Тіршіліктің үш көзі

20130816-08-1-1Қоршаған орта – адамның өміріне, тіршілік ету жағдайына және денсаулығына әсер ететін табиғи компоненттердің жиынтығы. Оған атмосфералық ауа, сулар, топырақ, жер асты байлықтары, хайуанаттар мен өсімдіктер әлемі жатады. Адамдарда кездесетін кейбір патологиялық аурулардың да таралуына экологиялық факторлар өз ықпалын тигізеді. Мәселен, жүйке, қан айналыс жүйесінің, асқорыту мүшелері ауытқуларының себебі ішетін су сапасының төмендігі, ауаның ластануы болып табылады. Осыған орай, қаламыздағы су мен ауаның сапасы жайлы Сәтбаев қаласы бойынша мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бас маманы Гауһар Жалмурзина айтқан еді.

20130816-08-1-2

– Қала тұрғындары қолданып жүрген ауыз судың сапасы қандай және су бізге қайдан келеді?

– Сәтбаев қаласы мен оның төңірегінде орналасқан елді-мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ететін 2 су көзі бар. Біріншісі – 1976-1985 жылдардан бастап қала тұрғындарын ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етіп келе жатқан Батыс, Шығыс Есқұла жер асты су көздері. Бұл жер асты суы болғандықтан оның сапасы жақсы. Тек судың кермектілігінде ғана аздаған айырмашылық бар. Мысалы, Батыс Есқұланың суы майда, жұмсақ және кермектілік көрсеткіші 3,6-5,2 мг-экв/л көлемінде, ал Шығыс Есқұла суының кермектілігі жоғары. Сонымен қатар, ауыз су Қарабұлақ жер асты су көзінен алынады. Екі жақтан да алынатын су қалаға бір құбыр арқылы келетіндіктен, су кермектілігі араласып, санитарлық талаптарға сай болады. Есқұладан жиналған су құбырмен 3-ші көтерме насос станциясындағы екінші су қоймасына жиналып, залалсыздандырылып, қала тұрғындарына беріледі. Есқұланың суын таза қалпында Жезді кенті мен ГРП елді-мекеніндегі тұрғындар және қалада орналасқан бір су сорғыш колонкасы арқылы бірқатар қала тұрғындары да қолданады. Есқұлаға екінші қосымша су көзі ретінде Кеңгір су қоймасының суы қосылып Сәтбаев қаласының тұрғындарына пайдалануға беріледі. Екінші су көзі – 1964 жылы арнайы жобамен салынған Кеңгір ашық су қоймасы. Осы уақытқа дейін мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Кеңгірден алынған су құбырлар арқылы 2-ші көтерме насос станциясына келіп жиналады. Бұл жерде 6 су қоймасы мен залалсыздандыру-хлорлау орталығы орналасқан. Жалпы, Кеңгір су қоймасы қар, жауын-шашын суларынан құралған. Қардың көп түсуі, күзгі жердің тоңы су сапасына үлкен әсер етеді. Қазіргі уақытта су қоймасының санитарлық-химиялық сапасы нашарлай түсуде. Санитарлық талаптарға байланысты судың кермектілік көрсеткіші 7 мг-экв/л болуы тиіс. Алайда, Кеңгір су қоймасының табиғи жағдайын ескере отырып, оның кермектілігін 10 мг-экв/л мөлшеріне көтеруге рұқсат берілген. Дегенмен, оның көрсеткіші 11,2-11,4 мг-экв/л-ке жетті, ал судағы хлор құрамы 0,5-0,7 мг/л-ді құрайды. Мұның себебі – 2-ші көтерме насос станциясында су кермектілігін түсіретін тазарту қондырғылары жоқ. Ауыз су тек залалсыздандырылады. Кеңгір су қоймасынан алынған ауыз су Крестовский, Перевалка елді-мекендеріне еш араласусыз, Весовая, Жезқазған елді-мекендеріне су құбырының қысымына қарай Есқұла суымен араласып, беріледі.

– Судың сапасын қадағалау кімнің құзырында?

– Қала жұртшылығы қолданатын судың сапасын тексеру жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны мен санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының зертханаларында жүргізіледі. Биылғы жылдың өткен жеті айының қорытындысы бойынша алынған 438 сынамалардың 2 жағдайында санитарлық-химиялық көрсеткіштер талапқа сай еместігі анықталған. Бұл судың кермектілігіне қатысты болып тұр. Ал, судың санитарлық-бактериологиялық сапасы қанағаттанарлық.

