаныш Сәтбаев барлаушы геологтарға да Жезқазғанда, дәлірек айтқанда, Покро мен Крестовоздвиженка шахтыларының аралығындағы Тасқұдық қолатында «Барлау үйін» салу қажеттігін ойластырып жүрген-ді. Сол тұста Халық бұрғылаушылар қатарына келіп қосылады. Қазақтар бірен-саран екен, олар жұмысы өнімсіз, сыры жұмбақ станокқа жолағысы келмейтін көрінеді. Бұрғылауда істейтіндер, әсіресе жауапты жұмыстағылардың дені орыстар.

Қанекең бір күні әлденеге ренжіп, түнеріп келгенін еске алыпты Халық Темірбайұлы осы кітапта. Сол жолы қосалқы жұмыс істейтін барлық кіші жұмыскерлерді жинап алады да:

– «Анау ішкі жақтан келген кәнігі жұмыскерлердің қимылынан көз жазбай қарап жүріңдер. Олар не істесе, сендер де соны қайталай беріңдер. Тегінде, бұлар үйіне қайтқанда, станокқа өздерің ие боласыңдар, – деп ақыл айтып, бізді біраз ширатып кетті.

Сабазың, сөйтсек, біліп жүр екен. Қар түскен соң-ақ алыстан келгендер кете бастады. Станоктың құлағына енді өзіміз тұрдық…» – деп еске алған екен Хал-ағаң. (М.Сәрсекеев. «Сәтбаев», 184-бет).

Отызыншы жылы аласапыран ашаршылық қазақ даласына жаудай тиді. Күнкөрістің жайын ойлап, Әбен мен Әбдірайым бала-шағасын алып, оңтүстікке бет алады. Халық бауырларына ермей қалды.

«Ашаршылық әбден қысқан кезде тура жеті ай бойы сөткесіне берілетін 400 грамм қара нанға жұмыс істеп едік», – деп еске алатын Хал-ағаң. Бауырларына ермегені жөн болыпты. Қаратауға дейін жетіп, ақырында бала-шағадан толықтай қол үзіп, кейінірек Әбен мен Әбдірайым соқа бастары ғана қайта оралады.

Халық бұдан кейінгі небір қиын-қыстау жылдарда да Қаныш Сәтбаевтың қасынан кетпейді. 1933 жылы Мәскеудегі «Главцветмет» барлауға деп бөлінген қаржының өзін бермей қояды. Осы қаралы хабарды алсымен ГРП-ның (геологиялық барлау партиясы) алты-жеті жүздей жұмыскерінің басын қосқан жиналыс өтеді. Сонда Қанекең ағынан жарылып:

– «Түптің түбінде шындық жеңеді, барлау қайта жүреді, ағайын. Бірақ соған қашан жетеміз, оның жөні маған мәлімсіз. Өз басым Жезқазғанды тастап, басқа жерден бақыт, абырой іздемеймін. Ақы-пұлсыз істеуге дайынмын, қысқасы, осы өлкенің жерасты қазынасын ақырына дейін ақтарғанша ешқайда кетпеймін!» – деп сабазың ағынан жарылды (М.Сәрсекеев, «Сәтбаев», 209-бет).

Бұл кезде Халық Темірбайұлы бригада басқаратын. Қанекеңнің сөзінен ерекше жігер алғандар ертеңіне-ақ нық шешімдерін айтады. «Қанеке, не көрсек те қасыңда болуға бекіндік!» деседі. Алғашқылардың бірі болып Халық бригадасымен қалатындарын айтады. Сөйтіп олар ақы-пұлсыз-ақ жұмыс істейтін болады.

Кейін де Қанекеңді қатты сыйлап, қадір тұтқан Халық достарымен оның қасынан еш кетпейді. Олар жетеу еді. Кейіннен оларды жұрт «Қанекеңнің қара шалдары» атап кетті. Ол кісінің Халекеңе деген ілтипаты ерекше болатын. Өзінен төрт жас кіші болса да сыйлап, құрмет тұтқаны сонша Халықты «Хал-аға» деп атаудан еш танбайды. Осы бір ауыз сөзде қаншама сый-құрмет жатыр десеңізші!

Әліпті таяқ деп білмейтін Халық еңбекқорлығымен, адамгершілігімен осындай абыройға бөлінеді. Хат танымаса да өз ісін шебер меңгеріп, аға мастер болады.

ІІІ. Отызыншы жылдардың соңы Жезқазған үшін едәуір жаңалықтарға толы болды. Аса қиындықпен жүргізілген кен барлау ісі игі жемісін бере бастады. Үлкен Жезқазғанды игеруге батыл қадамдар жасалды. 1939 жылы Жезқазғанды Жарық станциясымен жалғастыратын теміржол салынып бітті. 1940 жылы Кеңгір су қоймасы салынды. Мұның барлығы Қаныш Сәтбаев басқарған бұрғышылардың қажырлы еңбегінің жемісі еді. Сол кен барлаушыларының бел ортасында Халық Темірбаев та жүрді. Бұл кезде олар мыңнан аса мүшесі бар іргелі ұжым, кемелденген барлау экспедициясы еді.

