Ардагерлер ардақталып, майталмандар марапатталды

Қазақстанда республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылғы 15 қарашадағы Жарлығына сәйкес, тамыздың үшінші жексенбісінде Спорт күні аталып өтеді. Бұл күні спорт саласының майталман мамандары мен ардагерлері ардақталып, құрмет пен қошеметке кенеледі. Бұл саланың мамандарына қошемет көрсету біздің кеншілер қаласында да жақсы жолға қойылған. Жылдағы дәстүрге сай, спортшыларымыз мерекелерінің қарсаңында құрметтелді.

20130816-15-1-1

Спорт күніне арналған іс-шара сәрсенбі күні жалпы бұқараның марафонға қатысуымен бастауын алды. Спортты серік еткен екі мыңға жуық қала тұрғыны марафонда белсенділікпен жүгіріп, Тәуелсіздік даңғылын бойлай өтіп, спорттық сауықтыру кешеніндегі мәре сызығына тоқтады.

20130816-15-1-2

20130816-15-1-320130816-15-1-4Спорттық сауықтыру кешеніне жиналған көпшілік спорт саласының ардагерлерін ардақтап, майталмандарын марапаттауға арналған салтанатты рәсімге куә болды.

Мерекелік іс-шара бапкер-жаттықтырушылардың шеруінен бастау алды. Шеруге «Қазақмыс-спорт» хоккей клубының Қазақстан чемпиондары «Қазақмыс-спорт-2001» және «Қазақмыс-спорт-96» командалары, мәнерлеп сырғанаушылар тобы мен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің, сондай-ақ, мәдени сауықтыру спорт орталығына қарасты аула клубтарының тәрбиеленушілері, қала мектептерінің жас спортшылары қатысты.

Қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Шынар Жанасылова мен спорттық сауықтыру кешенінің басшысы Юрий Апарин спортшыларды және олардың жанкүйерлерін мерекемен құттықтап, елімізге танымал спортшылардың томағасын сыпырған бір топ ардагер спортшыларға «Спортқа қосқан үлесі үшін» және «2013 жылдың үздік спортшысы» атақтарын тапсырды. Олар қала әкімінің Алғыс хаты мен арнайы ескерткіш медальдармен марапатталды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға аса мән берілуі керектігі айтылды. Осы тұрғыда жастарды спортқа баулып шығаратын бірден-бір орын – білім ошақтары екені даусыз. Бұл мерекеде мектептегі денешынықтыру пәні мұғалімдерінің орасан еңбегі де құрметке ілікті. Солардың ішінде – №1 мектеп-гимназиясы мен С.Сейфуллин атындағы гимназияның, №4 Абай атындағы мектеп-лицейдің, №14, 25 орта мектептердің ұстаздары денешынықтыру және спорт саласын дамытудағы үлестері үшін марапатқа ие болды.

– Бүгін, міне, қаламызда ауқымды іс-шараның куәгері болып отырмыз. Спорт саласының мамандарына деген құрмет пен қошемет жоғарғы деңгейде деп айта аламыз. Біздің №1 мектеп-гимназия қала бойынша өткен спорттық іс-шараларда алдыңғы қатардан көрініп келеді. Осы мереке қарсаңында ұжымның салаға қосқан үлесін бағалап, сый-құрмет жасаған ұйымдастырушыларға, қала басшылығына алғысымызды айтамыз. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың спорт саласын дамытуға бөліп отырған назары ерекше. Біз сол Елбасының көздеген межесін орындауға үлесімізді қоса береміз, – дейді марапатқа ие болған жоғарғы дәрежелі денешынықтыру пәнінің мұғалімі Шермұханбет Мизамбаев.

Салауатты өмір салтының елімізде қалыптасуына зор үлес қосқан кеншілер қаласындағы спортшыларымызға деген құрметтің өз деңгейінде өтуіне күш салған қалалық әкімдік пен білім, денешынықтыру және спорт бөліміне спорт саласы мамандарының айтар алғысы шексіз.

Бағдат Қазкенов.

Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.