Шәкіртімді мақтан тұтамын

20130816-06-2Өзімнің 60 жылдық денсаулық саласындағы бай тәжірибемде көптеген шәкірт тәрбиелеп, өсіріп-өркендетіп, бүгін солардың қуаныш-қызықтарына ұстазы ретінде бөленудемін. Осыдан 40 жыл бұрын қолына скальпель ұстатып, хирургия мен жарақат таңудың әліппесін үйреткен оқушыларымның бірі – Сәтбаев қаласы Дәрігерлік-санитарлық бөліміндегі терең білікті, медицинаның сан алуан саласымен шұғылданып келе жатқан реабилитолог-маман Муфтахиденов Сансызбай Баязитұлы.

Емхананы аралап жүріп шәкіртімнің кабинетіне көзім түсіп, Сансызбайдың жағдайын біліп, қол жеткізген табыстарымен таныстым. Көптен бері көрмеген шәкіртім құшақ жайып қарсы алды. Ұстазын көргенде қуанышында шек жоқ. Амандық-саулықтан соң Сакең әңгіме-дүкеннің аузын ашты. Соңғы кездескенімізге де біраз жылдар өтсе керек. Сол арадағы қол жеткен табыстарын баяндай бастады. Әңгімесі жарқын, бір шегі жоқ дастан. Реабилитология деген сөз латынша ауырған адамды сауықтырып, сау қалпында қалыптастыру деген мағынада.

Шәкіртім алдыма медицина журналдарында жарияланған ғылыми еңбектерін жайып салды. Оның ең негізгісі – бүгінде жастар арасындағы жиі тараған сколиоз деген кеуде сүйектерінің формаларының өзгеріп, дем алуына, жүрек соғысына өзінің зиянды әсерін тигізуі жайында екен. Сансызбай сколиозды ұзақ жылдар емдеп, сауықтырып қалпына келтірген, оның дамуын тоқтатып, өз деңгейінде қалыптастыратын екі түрлі корсет ойлап шығарған, оған рационализаторлық ұсыныстары да бар. Дәрігердің ұсынысымен вибростол да ауруларды емдеуге енгізілген. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, өзі емделіп жүргенде «Қазақмыс» корпорациясының басшысы В.С.Ким істетіп берген екен. Бүгінде қызығын халық көріп отыр. Сансызбай маған мұңын шағып:

– Өмеке, осындай емдеу мүмкіншілігі мол столды әрбір мектепке орнатып қойса оқушыларды талай ортопедиялық аурулардан сақтар еді, – деп бір күрсініп қойды.

Дәрігер мүмкіншілігінде әр салада резервтегі ем-домдары бар. Олар: магнитпен емдеу, бес айдай оқып, қолында сертификаты бар ине салып емдеу тәсілдерін де толық игерген. Диабет, спайка ауруларын, терапия мен гинекологиялық ауруларды емдеген нәтижелері ғылыми журналдарда басылып жарық көрген. Республиканың бас травматолог-ортопедімен тығыз байланыста, әрбір қол жеткізген табыстары олардың қолдауын табуда. Біздің бір жаман әдетіміз – барды байқамаймыз, көз алдымыздағыны көрмейміз. Осындай бай тәжірибесі бар дәрігердің біліктілігін, ғылыми жетістіктерін осы екі қаланың мамандары практикаға неге пайдаланбасқа?! Уақытында бұл өте тар, айналатын жері жоқ, емі шипалы кабинетте комбинат директорлары В.Гурба, Т.Урумов, корпорация басшылары В.Ким, Р.Юн, обком партия хатшылары, горком, горисполком басшылары ем алған. Жақсыны көрмеу деген осы болар. Шипалы емін халқына ұсынып отырған майталман маманға жан-жақты көмек көрсетіп, сүйемелдесе Сансызбайдың еңбегі ақталар еді. Халық оның игілігін көрер еді.

Өмірбек Мұқанұлы, республикаға еңбегін сіңірген дәрігер, Медицина ғылымының кандидаты.

Комментарии закрыты.