Ел азаматы – 80 жаста

Шырайлы күннің шуағымен Сәтбаев қаласы өз мерекесін атап өтті. Сонымен бірге қатар келген мерейтой – қаламыздың Құрметті азаматы, ардагер кенші Қонақбай Сейтмағанбетұлының мерейлі 80 жасқа толуы. Қонақбай Сейтмағанбетұлы бүгінде халқынан тиісті бағасын алған, жерлестері, бірге қызмет еткен достары ерекше құрмет тұтатын аптал азаматтардың бірі. Адам өмірінің жүріп өткен жолына, тындырған істеріне қарап, құрмет көрсететін де шақ осы болар. Ал, Қонақбай ата өзінің еңбегінің арқасында құрмет пен зейнетін көріп, кешегі бейнетін елесе еңбегінің жемісі деп есептейді. Жезқазған өңіріндегі кен орындарында қызмет еткен, Қонақбай ата үшін Шығыс Жезқазған кенішінің алар орны тым бөлек. Өткен аптада «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің ұжымы атынан Шығыс Жезқазған кеніші кәсіподақ комитетінің төрағасы Қ.Әбішев, қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы С.Мұхаметалина, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Т.Қапарова, «Нұрлы жүрек» қоғамдық бірлестігінен А.Аманжолов ардагерді мерейлі мерейтойымен арнайы құттықтай келіп, С.Мұхамедалина қала әкімі С.Т. Медебаевтың алғыс хаты мен сыйлығын тарту етті. Жезқазған өңірінде аянбай еткен еңбегі, кен өндірісінде қалдырғаны өшпес ізі жайлы айта келе, Қ.Әбішев өндірістік бірлестік атынан грамота және мыстан құйылған құйманы тарту етті. Атайдың қажымай еткен еңбегінің жемісті жылдарының белгісіндей кеудесінде «Октябрь революциясы», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдары жарқырап тұр. Ал, еңбегі үшін алған наградаларын айтпаса да болар. Шаңырақ көтеріп өмір жолында бірге қол ұстасып 55 жыл отасқан жұбайы Сәуия Қуанышбайқызы отағасының қуанышын бөлісіп, қайғысына ортақтасты. Талай шәкірттерді тәрбиелеп, білім ордасынан ұшырған Сәуия әжей де биыл 80 жасқа толып отыр. Бұл күні Қонақбай атаның үйіне жиналған қонақтар жылы лебіздерімен қатар ұзақ жыл еңбек етіп, кеншілер арасында салған сара жолы жастарға үлгі деп атап айтты. Өмірде қарапайым халыққа жақын атай мен әжейге біз де шын жүректен дендеріне саулық, берекелі де баянда тұрмыс тілейміз. Гауһар Әжібаева.

Комментарии закрыты.