Мемлекеттіқ тілдің қолданылуы

Жезқазған қалалық сотында «Іс жүргізу барысында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту» атты дөңгелек үстел өтті. Отырысқа Жезқазған қалалық сотының судьялары мен мамандары, Жезқазған қалалық әкімдігінің, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, жергілікті банктердің басшылары, жылумен, сумен жабдықтау, электр желісі және телефон байланысын қамтамасыз ететін мекемелердің басшылары, қос қаланың бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелді қалалық соттың төрағасы М.Кокушев ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібіне қойылған бірінші мәселеге орай «Жезқазған қалалық сотында іс жүргізу барысында мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту» тақырыбына Жезқазған қалалық сотының заң кеңесшісі О.Тастанбаев баяндама жасады.

– Жезқазған қалалық сотында мемлекеттік тілді дамыту жөнінде қойылатын талап нақты да айқын. Іс жүргізу өндірісі, шығыс және кіріс құжаттары қазақ тілінде Бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық талдау жүйесі бағдарламасына электронды түрде тіркеледі. Сот төрағасымен бекітілетін өкімдер, жұмыс жоспарлары, медиа-жоспарлар, Оқу орталығының семинар сабақтары, кестелері мен жұмыс жоспары қазақ тілінде әзірленеді. Сот ұжымының жедел кеңес хаттамалары мен семинар сабақтардың хаттамалары, дәрістері мемлекеттік тілде жүргізіледі. Сонымен қатар, сот төрағасы бекіткен медиа-жоспарға, Жезқазған қалалық сотында мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудың 2013 жылға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындармен кездесулер, мемлекеттік тілде пікір алмасу, дөңгелек столдар ұйымдастырылады.

Хатшылар, сот жасауылдары және барлық мамандар өзара мемлекеттік тілде сөйлеседі. Істер мемлекеттік тілде жүргізілсе, хаттамалары және басқа да құжаттар соған сәйкес жазылады. Алайда, заңды тұлғалардан келіп түсетін талап-арыздар, тергеу органдарынан түсетін қылмыстық істер бойынша қазақ тілінің өткен 2012 жылдағы көрсеткішіне көңіл толмайды.

Көптеген жағдайда, сотта іс қарау барысында қатысушы жақтардың орыс тілін тиісті түрде меңгермейтіндігі туралы фактілер анықталып, келеңсіздіктер туғызып жатады. Бұл мәселе, сотқа түсетін қылмыстық істер мен хат алмасу бойынша мемлекеттік тілдің өз дәрежесінде қолданылмайтындығын байқатады.

Демек, бұл көрсеткіштер сотта іс жүргізуде мемлекеттік тілдің өз дәрежесінен әлдеқайда төмен деңгейде қолданылып отырғанын байқатады.

Сол себепті іс жүргізу үрдісінде, оның ішінде соттар арқылы мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту үшін пайдаланатын мүмкіншіліктер әлі де көп деп санаймыз, – деді баяндамашы.

Қаралған екінші мәселе – «Іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу төңірегіндегі кейбір мәселелер» болды.

Осы тақырыпта «Тілтану» оқу-әдістемелік орталығы мемлекеттік мекемесінің директоры Е.Елеусізбайұлының баяндамасы тыңдалып, талқыланды. Екі баяндама төңірегінде мемлекеттік органдар өкілдерінің ойлары ортаға салынып, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап алынды.

Өзекті мәселені көтерген отырысқа қатысушылар «Тіл – мемлекеттің негізі, тілсіз ұлт болмайды, ал біздің мемлекет үшін мемлекеттік тілдің қолданысын өзіміз жандандырып, әркім өз саласында осы іске нақты қатысып, тәжірибелік қолдау жасаулары керек және жүзеге асыруға міндетті. Сонда ғана Елбасы Жолдауындағы 2017 жылы мемлекеттік тілді білетін азаматтар саны 80 пайыз, ал 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 95 пайызды құрауы тиіс деген нұсқауы орындалмақшы» деген бір пікірге келіп тарқасты.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.