1941 жылы Одақтық Ғылым академиясының Қазақстандағы филиалы жанынан геологиялық ғылымдар институты ашылды да, оған жетекшілік ету Қаныш Сәтбаевқа жүктеледі. Ол кісі енді Алматыға аттанбақ. Барлаушылар Қанекеңді сән-салтанатпен шығарып салмаққа ұйғарысады. «Сәтбаев» кітабынан:

«Жексенбі күні ертеңгілікте бірнеше жүк машинасына, автобусқа мінген барлаушылар коллективі Жездінің тау арасына еніп, бұралаңдай ағатын кең арналы, шалғынды, тоғайлы жағасына (қазіргі Жезді поселкесіне ұрымтал жер) келіп тоқтаған.

Күн шайдай ашық, жайма-шуақ жаздың есте қалғысыз желсіз тамаша күндерінің бірі.

Қарабұлақтағы барлаушылар подхозынан әкелінбек ас-су қамын міндетіне алған Халық, Ахмедия, Мырзабектер ерте-ақ қимылдаған екен, бұлар келгенше қазан көтеріп қойыпты. Бірнеше палатка, киіз үйлер тігілген…

…Өз атына таңертеңнен бері ағыл-тегіл айтылып жатқан қошемет лебіздерді сыпайы ғана езу тартумен үнсіз қабылдап, іштей тебіреніп отырған Қаныш Имантайұлы да шыдамады. Шампан толы бокалды қолына алып орнынан тұрды:

– Уа, достар! Қадірменді барлаушы ағайындарым менің! – деп ол әлденеге жүрегі қобалжып толқудан үні шықпай сәл аялдады. – Осы күні геологтар қауымы мені «бақытты жігіт», «жолды барлаушы!» деп мадақтайды. Жолды болғаным – Сіздерден… Бақытты екенім де рас! Иә, менің бақытым – Жезқазған кеніне емес, сіздерге кездесуімде шығар деп ойлаймын… Жиырма тоғызыншы жылы геолком партиясы тарап кеткенде, мен осынау қиырда санаулы адаммен қалдым… Отыз үшінші жылы барлау қысқарып, қаражатсыз қара жерге отырып қалғанда да осы отырған жұрттың дені: «Сені жалғыз тастап ешқайда кетпейміз!» – деп қолтығымнан демеді. Иә, сол күні, онан кейінгі жоқшылық көрген қиын-қыстау айларда сіздер болмасаңыздар – бір топ инженер-геологтар не бітірер едік?… Мен сіздермен күшті болдым, сіздерге арқа сүйегендіктен де өмір тартысында жеңіп шықтым» (М.Сәрсекеев. «Сәтбаев», 302, 304-беттер).

Қанекеңнің осы бір толғанысты сөздері Халық жадында мәңгі сақталып қалған еді. Кейін балаларына талай тебірене әңгімелеп отыратын. Көзін өзінен алмай айтқан сол сөздерін дәл өзіне арнағандай әсерге бөленген. Сол жолы шығарып салу басқосуының бар шаруашылығын арнайы өзіне жүктеп, бас-көз болуын өтінгенін де Қанекеңнің көңіл жақындығының, сенімінің нышаны ретінде қабыл алған еді Халық.

…Совет Одағының ең ірі марганец кен орны жаудың қолында қалыпты. Халыққа Жезді төңірегін барлау туралы тапсырма берілуінің мәні тереңде жатыр екен. Оның мәнісін Халық қайдан білсін. Мән-жайға кейін барып қанықты ғой. Сөйтсе майданға маргеанец ауадай қажет болып, жер-жерден жаңа кен көзін табу туралы құпия шұғыл тапсырма жоғарыдан келіп түседі ғой. Сонда Қанекеңнің ойына отыз жетінші жылы өздері бұрғылаған Жезді өңірі оралады емес пе. Содан Қ.Сәтбаев: «Жездінің қыртысы Жезқазғаннан бөлек… Оған станоктың тәуірін, бұрғышылардың таңдаулысын салу керек» (М.Сәрсекеев. «Сәтбаев», 327-бет) – деген тапсыра береді.

