Тандау жасалды

20130816-02-1Өткен аптаның басты жаңалықтарының бірі – селолық округтер мен кенттердің және ауылдық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау науқаны болды. Елімізде өткен осы   саяси маңызы бар науқан біздің кеншілер қаласында да ойдағыдай өтті. Жезқазған кентінің әкімін сайлаған қалалық мәслихаттың депутаттары өз таңдауларын жасады.

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл сайлау елімізде өткізіліп жүрген бұрынғы сайлаулардан мүлдем басқаша болды. Оның өту тәртібі ғана емес, атының өзі құлаққа тосын естілгені анық. Өйткені, бұл сайлау елімізде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Жұртшылық биыл алғаш рет ауыл әкімдерінің сайлауына куә болды. Иә, куә болды. Себебі, әкімге үміткерлерді халықтың өзі емес, олардың қалаулылары, яғни, жергілікті мәслихаттың депутаттары сайлады.

Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан – 2050 Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Мен жергілікті басқаруды дамыту тұжырымдамасын бекіттім. Ол ауылдық, селолық деңгейде басқару сапасын арттыруға мүмкіндік жасайды және азаматтардың жергілікті маңызы бар мәселелерге қатысуын кеңейтеді.

Біз селолық әкімдіктерге қосымша өкілеттіктер береміз және олардың ауылдағы ахуалға ықпалын күшейтеміз.

Бірақ, сонымен бірге, бізге қоғамдық бақылауды,  жергілікті жерлердегі ахуалға азаматтардың ықпалын күшейту керек. Сондықтан мен мәслихат арқылы ауыл әкімдерінің сайланбалылығын енгізу туралы шешім қабылдадым», деп атап көрсеткен болатын. Міне, Елбасының осы тапсырмасы бүгінде жүзеге асырылды.

Жер-жерлердегі сияқты Сәтбаев қаласында да әкім сайлауы үлкен дайындықпен басталды. Жалпы, Жезқазған кенті әкіміне үш үміткер тіркелген болатын. Олардың бірі кенттің бұрынғы әкімі Асылхан Сәдуақасов болса, екіншісі – оның орынбасары Ғабит Шахтаев, ал үшінші үміткер – қалалық төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс істері бөлімінің бас инспекторы Ғани Қасымов.

Қаламыздағы Ш. Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында орналасқан сайлау учаскесі өз жұмысын сағат онда бастады. Учаскеге қалалық мәслихаттың депутаттары мен сайлау комиссиясының мүшелері, қоғамдық бірлестіктердің бақылаушылары мен үміткерлердің сенімді өкілдері  жиналған соң, қалалық сайлау комиссиясының төрайымы Нина Геймбух сайлаудың өту тәртібімен таныстырды.

Бұдан кейін сайлау комиссиясының мүшелері бюллетень салатын жәшіктің аузына мөр басты. Сондай-ақ, сайлау бюллетеньдері ел алдында саналып, артық бюллетеньдер бөлек конвертке салынды. Дауыс беру аяқталған соң ол бюллетеньдер ел көзінше жойылды.

Дауыс беру сағат 11-де басталды. Депуттаттар өздерінің сайлау учаскелері бойынша бюллетеньдерін алып, жабық түрде дауыс берді. Дауыс беруге қалалық мәслихаттың 12 депутаты  толық қатысты.

Дауыс беру аяқталған соң сайлау комиссиясының мүшелері бюллетеньдерді санап шықты. Қорытындысы бойынша Үміткер Асылхан Сәдуақасов 9 дауыс, Ғабит Шахтаев 3 дауыс алды. Ал, Ғани Қасымовқа дауыс берілмеді.

Сайлау туралы заңға сәйкес, қалалық сайлау комиссиясы Жезқазған кентінің әкімі болып Асылхан Сәдуақасов сайланғаны туралы шешім шығарды. Бұл шешім облыстық сайлау комиссиясына, қала әкіміне және қалалық мәслихатқа тапсырылатын болды.

Сайлаудан кейін қалалық сайлау комиссиясының төрайымы Нина Геймбух саяси доданың өту барысымен және қорытындысымен таныстырды.

– Жезқазған поселкесінің әкімін сайлау науқаны ойдағыдай өтті. Қоғамдық бақылаушылар мен үміткерлердің сенімді өкілдері тарапынан ешқандай заң бұзушылық тіркелген жоқ. Дауыс беруге тіркелген 12 таңдаушы жүз пайыз қатысып, өз таңдауларын жасады, – деді ол.

Додадан соң біз депутаттарды да әңгімеге тарттық. Алғашқы болып сөз алған дапутат  Жақия Күнеділов бұл сайлау еліміздегі демократияның бір көрінісі екенін атап өтті.

– Сонымен бірге, сайлау әкімдердің ел алдындағы жауапкершілігін арттыра түседі. Халық сайлаған әкім болғандықтан, олар елдің пікірімен, арыз-шағымымен бұрынғыдан ширақ жұмыс істейді деп үміттенеміз, – дейді Жақаң.

Ал, депутат Серік Орал бұл сайлау депутаттардың да өзіне үлкен жауапкершілік жүктеп отырғанын тілге тиек етті.

– Егер әкімдер шалыс басып жатса халықтың өз қалаулыларына деген сенімі төмендеуі мүмкін. Өйткені, біз халықтың атынан таңдау жасап жатырмыз ғой. Сондықтан, өз таңдауларымызды дұрыс жасауға тырыстық, – дейді ол ағынан жарылып.

Әріптестерінің ойын жалғаған депутат Тоғызбай Тәжбенов ендігі жерде әкімдердің жұмысын халық қана емес, олардың қалаулылары – депутаттар да қадағалап, қолдан келгенінше көмек жасап отыратынын айтып өтті.

Қалай дегенде де, елімізде тұңғыш рет өткізілген саяси дода мәреге жетті. Оның нәтижесінің қандай боларын уақыт көрсететін болады.

Ізтай Белгібайұлы.

Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.