Нысандармен танысу жалғасуда

Өткен аптаның ортасында қала әкімі Әнуар Омар бастаған топ қаламыздағы әлеуметтік маңызы бар шағын және орта бизнес нысандарын аралады.

20130816-00

Қала басшысының алғашқы ат басын тіреген кәсіпорны – ЖК «Гелисханова» болды. Бүгінде жеке кәсіпкер Лариса Гелисханованың зауыты индустриалдық-инновациялық жобаға кіретін жұмысты қолға алып отыр. Аталмыш кәсіпорында биобутанол өнімдерін және шығыршықты тіректер шығарумен айналысады. 2011 жылы ашылған зауыт қосалқы бөлшектер шығаруға байланысты «Қазақмыс» Корпорациясымен келісім-шарт жасасқан. Бүгінгі күні жеке кәсіпкердің өнімдері сұранысқа ие болуда.

Қаланың өндірістік ұйымдарын аралау барысында қала әкімі «СарыарқаНан» ЖШС-не барды. 1961 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл кәсіпорын күніне 5 тоннаға жуық нан және нан өнімдерін шығарады. Қазіргі таңда зауытта 80-ге тарта адам еңбек етеді. Бұл Сәтбаев қаласын ғана емес, сонымен қатар, оған жақын орналасқан елді-мекендерді 45 теңгенің әлеуметтік нанымен қамтамасыз етіп отырған ұйым.

– «СарыарқаНан» ЖШС қаладағы сапалы нан өнімдерін шығаратын бірден бір зауыт. Барлық технологиялық кезеңдерді сақтай отырып өндірілетін нанның салмағы 700 грамм болып, талапқа сай екендігі көрініп тұр. Біздің мақсатымыз – үкіметтік бағдарламалар арқылы зауыттың материалдық базасын жаңарту, заманауи жабдықтарды орнату, нанның сапасын жақсарту және кондитерлік өнімдердің түрін көбейту. Жергілікті атқарушы билік тарапынан бұл бағытта жүргізілетін жұмыстарға қолдау көрсетіледі, – деді қала әкімі Әнуар Омар.

Марал Шахаева.

Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.