Шұғыл қолға алынған жұмысты атқару негізінен Қанекең тапсырмасына орай, бұрғышылардың таңдаулысы Халық Темірбаевқа жүктеледі. Бұған «Сәтбаев» кітабындағы мына бір жолдар айғақ: «Жезді қыртысы сондай қатты, бұрғылаушылар асыққан сайын ерегіскендей-ақ ырыққа ешбір көнер емес. Жұмыс өнбеді. Жезқазғанда стахановшы атанып, социалистік жарыстың алдын бермейтін шебер бұрғылаушы Халық Темірбаев бұрынғы күндерін енді түсінде ғана көретін болады» (328-бет); «Екі тәулік әлдеқайда жоғалып кеткен Хал-ағаң олжалы қайтты: кузовты толтыра сарғыш саз ала келіпті, иі қанған қамырдай бір түрлі созылмалы саз… Керннің шығымы бұдан соң біршама түзелді» (329-бет); «Жұмыс қарқыны сөйтіп көлем есебінен біршама қыза түскен. Темірбаев та қарап жүрмей, есте қаларлық ұсыныс жасады:

– Тәулігіне екі мәрте шығып, алты сағаттан жұмыс істейміз. Майданда жүрген азаматтар жиырма төрт сағат көз ілмей жаумен атысып жан берісіп жатқанда, біздің он екі сағатқа шыдамауымыз ұят, – деген-ді Халық жігіттеріне.

Жезді жағасындағы барлау ақыр аяғында бас барлаушы Сәтбаев күткендей көлем, қарқынға түсіп, үрдіс жүре бастаған-ды» (329, 330-беттер).

ІV. – Әкеміз бен анамыз қырық жылдай отасқан екен. Екеуінің ұрыспақ түгілі бір-біріне дауыс көтеріп сөйлегенін естімеппіз, – дейді Жезқазған құрылыс-монтаждау тресінің бастығы болып тұрған кезінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы құрметіне орай «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» атағы мен ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталған Бейсен Халықұлы Темірбаев. – Тіпті бізге, балаларына, не ұрсып, не жекігенін көрмей өстік. Бәрі жайымен, ақылмен реттелетін. Әкеміз қалай айтады, солай болатын. Біздің үй балалы-шағалы болды, сонда көкем кішкентай ұлдарды шомылдырып, апама көмектесетін. Соған жеңгелері намыстанып, «бұл әйеліне көмектеседі» деп қажайтын. Тізе берсем, әке туралы айтарым көп. Осыдан бірер жыл бұрын қуанышты жайтқа бөлендім. Қаныш Сәтбаев бейнеленген киноленталар Қарсақбайдағы мұражайда сақталған ғой. Соның кейбірінде Қанекеңнің жанында әкем де жүр. Әкеммен қайта қауышқандай күй кештім. Қанекеңмен түскен фотосуреттері де бар. Бірі – Қанекеңнің 1949 жылы 50 жасқа толғанда Алматыға барғанда түскен суреті. Сол тойға барғанын талай әңгімелегені есінде. «Үлкен залда өтті», – дейтін әкем. – Жезқазғаннан бір топ адам барғанбыз. Қанекең солардың ішінен маған: «Хал-аға, сіз құттықтайсыз», – дегені. «Оу, мен орысша білмеймін ғой», – дедім. «Жезқазғандықтар атынан, Хал-аға, тек сіз ғана сөйлейсіз. Қазақша сөйлей беріңіз, орысшаға өзім аударамын», – деді. Қанекеңнің өзі айтып тұрған соң не тұрыс, толқи тұрып құттықтауымды жеткіздім», – дейтін әкем мақтанышпен. Сол жиында Халекең Сәтбаевтың иығына жезқазғандықтардың атынан шапан жабады.

Бала болсақ та Қанекеңнің әкеммен сыйластығы айрықша екенін аңғарушы едік. Зейнетке шыққаннан кейін Алматыға курортқа талай барды. «Алматыдан Қанекең звондады, демалып қайт деп жатыр. Қанекеңді сағынып қалдым, барып қайтпасам болмас» – деп жинала бастайтын ондайда. Демалыс орнын Қанекең өзі әзірлеп қоятын, өзі күтіп алатын. Қанекеңнің үйінде болатын. Өзі жұмысқа кетіп қалатын көрінеді. Әкем «Таисия өте жақсы кісі» деп мақтап отыратын. «Хал-аға, сіздер сонда қалай сөйлесесіздер? Сіз болсаңыз орысшаға жоқсыз, Таисия Алексеевна болса қазақшаға шорқақ», –дегендерге әкем: – «Өте кішіпейіл, мейірімді әйел. Мені жақынындай сыйлайтын», – деп уәж айтатын еді. Иә, Қанекең дүние салғанда да әкем барды. Сонда Таисия Алексеевна әкеме бастоннан тігілген костюм-шалбарын бергізіпті. Сол киімді Қанекеңнің көзі ғой деп өле-өлгенше ерекше қастерлеп киді. Қаныш Сәтбаев туралы әңгімені ерекше құрметпен, мақтанышпен айтатын. Әкем өзі хат танымағанымен балаларының бәрін оқытып, мамандық әперді, – деген-ді Бейсен Халықұлы.

Халекең бар-жоғы екі ай ғана ауырып, 1980 жылы қайтыс болады.

Шахмұрат ИБАДАТОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Комментарии закрыты.