– Қаламыздағы жалғыз демалатын орын – «Айнакөл» жасанды су қоймасы жайында айтсаңыз…

– Жыл сайын «Айнакөл» су қоймасы Кеңгірден алынған 1 630 000 м3 сумен толықтырылып тұрады. Сонымен бірге, қаланың шығыс жақ бетіндегі су мен жер асты ылғалын кетіру үшін қазылған терең арық арқылы келетін су және қар, жаңбыр сулары «Айнакөлдің» деңгейін көтеруге ықпал жасайды. Бұл су айдынынан сол маңайда тұратын адамдар саяжайларын суаруға белгіленген кесте бойынша су алып тұрады. Сол себептен, қосымша құйылған су көрінбей, әсіресе, тамыз-қыркүйек айларында су деңгейі мүлдем төмендеп кетеді. Су Кеңгірден келетіндіктен, мұндағы кермектілік жоғары. Санитарлық-бактериологиялық сапасына тоқталсақ, алынған сынамалардың ешқайсында аса қауіпті жұқпалы аурулар, паразиттер анықталған жоқ. Көлдің айналасындағы топырақ та үнемі қадағалауда ұсталады.

– Топырақ демекші, оған да тоқтала кетсеңіз…

– Топырақтың ластануы болашақта жер асты суларының ластануына, егілген жеміс-жидектің құрамының өзгеруіне әкеліп соғады. Сондықтан, біз үнемі топырақ сынамаларын санитарлық-химиялық, бактериологиялық, паразитологиялық тексерістерге алып тұрамыз. Осы уақытқа дейін су көздерін қорғау аймағынан, көлде шомылу орындарынан, балалар ойын алаңдарынан, тұрмыстық қалдықтарды жинайтын жерлерден және т.б. алынған топырақта кемшіліктер анықталған жоқ.

– Шаруашылық қызметтердің нәтижесінде газ тәріздес қалдықтар табиғи ортаға, яғни атмосфераға шығарылып жатады. Осы орайда, ауа сапасы туралы не айтасыз?

– Қаламызда өндірістік кәсіпорындар, оның ішінде шахталар, зауыттар мен фабрика, т.б. көп болғандықтан, біз дем алатын ауаға мұржалардан шығатын түтін, ауыр металдар буы, тұрмыстық қалдықтардың өртенуі секілді зиянды факторлар әсер ететіндігі сөзсіз. Біздің қадағалауымызда 4 ірі кәсіпорын бар. Қазіргі кезде жылу энергетика кәсіпорынының қазандықтары күзгі-қысқы маусымға дайындалу үстінде. Бұл мекемеде түтін сыртқа шығарылмас бұрын тазартудан өткізіледі. Жыл сайын тазарту сапасы жақсарып, бүгінде 90-98%-ға жетті. Ал, №3 байыту фабрикасының қойыртпақ сақтайтын ашық қоймасының қоршаған ортаға тигізетін әсері айтарлықтай. Қойма беті толығымен сумен жабылып, ылғалданбайды. Нәтижесінде жаз айларында кестені сақтау мүмкіндігі болмай, ол тез кеуіп жатады. Оның үстіне жел көтерілсе болды, қаланы майда шаң басып кетеді. Бұл бағытта біздің тарапымыздан жоспарлы жұмыстар атқарылуда.

– Маман ретінде экологиялық жағдайға байланысты қала халқына қандай ұсыныс-тілегіңіз бар?

– Тіршілік көздері – ауа, жер, су тазалығын қорғау, сақтау – әр адамның міндеті. Оны күнделікті үйден шығаратын тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға жеткізуден бастау керек. Тұрмыстық қалдықтарды жинайтын орындар мен жәшіктердің саны көбейгенімен, тұрғындардың қоқыс шашуы азаяр емес. Жәшіктердің маңы үнемі қоқысқа толы болады. Соңғы кезде қоқысты жандырып кету жағдайы жиі кездеседі. Ол ауаны ластаумен қатар, адамдардың тыныс алуын нашарлатады. Сондықтан, халықтың денсаулығына әсер тигізетін экологиялық қауіп-қатерді азайту үшін табиғи ортаны тазарту бағытындағы нақты істерге бәріміз бірігіп, шындап кірісуіміз қажет.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.